МӘЛІК ҒАБДУЛЛИННІҢ ҮШ БІРДЕЙ ЖАҚСЫЛЫҒЫН КӨРГЕН МАЙДАНГЕР

Соғыс деген шын мәнінде өрескел

қателіктердің  каталогі

Уинстон Черчилль

Қарт Қаратаудың бөктерін бойлап зырғып келеміз. Жол теп-тегіс, жылдамдықты асыруға болмайтын шектеулер жол жиегіне қаптап  қойылыпты. Үлкендердің  жол жүрерде «Жол апатынан  сақтай гөр»- деп бата беріп жататыны тегіннен-тегін емес.

Елімізде  Ұлы Отан Соғысына  қатысқан майдангерлеріміздің үйін аралап құрмет көрсетіп  жатқан бетіміз.  Түркістан облысында Ұлы Отан Соғысына қатысқандардан бар жоғы сегізі ғана қалыпты.Өмір-өзен ағып жатыр тоқтаусыз.

Махмұтбай Әміреұлының Дархан мінез, дария ой, дара шыңдар, Жарқын жүзді, жүрегі ақ, жаны асылдар, Арамызда жүретін алшаң басып, Майдангерлер азайып барасыңдардеген өлеңі тұппа тура шындықты айтып тұр.

Созақтың Сызғанында тұратын майдангер ақсақалды бір екі рет іс-шараларда көргенім болмаса жақын араласып әңгімелескен емес едім. Артық сөйлемейтін, сабырлы ақсақал бір нүктеге қарап алып ойға шомғандай кейіпте, артық әңгімеге араласа бермейтін. Мүмкін қадірі де  орнымен сөйлеуінде болса керек.

Майдандағы ерлігі бір бөлек, білім саласындағы парасатты басқарудың үздік тәсілдерген меңгерген ҚР Оқу ағарту саласының  үздігін Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен қүттықтап әрі сұхбаттасуға бүгін арнайы шыққан бетім.

Келіншектаудың етегіндегі, Қаратаудың қара тасын жарып әр жерден бүлк-бүлк етіп шығып жатқан бал бұлақтар Қозмолдақ-Сызғанды көк майса сазға айналдырып, көздің жауын алады. Биік қырдың басында Саңғыл би кесенесі орналасқан. Алдымен Саңғыл бидің кесенесіне барып құран бағыштадық.Кесененің маңдайшасына «Ұраның-қоңырат, құсың-қыран, ағашың-алма ағашы, таңбаң-ай» деп жазылыпты. Тарих дейміз, тарихты адамдар жасайды. Ақылың асса, өткен жолың ұрпаққа өнеге-үлгі, айтқан дәйекті сөзің ұран болып атыңды өшірмейді. Соның бірі Саңғыл би Саңғыл би шамамен 1180 жылдарда өмір сүрген. Жазушы С.Бақбергенов Саңғыл бидің Шыңғыс ханға жақын жүруін, Қаратау бөктеріне қоныстауын Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртеге  туыстығынан деп жазады. Белгілі турколог, академик Рахманқұл Бердібайдың еңбектерінде Саңғыл руының түбірі мен тегін  Шыңғыс ханды таққа отырғызғандардың бірі Саңғыл би болған десе, белгілі қоғам мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев «Елдік пен ерлік» («Егемен Қазақстан», 14.03.1997) мақаласында сенімді түжырымдар жасайды. Тарихта жазылған тағы бір дүние қазақтардыңҚоқан хандығының бодандығында болғаны жөнінде. Саңғылдан тараған ұрпақтардың біріҚұрымбай датқа қоқандықтардың қолынатүсіп,біраз уақыт қапаста отырған Кенесарыны орта жүздің атынан барып мәміле жасап босатып алғаны туралы ғалымдар зерделеген деректер бар.  Сондықтан жақсы сөзін айта алатын, тоқтам сөздің иесі  әр ауылда абыз ақсақалдың алар орны бөлек. Қаратау елінен шыққан әйгілі   Қожамберді шешен кесек тұлға, оның баласы Бапыштан тараған жүз шақты күйдің авторы Төлеген Момбеков дәл осы Саңғыл бидің ұрпағы. 1979 жылы Төлеген Момбековты бір отырыста көрдім, шертпе күй тартқанда дене бойың шымырлап қоя береді, саусақтары қандай үлкен пернелерді қалай басатынына таң қалдым,егер күй тартқанын көрмесем кетпенші деп ойлар едім. Нағыз талант. Жас сәбидің   жұдырығындай басмармақпен күй тартады екен деп  ұйықтасаң  түсіңе енбес. Бүгінгі кездесуге  баара жатқан майдангер  жасы тоқсан тоғызға жетіп жүзді алқымдаған Мырзахмет Жылысбаев та Сағыл бидің  ұрпағы.

