Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мәселелері талқыланды

Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің төрағалығымен «Заң және Тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтарын талқылау бойынша Үйлестіру кеңесі өтті.

Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Түркістан облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Асқар Сапарғалиев, облыстық ТЖД бастығы Асқар Төлешов, облыстық мәслихаттың депутаттары Алмас Салимов, Инара Намазбаева, Жанар Темірбекова, Динара Егамбердиева, сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс прокуроры өз сөзінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өмір сүру сапасын арттыру – басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, кибершабуылдардың алдын алуға және заманауи қауіп-қатерлерге ден қоюға, интернет алаяқтықпен күресті күшейтуге және қоғам дерті болған лудоманияның алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды.  Жиын барысында қатысушылардың назарына құмар ойындардың жетегінде кеткен адамның қандай қадамдарға баратын және оның зардабы жақындарына, отбасына қалай әсер ететіні жайында әзірленген бейне материал ұсынылды.

Түркістан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері де лудоманияға шалдыққан азаматтар өзінің мінезқұлқын басқара алмайтынын және көбінесе құмар ойындарды ұйқы, тамақ сияқты физикалық қажеттіліктерден және оқу, жұмыс, отбасы сияқты әлеуметтік қажеттіліктерден жоғары қоятынын атап өтті. Олардың көпшілігі үлкен ақшаға қол жеткіземін, ұтып аламын деп сенеді де, көп мөлшерде қарызға ақша алып, қарызға батып қалады. Қазіргі заманғы әлемдік медициналық практика ойынқұмарлық, яғни лудоманияны нашақорлық, токсикомания және алкоголизм сияқты басқа тәуелділік түрлерімен қатар қояды.

Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар құмар ойындарға эмоциялық тәуелділіктер белең алып бара жатқанын мойындап, жіті назар аудару қажет екенін хабарлап отыр. Сонымен қатар 14- 28 жас аралығындағы әрбір бесінші жас адамның ойынқұмарлыққа деген төзімділігі байқалған. Қазақстандық сарапшылар ойынқұмарлық героинге тәуелділіктен де жойқын болуы мүмкін екенін мәлімдеп отыр. Оның әсері отбасындағы қарым-қатынастан бастап кәсіби қызметке дейін өмірдің барлық саласында елеулі әлеуметтік және экономикалық салдарға әкеледі.

Кеңес барысында IT –технологияларды қолдана отырып, құқық бұзушылықтарды жедел анықтайтын жобаларды іске асыру қажеттігі атап өтілді. Прокуратура бастамасымен іске асырылып жатқан «Бұзушылыққа тоқтам», «Алаяқтан сақ бол», «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобалары, сондай-ақ Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің «Прокурорлық фильтр», «Қылмыстар картасы», «Қамқор» жүйелерінің жұмысытуралы презентациялар көрсетіліп, анықталған құқық бұзушылықтар туралы ақпарат берілді.

« – Түркістан облысының үйлестіру кеңесінің  отырысы өте нәтижелі өтті. Күн тәртібіндегі “Заң және Тәртіп” қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары жөнінде баяндамашылар пайдалы  ақпараттармен бөлісті. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда Қазақстан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басты. Президентіміз Әділетті, Жаңа Қазақстанды құруды тапсырды. Әділетті Қазақстан құру үшін дұрыс құндылықтар жүйесі мен саяси мәдениет қалыптастыру қажет екенін, сол жолда қажырлы еңбек ету керектігін айтты. Бұл ретте, азаматтармен тиімді ашық диалог жүргізу, жүзеге асырылып жатқан бастамаларды ел арасында түсіндіру, азаматтардың талап-тілектеріне жедел жауап беру өте маңызды. Сондықтан, бүгінгі өткізілген жиынның маңызы зор деп ойлаймын.  Прокуратура мен құқық қорғау органдары бірлесе атқарып жатқан жұмыстар жөнінде жақсы ақпараттар берілді. Солардың ішінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстарды ашуға құқықтық статистиканы қалыптастыруға бағытталған табысты жұмыс атқарылуда» – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров

