Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекеніне табиғи газ берілді. Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті. Ізгі тілегін жеткізіп, бұл жұмыстар Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының жарқын көрінісі екенін атап өтті.
Сонымен қатар салтанатты шараға Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева, аудан әкімдігінің өкілдері, жергілікті тұрғындар, жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының мамандары қатысып, тұрғындарды құттықтады.
« – Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді ел игілігі жолындағы үлкен жетістік – елді мекендеріміздің табиғи газға қосылуымен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл қуанышты жаңалық әр отбасының тұрмыс сапасын арттырып, үйдің жылуын, тіршіліктің жайлылығын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Көгілдір отынның келуі – әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, экологиялық ахуалдың оңалуына және ауданымыздың экономикалық дамуына серпін береді. Бұл – мемлекетіміздің халық қамын ойлаған нақты істерінің нәтижесі. Әр шаңыраққа береке, молшылық, амандық тілейміз! Үйлеріңіз әрдайым жылы, өмірлеріңіз шуақты болсын!» – деді, аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев
Жобаны жүзеге асырған – «KazBuildCo» ЖШС. Газ құбырының ұзындығы – 10,700 шақырым. Нәтижесінде аудандағы жалпы 50 елді мекеннің 39 елді мекені (78%), 48 221 халықтың 43 778-і (90,8%) табиғи газбен қамтылды. Бұдан бөлек, биыл 8 елді мекенді (Ақжар, Қаратас, Тұрақты, Алмалы, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас, Шұқыршақ) газдандыру құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда, Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылады.
Айта кетейік, бұған дейін аудандағы Жыланды, Жоғарғы Боралдай, О. Тайманов, Теректі елді мекендері табиғи газға қосылған болатын. Бұл ауылдарға газ беру салтанатты түрде іске қосылды және жергілікті тұрғындар үшін көгілдір отын қолжетімді болды. Ал, Қазата елді мекеніне газ тарту жұмыстары 2025 жылдың көктемінде арнайы мердігер «Birlik Stroy1» ЖШС арқылы жүзеге асырылды. Бұл жерде 10,335 км газ құбыры жүргізіліп, 173 абонентке газ берілді. Бұл газдандыру жобалары тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартады, жылыту шығындарын азайтады және әлеуметтік-экономикалық жағдайды нығайтуға ықпал етеді.
