ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕРДІҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» кешенінде Қазақстан Республикасында қоғамдық кеңестердің құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлерін мерейлі сәтпен құттықтады.


– Баршаңызды Қоғамдық кеңестер институтының құрылғанына 10 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – азаматтық қоғамның орны айқындалып, мемлекет пен халық арасындағы ашық диалогтың дамығанын білдіретін маңызды белес. Өткен он жыл ішінде қоғамдық кеңестер қоғамдық бақылаудың пәрменді тетігіне, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда қоғамдық кеңестердің рөлі ерекше. Жуырда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді жариялады. Мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі өзгерістер мен рухани дамуы бағытындағы бастамалар көтерілді. Міне, осы Құрылтайда айтылған маңызды ойлар мен идеяларды Түркістан жұртшылығы да қолдап, оң пікірлерін білдіріп жатыр. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, оның алғашқы отырыстары өтіп жатыр. Маңызды комиссияға облысымыздың атынан да өкілдер қатысуда. Бұл да жергілікті жердегі азаматтық қоғам институтына деген сенімнің көрінісі. Алдағы уақытта да қоғамдық кеңестер әділетті қоғам құру, заң үстемдігін нығайту, ашықтық пен сенімді арттыру жолында белсенді жұмысын жалғастырады деп сенемін. Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деген Нұралхан Көшеров бірқатар белсенді азаматқа марапат тапсырды.

Жиында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиев, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Алмас Салимов және облыстың Құрметті азаматы Шәріпбек Жамалбеков құттықтау сөз сөйледі. Облыс өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, халық әндері мен отандық және шетелдік композиторлардың танымал әндерін орындады.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 18 қоғамдық кеңес нәтижелі жұмыс атқарып, өңірлік маңызы бар мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. 2025 жылы барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің 226 отырысы және 107 қоғамдық тыңдау өткізіліп, шешімдер қабылданды. Соның ішінде 270 мемлекеттік орган басшыларының есептері тыңдалып, қоғамдық кеңестің мүшелері өзекті мәселелер бойынша 258 қоғамдық мониторинг жұмыстарын жүргізген.

Қазақстанда балаларды шетелде емдеу қажеттілігін 50%-ға төмендету жоспарлануда

Диагностика мен емдеудің озық технологияларын енгізу шетелдік клиникаларға жіберілетін балалар санын екі есе азайтуға мүмкіндік береді. Үкімет отырысында жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.

Оның айтуынша соңғы үш жылда шетелге туыс емес донордан бағаналы жасушаларды трансплантациялауға балаларды жіберу 3 есеге, ал кардиохирургиялық емге жолдау 5,2 есеге қысқарды. Жыл сайын 2 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық операциялар жасалып, жүрек ақаулары дер кезінде түзетілуде. Биыл протондық, йодтерапия және тамырлы ақауларды емдеу толық қолжетімді болады.

Біз ми ісіктері мен тамырлы патологияларды бір сатылы емдеу үшін гибридті операциялық бөлмелерді енгізіп жатырмыз. Қызметті жаңғырту аясында 36 балаға “гамма-пышақ” аппаратында радиохирургиялық операциялар жүргізілді.

Жыл сайын 400 балаға есту импланттары орнату бойынша операциялар жасалады, орта есеппен 700 шала туған нәрестеге ретинопатияны түзету жүргізіледі. Жоспарланған іс-шаралардың барлық кешені азаматтардың шетелге емделуге жіберілуін 50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді💬, — деп атап өтті министр.

Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласындағы реформалар жүзеге асырылуда

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты шаралар қабылданып, олардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Атап айтқанда, Президенттің бастамасы бойынша балалардың құқықтарын қорғау, білім беру сапасын арттыру, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында елеулі іргелі реформалар мен заңдар қабылданып, жүзеге асырылуда.

2025 жылғы статистика мәліметтері бойынша елімізде 7 миллионға жуық бала (6 902 492 адам) бар, бұл жалпы халықтың 34%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда тұрақты демографиялық даму негізінде балалар саны 1,5 миллионға артты💬, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ Президенттің бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық балалардың шоттарына түседі. Түскен қаражат оқу ақысын төлеуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жұмысы аясында 120-ға жуық әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Елімізде орта білім тегін екені белгілі.

Бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі. 1-11 сынып оқушылары тегін оқулықтармен қамтамасыз етілген.

Бұдан басқа, көмектің 49 түрін қамтитын әлеуметтік қолдау жүйесі жүзеге асырылуда. Жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы 25 миллиард теңгеге көмек көрсетілді.

Бүгінгі таңда балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған 10 негізгі заң қабылданды.

 

 

 

«Тәуелсіздік ұрпақтары» – 2025: Аида Балаева жеңімпаздарды марапаттады

Астанада биылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Елдің түкпір-түкпірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік саладағы отыз үздік жобаның иелері елордаға жиналды. Әр жеңімпазға 3 миллион теңге көлемінде грант сертификаты табысталды.

Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады. Ол жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, барлық бастамалар жас ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.

«Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуының алдағы бағытын айқындап, жаңа кезеңнің стратегиялық міндеттерін нақтылап берді. Қазіргі қабылданып жатқан шешімдер мен жүзеге асып жатқан реформалар жастарға сапалы білім алып, өз әлеуетін толық іске асыруға, бәсекеге қабілетті, саналы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тарихи кезең – тек өзгерістер уақыты ғана емес, болашаққа деген сенімді нығайтатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды дәуір деп айтуға толық негіз бар», – деп атап өтті вице-министр.

Аида Балаева жеңімпаздарды құттықтап, жаңа бастамаларына табыс тіледі. Сондай-ақ ол жастарды ынталандыру мен қолдауға бағытталған басқа да жобалар туралы айтты. Олардың қатарында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттің арнайы әдеби сыйлығы, журналистерге арналған «Үркер», «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы бар.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының бастамасымен дарынды әрі болашағынан үміт күттіретін жастарды қолдау мақсатында 2021 жылы құрылған. Осы уақытқа дейін аталған грант 123 қазақстандықтың идеясын іске асыруға және дамытуға мүмкіндік берді.

Биыл конкурсқа 6 бағыт бойынша 1700 өтінім келіп түсті, оның 1622-сі қабылданды. Олардың қатарында Қазақстанның мәдени мұрасын мен ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, мәдениет пен өнерді дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, IT және волонтерлік саладағы стартаптарға, сондай-ақ креативті бизнес-идеяларға бағытталған жобалар бар.