Кеңес қорытындысында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейтіп, жұмыс барысында озық технологияларды қолдана отырып цифрлық шешімдерді жетілдіру туралы шешім қабылданды.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ – ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ

Лудоманияның мемлекеттік қызметке тікелей ықпалы бар. Мемлекеттік қызметкерлердің ойынқұмарлыққа шалдығуы олардың кәсіби қызметіне кері әсерін тигізіп жатады. Лудомания олардың жұмыс сапасын төмендетіп, маңызды шешімдер қабылдау кезінде эмоционалды тұрақсыздыққа алып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі адамдардың қаржылық қиындықтары сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыруы мүмкін, өйткені олар ойындарда жоғалтқан қаражаттарын қайтару үшін заңсыз жолдарға баруға ұмтылады. Сондықтан да қоғамдағы өзекті мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті семинар өткізді.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Н. Базарбек Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметшілеріне мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер, Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау, тәртіптік жаза қолдану мәселелері, мемлекеттік органдардың қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесінің жұмысын жетілдіру, икемді жұмыс кестесін және қашықтықтан жұмыс жасау мүмкіндіктерін қолдану, үстеме жұмыс істеу мен мемлекеттік қызмет өткеру бағытындағы өзгерістер туралы баяндады. Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабының 1-тармағы ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау жөніндегі алтыншы тармақшамен толықтырылғанын атап, құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу, бәс тігу қызметтен босатуға алып келетінін түсіндірді.

” Соңғы уақытта қоғам дертіне айналған лудоманияға қарсы заң жобасына Мемлекет басшысы өткен жылдың 8 шілдесінде қол қойды. Қазіргі таңда аталған заң жобасы күшіне еніп, қолданысқа енгізілді. Ең бастысы бұл- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы» Заңының 12 бабына енгізілген өзгеріс, яғни мемлекеттік қызметшілердің ойын мекемелерінде құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуына, белгіленбеген орындарда құмар ойындарына қатысуына,  телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернет арқылы ұйымдастырылған құмар ойындарына немесе бәс тігуге  қатысуына шектеу қойылуы. Оған бағынбаған мемлекеттік қызметші атқаратын қызметінен босатылады. Бұл өзгеріске дейін де Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне баруға тыйым салынған. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің ойын мекемелеріне баруының өзі әдеп нормаларын сақтамау болып есептеліп, ол үшін тәртіптік жауаптылық көзделген. Бұдан басқа, «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11 бабына сәйкес казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассалары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде тіркелген 6 казино, 9 ойын автоматы залы, 11 букмерекерлік кеңсе бар. Заңдағы тағы бір өзгеріс- енді ел аумағында лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынады. Заңсыз онлайн-казино ұйымдастырушылар қылмыстық жауапқа тартылады.” – деді Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Н. Базарбек.

Өзгеріске сәйкес 21 жасқа толмағандарға құмар ойынын ойнауға тыйым салынады. Әрбір адам бәс тігуге онлайн түрде өзіне 10 жыл мерзімге шектеу қоя алады. Өтінішті өз атынан eGOV қосымшасы арқылы беруі тиіс. Жақын туыстарының атынан арыз қабылданбайды. Бірақ берілген өтініш кері қайтарып алуға жатпайды. Дегенмен жақын туыстары, отбасы мүшелері азаматтың әрекет қабілетін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде уәкілетті органға жақынын құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Сондай-ақ ойын мекемелеріне  құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың, яғни мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ, мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар, борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдардың қатысуына тыйым салынады.

Расында қоғам үшін құмар ойынның тигізер залалы орасан. Лудоманияның алдын алуда, оған әуестенген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, оның жасап жатқан іс-әрекеті дұрыс емес екендігін жеткізу керек және құмар ойынан дер кезінде алшақтауға кеңестер беру маңызды. Сонымен қатар, семинарда мемлекеттік қызметшілердің қызметте де, қызметтен тыс уақытта да әдеп нормаларын сақтауды басты назарда ұстау керектігін жеткізді. Түсіндірме жүргізу жұмыстары одан әрі де жалғасады.