ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 10 ГЕКТАР АУМАҚҚА ЗАМАНАУИ ТҰҚЫМБАҚ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Осы бағытта Сауран ауданы Шаға ауылдық округінде орналасқан жаңа әуежай тасжолының бойында жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын заманауи тұқымбақ салынуда. Жасыл белдеуде тұқымбақты құру жобасына тапсырыс беруші облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл аймақ» КММ, мердігер мекеме «Нинес» ЖШС.
Құрылыс барысымен танысу мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұқымбақты арнайы аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады. Облыс аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тиімді іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.
Заманауи орман тұқымбағының мақсаты – қала, аудан орталықтары мен елді мекендерді, сондай-ақ Түркістан қаласының айналасында құрылған жасыл белдеуді әртүрлі қылқан жапырақты, сәндік ағаш бұта көшеттерімен қамтамасыз ету.
Заманауи тұқымбақ жобасы 6 жылыжай, бассейн, көлеңкелеу және тамшылатып суғару жүйесі, жылыту қазандығы, орманшылар үйі, ұңғыма, бастырма, жертөледен тұрады. Қазіргі таңда газ, су, электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілген. Жобаның қуаттылығы 1 575 000 түп көшет өндіруге қауқарлы. Нысанның іске қосылу нәтижесінде 20-дан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар алдағы уақытта да облыстағы тұқымбақтардың аумағын кеңейту жоспарлануда. Аталған жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында.
Айта кетсек, 2026-2028 жылдар аралығында осы заманауи орман тұқымбағынан 1040,0 млн түп әртүрлі сәндік жапырақты және бұта тектес ағаш көшетін өсіру көзделіп отыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАНУАРЛАРҒА ЧИП САЛУ АРҚЫЛЫ ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫ ЦИФРЛАНДЫРЫЛУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Шаға ауылдық округінде жүзеге асып жатқан «Ветеринария саласын цифрландыру» пилоттық жобасымен танысты. Аталған жоба жануарларды чиптендіру арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Жоба құны – 4 млн теңге. Қуаттылығы – 5 мың дана лента. Қазіргі таңда 5 мың дана шағылысатын лента сатып алынып, аудан және қала деңгейіндегі жол бойында орналасқан шаруашылықтарға таратылуда. Бұл жұмыстар нәтижесінде жол-көлік оқиғаларын азайтып, жол бойындағы жануарлардың нақты есебінің жүргізіп және мал иелерінің жауапкершілігінің арттыру көзделген.
Чиптеу жүйесін енгізу нәтижесінде облыс көлеміндегі мал басының нақты есебі қалыптасады. Бұл өз кезегінде ветеринариялық іс-шараларды жоспарлауда, аурулардың алдын алу мен бақылауда, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар әрбір жануардың өмірлік тарихы – вакцинациясы, ем-шаралары, қозғалысы цифрлық форматта сақталып, бақылауға алынады. Осылайша, жануарларды чиптеу ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтып, саланы цифрлық жүйеге көшіруге және мал шаруашылығын тиімді басқаруға кең мүмкіндік береді.
Жалпы чиптеу – цифрландыруға оң әсерін береді және өмірлік тарихы бақыланады. Үй жануарына 1 рет салынады. Жалған мал басын субсидиялауға жол берілмейді. Несиеге алынған жануарлардың көрсету фактілері жойылады. Жануарларға егілген вакциналық іс-шараларды сканер арқылы оқып дерекқорға жылдам енгізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 109 бірыңғай байланыс орталығы ветеринария саласында іске қосылып, ауыл тұрғындары ветеринар мамандардың қызметіне жүгіну, бағалау және кері байланыс беру мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі күнге дейін 441 өтінім түскен. Жоба аясында ақылы қызметтерге автоматты төлем жасау үшін QR код орнатылған. 109 бірыңғай байланыс орталығын дамыту және ЖИ жүйесін енгізу бағытында мердігер компаниямен келісімшарт жасалды.
Сапар барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жануарларды есепке алу, вакцинациялау мен ветеринариялық қызмет сапасын арттыру ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті міндеттердің бірі екеніне тоқталып, салада цифрландыруды одан әрі жандандыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ пилоттық жобаны зерделеп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Айта кетсек, соңғы жылдары ветеринария саласына ерекше көңіл бөлініп, материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылуда. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, салаға нақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, 2025 жылы жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңгеге 85 дезинфекциялық автокөлік сатып алынса, қосымша бюджеттен 34,4 млн теңгеге төл алу мен өнімділік көрсеткішін арттыру мақсатында 17 УДЗ сканер аппараты жеткізілді.

ЖЕТІСАЙДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР АГРОӨНДІРІСТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУ ЖОБАСЫН СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА

Түркістан облысында ірі жобаларды қолға алып, кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың қатары артуда. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компания өкілдерімен кездесіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан және болашақта жоспарланған инвестициялық жобаларды талқылады.
Нұралхан Оралбайұлы өңірдің инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін атап өтіп, Түркістан облысы шетелдік капитал үшін сенімді әріптес бола алатынын жеткізді.
– Екіжақты тиімді жобаларды әрқашан қолдауға дайынбыз. Шетел азаматтарына жер берілмейді. Дегенмен, мемлекетпен немесе жергілікті шаруалармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Мәселелер болса, шешуге дайынбыз. Бастысы – жұмыс жүріп, нәтиже болуы керек, – деді облыс басшысы.
Түркістан облысында Қытай елінің үздік тәжірибесі негізінде су үнемдеу жабдықтарын өндіру қолға алынды. Осы мақсатта Жетісай ауданы Асықата кентіндегі индустриалдық аймақта «Altyn kun group» ЖШС бастамасымен агроөндірістік кешенді дамыту жобасы іске асырылуда. Компания Асықата кентіндегі индустриалды аймақта 8 гектар аумаққа 4 зауытты іске қоспақ. Бүгінде шетелдік инвестиция есебінен жобаның бірінші кезеңі бойынша 4 гектар жерге қуаттылығы 3000 тонна болатын ПВХ құбырын өндіру зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 3 млн/метр тамшылатып суару лентасын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Қалған 4 гектар жерге қуаттылығы 5000 тонна агрономикалық пленка өндірісі мен 5000 тонна гранула өндірісі іске қосылады. Инвесторлар жобаны іске асыру үшін 10,0 млн АҚШ долларын салмақ. Биыл жобаны толық іске асырып, 100 жаңа жұмыс орны ашу көзделген.
«Altyn kun group» ЖШС құрылтайшысы Лю Кесонг 3 ай көлемінде жобаның алғашқы өндірістік желісін іске қосқанын айтып, облыстық және аудандық әкімдікке қолдау білдіргені үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар смарт технология арқылы егін егуге ниетін білдіріп, қолдау сұрады. Қытайлық серіктестері қызығушылық танытып, Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға арнайы келгенін айтып, таныстырды. Құрылыс, сауда және агросала өкілдері жобаларын ұсынды.
Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен Түркістан облысы экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Нәтижесінде 146 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал, Жетісай ауданына 2025 жылдың 11 айында 42,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 110,6 пайызға жетті. Оның ішінде, жеке кәсіпорындардың инвестиция көлемі 26,3 млрд. теңгеге жетіп, НКИ 113,9 пайызды құрады.