МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ – ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ

Лудоманияның мемлекеттік қызметке тікелей ықпалы бар. Мемлекеттік қызметкерлердің ойынқұмарлыққа шалдығуы олардың кәсіби қызметіне кері әсерін тигізіп жатады. Лудомания олардың жұмыс сапасын төмендетіп, маңызды шешімдер қабылдау кезінде эмоционалды тұрақсыздыққа алып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі адамдардың қаржылық қиындықтары сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыруы мүмкін, өйткені олар ойындарда жоғалтқан қаражаттарын қайтару үшін заңсыз жолдарға баруға ұмтылады. Сондықтан да қоғамдағы өзекті мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті семинар өткізді.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Н. Базарбек Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметшілеріне мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер, Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау, тәртіптік жаза қолдану мәселелері, мемлекеттік органдардың қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесінің жұмысын жетілдіру, икемді жұмыс кестесін және қашықтықтан жұмыс жасау мүмкіндіктерін қолдану, үстеме жұмыс істеу мен мемлекеттік қызмет өткеру бағытындағы өзгерістер туралы баяндады. Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабының 1-тармағы ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау жөніндегі алтыншы тармақшамен толықтырылғанын атап, құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу, бәс тігу қызметтен босатуға алып келетінін түсіндірді.

” Соңғы уақытта қоғам дертіне айналған лудоманияға қарсы заң жобасына Мемлекет басшысы өткен жылдың 8 шілдесінде қол қойды. Қазіргі таңда аталған заң жобасы күшіне еніп, қолданысқа енгізілді. Ең бастысы бұл- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы» Заңының 12 бабына енгізілген өзгеріс, яғни мемлекеттік қызметшілердің ойын мекемелерінде құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуына, белгіленбеген орындарда құмар ойындарына қатысуына,  телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернет арқылы ұйымдастырылған құмар ойындарына немесе бәс тігуге  қатысуына шектеу қойылуы. Оған бағынбаған мемлекеттік қызметші атқаратын қызметінен босатылады. Бұл өзгеріске дейін де Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне баруға тыйым салынған. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің ойын мекемелеріне баруының өзі әдеп нормаларын сақтамау болып есептеліп, ол үшін тәртіптік жауаптылық көзделген. Бұдан басқа, «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11 бабына сәйкес казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассалары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде тіркелген 6 казино, 9 ойын автоматы залы, 11 букмерекерлік кеңсе бар. Заңдағы тағы бір өзгеріс- енді ел аумағында лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынады. Заңсыз онлайн-казино ұйымдастырушылар қылмыстық жауапқа тартылады.” – деді Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Н. Базарбек.

Өзгеріске сәйкес 21 жасқа толмағандарға құмар ойынын ойнауға тыйым салынады. Әрбір адам бәс тігуге онлайн түрде өзіне 10 жыл мерзімге шектеу қоя алады. Өтінішті өз атынан eGOV қосымшасы арқылы беруі тиіс. Жақын туыстарының атынан арыз қабылданбайды. Бірақ берілген өтініш кері қайтарып алуға жатпайды. Дегенмен жақын туыстары, отбасы мүшелері азаматтың әрекет қабілетін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде уәкілетті органға жақынын құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Сондай-ақ ойын мекемелеріне  құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың, яғни мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ, мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар, борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдардың қатысуына тыйым салынады.

Расында қоғам үшін құмар ойынның тигізер залалы орасан. Лудоманияның алдын алуда, оған әуестенген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, оның жасап жатқан іс-әрекеті дұрыс емес екендігін жеткізу керек және құмар ойынан дер кезінде алшақтауға кеңестер беру маңызды. Сонымен қатар, семинарда мемлекеттік қызметшілердің қызметте де, қызметтен тыс уақытта да әдеп нормаларын сақтауды басты назарда ұстау керектігін жеткізді. Түсіндірме жүргізу жұмыстары одан әрі де жалғасады.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*