Түркістан облысында соңғы жылдары табиғи газбен қамту мәселесі өңірлік дамудың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкімет бекіткен бағдарламалар аясында облыста газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуге зор үлес қосуда. Табиғи газ – қазіргі заманғы ең тиімді әрі экологиялық таза отын көздерінің бірі. Түркістан облысында елді мекендерді газбен қамту арқылы тұрғындар бұрынғыдай көмір, отын немесе сұйытылған газға тәуелді болмай, қолайлы әрі қауіпсіз тұрмысқа қол жеткізуде. Әсіресе ауылдық жерлер үшін көгілдір отынның келуі үлкен жеңілдік әкелді. Үй жылыту, ас дайындау, тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу бұрынғыдан әлдеқайда оңай әрі үнемді бола түсті.
Осы мақсатта 2025 жылы 87 нысанның құрылысы қолға алынды. Соның ішінде 45 жобаның құрылысы аяқталса, қалған 42 жобаны биыл аяқтау жоспарланған. Жыл қорытындысымен 70 мың халқы бар 41 елді табиғи газбен қамтылды. Нәтижесінде облыста газдандыру деңгейі 606 елді мекенге жетіп, 75,1 пайызды құрады. 1,9 млн халық «көгілдір отынмен» қамтылып, қамту деңгейі 88,9 пайызға жетті.
Газдандырудың тағы бір маңызды қыры – экологиялық ахуалдың жақсаруы. Қатты отынды пайдаланудың азаюы ауаға таралатын зиянды қалдықтарды төмендетіп, қоршаған ортаны қорғауға оң әсер етуде. Бұл өз кезегінде халық денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.
Облыста газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Магистральды және ішкі газ құбырларын тарту, автоматтандырылған газ тарату станцияларын салу, елді мекен ішіндегі желілерді жаңарту сияқты ірі жобалар қолға алынған. Бұл жұмыстар тек ірі қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарды да қамтып отыр. Газ инфрақұрылымының дамуы өңірдегі инженерлік желілердің жалпы сапасын арттырып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың салынуына жол ашуда. Мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен мәдениет үйлерінің газға қосылуы бюджет шығындарын оңтайландырып, мекемелердің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде.
Табиғи газдың қолжетімді болуы кәсіпкерлік пен өндірістің дамуына да оң ықпалын тигізуде. Газ – көптеген өндірістік нысандар үшін негізгі энергия көзі. Осыған байланысты өңірде шағын және орта бизнес субъектілері көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Наубайханалар, жылыжай кешендері, өңдеу цехтары сияқты кәсіпорындар газдың арқасында өнім көлемін арттырып, өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік алып отыр.
Сонымен қатар газ инфрақұрылымының дамуы инвестициялық тартымдылықты арттырады. Инвесторлар үшін дайын инженерлік желілері бар аумақтар аса маңызды. Бұл Түркістан облысының өндірістік және аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашады.
Өткен жылы, Созақ ауданындағы автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы толық аяқталып, газға қосылды. Бұл қыс мезгілінде магистральді газ құбырын өшірмей, кез келген уақытта газ алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Еврохим магистральді газ құбырында тазалау, құбыр бойындағы крандарды тексеру, қысымдаудан өткізу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігімен газ құбырын қосу бойынша арнайы жол картасы бекітілді. Одан бөлек, Сайрам ауданындағы Құтарыс және Қызылжар елді мекендерін газға қосу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқталып, газға қосылды.
Газдандыру – тек экономикалық жоба ғана емес, әлеуметтік маңызы бар бастама. Көгілдір отынға қосылған ауылдарда халықтың өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсарып, жастардың туған жерінде тұрақтап қалуына жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде ауылдардың дамуына, әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуына ықпал етеді.
Облыс басшылығы алдағы жылдары газбен қамтуды одан әрі кеңейтуді мақсат етіп отыр. Жоспар бойынша қалған елді мекендерді кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосу арқылы өңір халқының басым бөлігін көгілдір отынмен қамтамасыз ету көзделуде.
Түркістан облысында табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды әрі нәтижелі жүргізілуде. Бұл бастама халықтың тұрмысын жеңілдетіп, экологиялық жағдайды жақсартумен қатар, экономиканың дамуына және инвестициялық әлеуеттің артуына зор серпін беріп отыр. Көгілдір отын – өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып қала береді.
