ТҮРКІСТАНДА 8 ОТБАСЫҒА БАСПАНА БЕРІЛДІ

Халықты баспанамен қамту маңызды мәселе. Түркістан облысында осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. ҚР Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында облыс орталығында әлеуметтік қолдауға мұқтаж 8 отбасыға демеушілердің қолдауымен жаңа баспананың кілті табысталды. Соның ішінде 4 отбасының баспанасына халық қалаулылары атсалысты. Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Мағауия Тұрысбеков пен Жомарт Абдибаев өз қаражаттары есебінен 4 мұқтаж отбасыға қуаныш сыйлады.

Үшқоңыр көшесінде орналасқан әсем де жайлы баспаналардың әрқайсысы 68 шаршы метрді құрайды. Үш бөлмелі баспаналар ас үй, жуынатын бөлмемен жабдықталған. Электр желісі, табиғи газ және ауыз сумен қамтылған.

Баспана кілтін табыстау сәтінде тұрғындар өз қуаныштарымен бөлісіп, демеушілерге алғыстарын жеткізді.Айта кетейік, бұл отбасылар облыс әкімінің жеке қабылдауында болып, баспана мәселесін көтеріп, көмек сұраған болатын. Өтініш қабылданды. Халық қалаулылары халық өтінішіне назар аударып, көмек қолын созды.
– Баспана мәселесі бүгінде өзекті. Үй кезегінде тұрған халық жыл сайын баспаналы болса деп тілеймін. Қолдан келсе мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді азаматтық парыз деп есептеймін. Мереке қарсаңында баспаналы болған отбасыларды қуаныштарымен құттықтаймын,-деді депутат М.Тұрысбеков!

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 23 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Жыл басынан бері 400-ден астам пәтер үлестірілді. Жыл соңына дейін тағы 500-ден аса пәтер беріледі деп жоспарлануда.