Қалың қазақ елінің елдігін білдіретін, ынтымаққа шақыратын дала дипломатиясын жасағандар  қазақ билері. Қазақ сөзге тұрған, бидің сөзі  соңғы кесім болған. Билердің әділдігі таразыға салынбаған, өйткені шешімді әділ қабылдаған. Қазақ биінің кесімі-өз заманының заңы, шешімі арқылы даулар реттелген. Билердің шешімінің үстемдігін  халық мойындаған. Қазіргі кезде  қазақ билері институты өзінің жұмысын елді бірлікке, ұлттардың біртұтастығына  бағыттап. Ұлттық дәстүрлерімізді сақтай отырып, тұрақтылықты сақтауды негізге алып жұмыс жасау қажет.

Уақыт өзгерменмен татулық, мейірім, әділдік ұстанымдары  қоғамның дамуымен бірге ілесіп жүре береді. Егер де біз осы  ұстанымның біреуінен ауытқысақ тепе-теңдік формуласын жүзеге асыра алмай қаламыз.Демек, әділеттілік ұстанымы өз деңгейінде болмаса, қоғам  мен мемлекет арасындағы алшақтық ұлғайа түседі. Ал, қоғамның әрбір мүшесі әділеттілікті сезінген жағдайда ғана адамдардың  мемлекетке деген сенімі артып, қанағаттану индексі жоғарылайды. Бұндайды ертеректе « көңілі тоқ, көйлегі көк» деп бір теңеумен  тұжырымдаған.

Бүгінгі  кездесуге  баара жатқан майдангер  жасы тоқсан тоғызға жетіп жүзді алқымдаған Мырзахмет Жылысбаев та Сағыл бидің  ұрпағы.

Ауылдағылардың үйі қазір қаладағылардан еш кем емес,  ауласы тап-тұйнақтай  үйге кіре берістен-ақ ұқыптылық, жинақылық көрініп тұр. Шашылып жатқан  шелек, сыпырғы да көзіме түспеді. Бәрі  орны-орнымен  жайғастырып қойылса керек.  Кіре берістегі дәліз арқылы Мырзахмет ата отырған бөлмеге кірдік.Төрде орден,медальдарын  қатарластырып тағып алған  ардагеріміз қасқайып бізді күтіп отыр екен. Ақсақалдың отырысы қандай жарасымды. Жапа-тармағай амандасып жатырмыз. Амандық саулық сұрасып бола салысымен  соң өзімді,қасымдағылардытаныстырдым Қалима, қызым мен сені жақсы танимын, газетке жазған  мақалаларың, әңгімелерің арқылы жақсы білемін. Жазуың ұнайды. Облыста әйелдерден сенен басқа  жазатын әйел жоқ-ау деймін, ақындарды айтып жатқан жоқпын, әйтеуір сенің жазғандарың көп шығады.Шетінен қалдырмай оқимын.Жалпы мен газетшілмін, газеттің қолыма түскенін жібермеймін деді.  Жақсы сөз кімге  жақпасын ішім жылып сала берді. Жүзге келіп қалса да қолынан газет түспеген ақсақалға даген құрметім арта түсті.

–  Ата рахмет. Көп қой жазатындар қазір көбісі әлеуметтік желіге шығарады деген сөзіме бірден Жақсы шығарма міндетті түрде газетке  шығады, мықты редакторлар өздері тауып жариялайды, өйткені  газетке  оқырман тарту, қызықтыру оларға да тиімді деді. Атамыздың кесек ойына, есте сақтау  қабілетіне сүйсіндім. Сөзі түзу, ойы орнықты болып осы жасқа дейін дастархан басында әңгімелесуге жарап отырғаны  осы кітап, газет оқудың арқасы екен-ау!

