СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАҢА СПОРТ НЫСАНЫ АШЫЛДЫ

Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ашылды. Заманауи талапқа сай салынып, жасыл төсенішпен жабдықталған жаңа нысан тұрғындар үшін спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Ашылу шарасында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жиналғандарды жаңа спорт алаңының ашылуымен құттықтап, оның қоғамдағы маңызын атап өтті.

«Дене шынықтыру мен бұқаралық спорт салауатты ұлт қалыптастырудың негізгі тетігінің бірі. Бүгін қолданысқа беріліп отырған нысан жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа жақын болуына жағдай жасайды. Осындай игі істі қолға алған кәсіпкер азаматтарға алғысымыз мол», – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Ауыл ақсақалдары да алаңның табысты қызмет етуі үшін ақ баталарын берді.

Жобаны жеке кәсіпкер, «Global Brok» компаниясының директоры Данияр Тоқбаев жүзеге асырды. Жалпы аумағы 1250 шаршы метрді құрайтын кешен жыл бойы тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік береді.

Алаңның ашылуынан кейін ересектер арасында кіші футболдан турнир басталып, оған 12 команда қатысты. Жалпы жаңа жобаның ашылуы бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, спортқа деген қызығушылығын арттыруға серпін беріп отыр.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*