ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің тікелей бақылауында.

Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелер жергілікті тауар өндірушілерге өнімдерін делдалсыз, тікелей тұтынушыға сатуға жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың азық-түлікті нарықтағыдан 20-30% төмен бағамен алуына мүмкіндік беруде.

Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында Түркістан облысында 38 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Бұл дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер нарық бағасынан 20-30% төмен сатылуда.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалыптасқан облыс әкімдігінің Тұрақтандыру қорында азық-түлік көлемі жеткілікті. Бүгінде өңірде 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар.

Қаладағы сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында жұмысшы топтар мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Соңғы 1 айдың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз өсіргені үшін 59 сауда орнына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұлдар өндірілді.

Сонымен қатар ет бағасын тұрақтандыру жұмыстары облыс әкімдігінің бақылауында тұр. Ет өндіретін шаруаларға арнайы мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету арқылы сиыр еті базарларда 2 600 теңгеден саудалануда. Осылайша, сиыр етінің ең төмен бағасы Түркістан облысында қалыптасып отыр.

Статистикалық деректерге сәйкес, Түркістан қаласында тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа мен көкөніс өнімдерінің бағасы еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда төмен деңгейде.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны негізсіз өсірмеу мақсатындағы мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғат пайдалану мәселелері  жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.

Тұрақты комиссияның жұмысын комиссия төрағасы Сұлтан Көшенов жүргізді.

Комиссия отырысына облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, тұрақты комиссия мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Нұржан Әшіров, Жаңабай Ағабеков, Ғабиден Қапалбаев, Сүлеймен Арыстанов,Ербол Ералиев, Төрегелді Қалмұратов, Нұржан Сейітжанов, Еркебұлан Хандиллаев, Талғат Қаржауов, Қанат Нышанов, Гүлшат Мәлікова, Нұрайым Шақимергенқызы қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде Түркістан облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының есебі тыңдалды. Сонымен қатар, облыстық жер комиссиясының құрамын бекіту, Түркістан облысында ортақ су пайдалану Қағидаларын бекіту мәселелері талқыланды.

Депутаттар жауапты басқарма басшыларына сауалдарын жолдап, бірқатар мәселелерді бақылауға алуды ұсынды.

Тұрақты комиссия мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді сессияның қарауына енгізу туралы қорытынды қабылдады.

ДЕПУТАТТАР: ӨҢІРДЕГІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясы қарсаңында облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Тұрақты комиссия отырысына Алмас Салимов төрағалық етті. Комиссия отырысына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасарлары Талғат Қозбеков, Бейсен Тәжібаев, Ертай Алтаев, тұрақты комиссия мүшелері Ғалымжан Елшібай, Жанар Темірбекова, Қайрат Салыбек, Бахыт Басымбек, Қалыйма Жантөреева, Бегімбет Байғараев, Мырзахан Манапов, Уалихан Рахиев, Талғат Садуов, Байммахан Сүлейменов, күн тәртібіне байланысты шақырылған облыстық басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібінде Түркістан облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі, Түркістан облысының туризм басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі тыңдалды.

Сонымен қатар, Түркістан облысының ауылдық жеріне және кенттеріне, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтiк қолдау шараларының жүйесiн, оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау мәселелері талқыланды. Одан бөлек, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасына тәртіптік жаза қолдану туралы қаралды.


Тұрақты комиссия мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз пікірлерін айтып, аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.