– Ата көзілдірік киесіз ба деп сұрағаныма жоқ кимеймін, біраз уақыт бұрын бір көзіме хрусталл салдыртқанмын, үкімет жақсы ғой, әкімшілік  жағдай жасап  тегін ота жасалған. Келесі жылына екінші көзіңізге де ота  жасап берейік деген дәрігерге , Айналайын  бір басқа бір көз де жетеді дегенімде  дәрігерлер іштерін басып күлді деді. Біз де шыдай алмай  күліп алдық.   Осыған тәуба, мұқтаж жандарға жасап бере берсін отасын деп жасатпапты. Нағыз  шүкіршілік, қанағатшылдықтың тірі үлгісі.

Мырзахмет ақсақал Қозымолдақта дүниеге келіпті. Бір жасқа толар толмаста әкесі  дүниеден озыпты, содан анасы Хатша шыбықтай кезінде  жиырма жетісінде жесір қалып Мырзахметті  жеткізіпті. Асыл жар, аяулы ана деп осындай қазақтың  әйелдерін айт. Жесір әйелге талай адамның көзі түскенмен анасы ешкімге иіліп көрмеген.                                                                           Анасы Хатша туралы майданда жүрген  қайнылары елге жазған хаттарында – «Жүр ме екен  аман-есен шіркін Хатша, Жолында  қарамаушы ед алтын жатса» деп амандығын сұрайды екен.                                                                                   Осы өлең жолдарын айтқан кезде қарлығыңқырап қалған дауысы қатты-қатты, көтеріңкі шықты. Ақсақалдың анасына деген бала махаббатын, ананың  жарына деген адалдығына деген құрметін, мақтаныш сезімін байқадым. Жүзге келсе де жүрегі  әлі бала, қандай табиғаты  таза азамат. Әр ананың перзенті осындай-ақ болсын. Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анасына деген сағынышын, қимастығын Мырзахмет ақсақалдың  қартайғандағы бала сезімін, бала үнін  ұғыну үшін   анасына деген ерекше құрметін қасында отырып  құлағыңмен тыңдау керек. Ақсақалдың дауыс ырғағы, үн тербелісі  анасы туралы  теңеуді айтқанда өзгеріп, жасарып сала берді.  Көңіл күй құлпыруы  деген осы болар. Анаға деген жүректі жарып шыққан құрметтен, қимастықтан, сағыныштан айнала жарқырап сала берді.  Хатша апамыздың отызға жетпей жесір қалғанын,  әкесінің  төсегіне деген анасының адалдығын  майдангер ұлы   бағалап отыр. Шіркін баланың бәрі осындай болса ғой…. Не деген  отбасындағы шыңырауды еңбек  пен адалдық арқылы   жеңген нәтижесі мол  үлгілі тәрбие.Тәрбие болғанда қандай, ұлтымызға үлгі болар тәрбие.

Ары қарай әңгімеміз жалғаса түсті.  Мырзахмет ата Қозмолдақтағы жеті жылдық мектепті бітірген соң  егінге қарауыл, табельші, сауат ашу мектебінде  мұғалім болып жұмыс жасаған.   1944 жылдың қазанында  әскерге алынып, Чкалов қаласы маңындағы әскери полигонда  жаттығып, майдан даласына аттанады. Белоруссия майданында  генерал-полковник Батовтың №92 автоатқыштар полкында соғысады.Дәл осы сәттер оның табандылығын көрсететін  жауапты  уақыт болатын. Барынша өршіл, намышылдығымен жаудың мықты тіректерін бұзып, көптеген селоларды азат етуге қатысты. Соғыстың соңғы кездері болса да   алған бетінен қайтпайтын, мақсат қоя білетін  қайсар мінезімен  өзге жауынгерлерге үлгі болды, ерліктері ескеріліп «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды.                                                                                                           Жеңіс күні жарияланған соң жауынгерлер елге орала бастады, алайда  оны   әскерде қалдырып 1945-1950 жылдар аралығында  құпия бөлімінде іс жүргізуші болып қызмет атқарды. Осылайша Қозмолдақ-Сызғаннан шыққан қара бала құпия қызметтің қыр-сырын  біліп тәжірибе жинақтады. Құпия қызметті жақсы игере бастағанын көрген әскери басшылар қызметті ары қарай  жалғастыру қажеттігін, барлау қызметін ұсынды. Қызмет болғанда қандай  құпиябарлауға қызметке  Жапония, Қытай, Корея, Вьетнам, Монголия    елдері ұсынылды.  Бас тартты. Полковник оған қарап тұрып  басыңды  істет, осы жұмысты жалғастыр, бес жыл құпия оқуды меңгердің,  тәжірибең де бар деп ақылын айтқанын тыңдамастан, екі көзі төрт болып отырған  анасын ойлап елге оралып, 1950-1953 жылдар аралығында Созақ селосындағы В.И.Ленин атындағы  мектепте жәй мұғалім болды. Осы тұстарда  майданнан алған темір тәртіп пен ерекше  талпынысының пайдасын көрді. Бұнымен шектелмей жоғарғы білім алуды көздеп 1953 жылы Алматыдағы  КазПИИ-ге құжат тапсырып,емтиханды тапсырғанмен конкурстан өте алмай қалды.  Әрі бері сандалып, әр есікті қағып  жүріп қайтсе де оқуға ілінудің  жолын іздеп   Оқу министріне өтініш хат жолдады. КазПИИ -дің ректоры  өзі сияқты майдангер  Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин  екенін біліп алып не болса министрден хат келсе   қабылдап қалар деген үмітпен ауылға қайтпады. Күнде деканның есігіне тиыштық бермей хабар алып тұрды.

