«ОТБАСЫ LIFE» САЙЫСЫНДА ТӨЛЕБИЛІКТЕР ТОП ЖАРДЫ.

15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жас отбасыларға арналған «Отбасы Life» мерекелік-танымдық сайысы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас отбасыларды қолдау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді насихаттау, сондай-ақ татулық пен ұйымшылдықты, өзара сыйластықты нығайту болып табылады. Сайыстың ашылу салтанатына Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

« – Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.  Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Ата-ананың жүріс-тұрасы, сөйлегені, іс-әрекеттерінің барлығы барлығы бала үшін үлгі. Осы негізде бала алдында ата-ана өте байсалды, сабырлы болып, жақсы тәрбие көрсетуі керек. Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Отбасы –сыйластық, жарастық орнаған орта. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие тал бесіктен басталады. Бүгінде өңірімізде өмірлері өнеге болып жүрген отбасылар аз емес. Бүгінгі сайыста бәсекелестікті емес, татулық пен тәрбиені насихаттайды»  – деді Ернар Бектаев

Сайыстың ашылу салтанатында көрермендер назарына ұлттық нақыштағы өнер бағдарламасы ұсынылды. «Айдай» би ансамблінің би қойылымы мен жас әнші Данагүл Ынтықбайдың «Әкем, анам» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сайыстың үйлесімді өтуіне нұсқаушы ретінде Бекқасым Диас пен Майлыбаев Асылбек өз үлестерін қосты. Облыстың әр түкпірінен келген 14 жас отбасы 4 кезең бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, эстафеталық жарыс, зияткерлік сайыс, спорттық кезең, шығармашылық өнер байқауы бойынша өзара бақ сынасты. Отбасы мүшелері ауызбіршілік пен бірліктің арқасында өз командаларын жеңіске жетелеп, жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. Зияткерлік сайыста әр жанұяның білімі мен алғырлығы сыналса, спорттық кезеңде шапшаңдығы мен төзімділіктері және шығармашылық кезеңде өнерге деген ынталары мен таланттық қасиеттері анықталды.

Сонымен, сайыс нәтижесіне сәйкес Төлеби ауданынан келген Абетаевтар отбасы 1 орынды жеңіп алды. Жүлделі 2 орынды кентаулық Набиевтар және түркістандық Аитметовтар отбасы иеленсе, Сауран ауданынан келген Тойбековтар отбасы және Шардара ауданынан келген Истургановтар отбасы 3 орынды місе тұтты.  Жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.