Сол кездегі хаттар мен шағым-өтініштер қараусыз қалмайтын  бір апта өтті-ау дегенде  декан Сені бүгін ректор қабылдайды  алысқа кетіп қалма деген соң деканатты айналшықтап жүрдім. Бір кезде декан мені  ректорға алып кірді. Орнынан тұрып қолымды алды, қасындағы қабырғаға тақау тұрған орындықта ұзын бойлы орта жастағы кісіні парторг деп таныстырды. Көп сөзге келген жоқ соғысқа қатысқан екенсің   балың төмен болған емтиханды қайта тапсырасың деді. Не деген қарапайым есікке дейін  арқамнан қағып шығарып салды. Арқадан қағудың күш беретінін сонда түсіндім. Емтиханды  тапсырдым, химия биология факультетіне қабылдандым. Осылайша Мәлік Ғабдуллиннің  бірінші жақсылығын көрдім. Оқуға түсерін түстім-ау, бірақ жатаққана да жоқ,  стипендия да ала алмаймын. Группадағылардың бәрі жап-жас он жеті-он сегізде, мен жиырма жетідемін. Ешкіммен шүйіркелесіп сөйлесе де алмаймын. Түрім де ересек көрінетін айнаға қарап байқаймын. Олар бір төбе мен бір төбе.Бір айды итшілеп өткіздім.Көп ұзамай Өзбекстанға мақта теруге  баратын болдық. Деканым қасыма келіп егер де мақта терудің нормасын орындамасаң  бірінші болып сен шығарыласың оқудан деген соң,   таң ала кеуімнен  қасқарайғанша мақта теріп  қапшық-қапшық мақтаны жайып  кептіріп, күніне екі ретсәскеде бір, кешке тағы да өткізетін болды. Күнделікті норма 100 кілә болса мен 250 кілә теріп передовик болдым, оны аз десең   әр кіләға санап рубль береді, Осылайша  бір ай өткенде  еңбекақымды алып Ташкенге жігіттермен  бірге барып  ГУМ-ға барып шырттай киініп алдым. Қолымда ақша бар. Бір күнде-ақ көңілім көтеріле бастады, группадағылар да жақсы араласып кеттім. Жиым-терім біткен соң екі үш күнге ауылдарыңа барып келіңдер  деп деканымыз бәрімізді босатты.

Қолымда Ташкен шаһардан алған  төрт бұрышы темірмен әшекейленген боялған тастай картон шамадан. Іші тола  қыстық, жаздық киімдерім. Ауылға келіп  екі үш күн  анамның қою шәйін ішіп,  сүр  етін жеп рахаттанып жолға шықтым. Автобус жоқ. Пойызды ешеім көрмеген.Жалпы Созақ ауданында темір жол болмаған. Топырақ жолдың бойында қол көтеріп тұрғанымда қауын артқан машина тоқтап ,Алматыға жетіп алдым. Жол ақысын  қауынның иесіне берсем алмай қойды , содан не керек Алматытағы  базардың дәл  қақпасының алдына келіптоқтады да үйреншікті әдеті болса келісіп шығамын деп қауынның иесі қақпадан  ішке кіріп кетті іле-шала қауындарын  шофермен екеулеп түсіре бастады. Қол қусырып  тұру ыңғайсыз рахмет деп кете салуға қысылып мен де шамаданды қоя салдым да   бірге қауындарды түсірісе бастадым. Қауынды жеген жақсы, түсіру  уақыт алады екен. Қара терім шықты. Кеш батып барады. Түнейтін жерім де жоқ, үстімді қағып сілкіп шамаданымды  әкетейін десем  шамаданым үшті-күйлі жоқ. Ешкім ештеңе білмейді. Базардағы милициялар отыратын пунктке барып арыз жаздым. Бір милиция бетіме қарап тұрып  қазақы бала бала емес, кім шамаданын қараусыз қалдырады  деді. Киім де жоқ, документ те  жоқ Өстіп бәрінен жұрдай болып мойным салбырап, ұнжырғам түсіп институтқа келдім. Алғашқы кезде жігіттердің киімін ауысып киіп жүрдім,. Қашанғы бере бере берсін, олар да қиналатынтүр көрсете бастады.Күн суый бастады, ешкімде артық қысқы киім жоқ, тағы да ректорға Мәлік Ғабдуллинге  кіріп көмек сұрадым. Кәсіподақ төрағасын шақырып алып аздап ақшалай көмек берейік бірақ көп емес, ал құжаттарыңды түбірінен алдыртып беруге көмектеседі деп тағы бір жігітті шақырып алды тапсырма берді, Бұл студент соғысқа қатысқан, қалада ешкімі жоқ сен осы тапсырманы тездетіп бітір сосын айтасың  маған дед. Стипендия сұрап бөлек өтініш жазып барған  қағазыма  бұрыштама   қойып берді,сөйтіп стипендия да алатын болдым.Осылайша Мәлік Ғабдуллиннің екінші жақсылығын көрдім. Жасым отыз бірге келгенде институтты бітірдім. Диплом аларда Мәлік Ғабдуллин алдын-ала шақырып алып Біз сені шет елдердегі қазақ мектептерінің біреуіне мұғалім етіп жіберуді  шешіп отырмыз дегенде,шошып кеттім де алда жылда маған жаныңыз  ашыса елге жіберіңізші  анамнан обал  жиырма жетісінде жесір қалып менің жолымды   күтіп жүр еді түсініңізші деп  өлердегі сөзімді айтып едім, Бұл саған берілген мүмкіндік еді, бұндай жолдама кез-келгенге берілмейді, ал сен лайықты едің деп біраз уақыт үнсіз қалды.  Менің алған бетімнен қайтпайтынымды сезген Мәлік Ғабдуллин  ананың қадірін білген жақсы, сәттілік тілеймін  деп Созақ ауданына жолдама берді.

Осылайша Мәлік Ғабдуллиннің үшінші жақсылығын көрдім.     Туған топыраққа оралып  бар білгенімді оқу тәрбие жұмысына жұмсадым. Жиырма төрт жыл үздіксіз мектеп директоры болдым.Қай жерде мектептерде жұмыс  төмен болса мені жіберетін.   Бауыржан Момышұлы айтқандай  «Соғысқа бір кіріп шыққанның өзі ерлік деп»  Мырзахмет Жылысбаевтың  майдандағы ерлігі бір төбе, құпия барлаудағы еңбегі екінші төбе,  ұрпаққа білім беріп тәрбилеу ісіндегі еңбегі үшінші төбе, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің алдына кіріп  өтініштерін айтуы төртінші төбе,  осының бәрі қазіргі жас буынның бойынан табылуы  қажет қайсарлық пен табандылықтың белгісі. Еңбек пен ерлік шыңдаған майдангермен қимай қоштастық. Қызым  80 жылдыққа  аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы той жасап бермекші, тойымның қадірлі қонағы бол шақырамын деді  орнынан тұрып жатып. Елге  ұстын, ұрпаққа үлгі, асыл сүйек, тәспісінен жаңылмаған  көркем мінезді майдангердің тойы Қаратау бөктерінде дүркіреп өтетініне  сенімдімін.

«AMANAT» партиясы

Түркістан облыстық филиалы

атқарушы хатшысының орынбасары,

облыстық мәслихаттың депутаты

Қалыйма Жантөреева