ЖАҢАШЫЛ ЖАСТАР – ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ КЕПІЛІ

Қоғамның дамуы мен өркендеуі көбінесе жастарға байланысты. Себебі жастар – елдің тірегі, мемлекеттің белсенді бөлігі. Олар жаңа идеяларды енгізіп, өзгерістердің көшбасшылары бола алады. Сондықтан олардың ең басты міндеті — жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тұрақты даму үшін алға жылжу.
​Осы ретте, Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің әр өңірінде алғаш рет талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын жас басқарушылардың тобын қалыптастыру мақсатында,
Президенттің 2023 жылғы 15 маусымдағы № 255 Жарлығымен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадр резервін қалыптастыру және одан тағайындау Қағидалары бекітіліп, 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде өңірлік кадр резерві қалыптастырылды.
​Бұл бастама – мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және
жас, білікті кадрларды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды қадам.
​Өз кезегінде, облысымызда Кадр комиссиясының шешімімен өңірлік кадр резервіне 30 адам іріктеліп алынды. Бұдан басқа, Президенттік жастар кадр резервінен іріктеусіз 2 адам қабылданып, жалпы резервшілер саны 32-ні құрады.
​Бұл тұста, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өңірлік кадр резервіне қабылданған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурссыз тағайындала алады.
​Бүгінде облыстағы 32 резервшінің 20-сы тиісті лауазымдарға тағайындалды.
​Айта кету қажет, жастар қоғамның негізгі қозғаушы күштерінің бірі бола отырып, жаңашыл ойлауымен, белсенділігімен және жауапкершілігімен ерекшеленеді.
​Сондықтан, олардың энергиясы мен тың көзқарасы мемлекеттік қызметте басқару үдерістерін жетілдіруге, шешім қабылдаудың тиімділігін арттыруға және халықпен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
​Осы орайда, жастарды мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістерді тиімді пайдалана отырып, мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға шақырамыз.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Наурызбай Абылайхан Дағыстанұлы

КЕНТАУДА 200-ГЕ ЖУЫҚ КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКЕН

Кентау қаласында соңғы үш жылда 200-ге жуық көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті. Нәтижесінде шаһардағы үйлер 85 пайызға жаңғыртылды. Сондай-ақ, өткен жылы 5 қабатты 60 пәтерлі әлеуметтік несиелік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жеке мердігердің есебінен 3 қабатты 30 пәтерлі 2 тұрғын үй құрылысы аяқталды. Бұл туралы брифингте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов брифингте мәлімдеді.

«Кентау қаласында қазіргі таңда 234,6 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Өндіріс орындары іске қосылған кезде 1 768 жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, өңірдің индустриализация әлеуетін дамыту мақсатында қала аумағында Арнайы экономикалық және Индустриалды аймақ жұмыс істейді. Қазіргі таңда Арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 5,1 млрд теңгеге 3 жоба іске қосылып, 310 жұмыс орны құрылған. Биыл 8 млрд теңгеге 4 жоба жүзеге асырылып, 430 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал, Индустриалды аймақта өткен жылы 2,7 млрд теңгеге 7 жоба іске асырылып, 184 жұмыс орны ашылған. Бүгінгі таңда 3,3 млрд теңгеге 3 жобаның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 150 жұмыс орны құрылатын болады», – деді қала әкімі.

Атап айтқанда, Арнайы экономикалық аймақта интернет желісі үшін қажетті оптикалық кабель өндіретін «КENTAU CABLE INDUSTRIES» ЖШС-ң зауыты бой көтеруде. Жоба құны – 1 млрд теңге, онда 100 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, құрал-жабдықтарға арналған металл шкафтарын құрастыратын «ELECTROCORE» ЖШС-ң өндіріс орны бар. Құны 1 млрд теңгеге бағаланып отырған зауытта 60 азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, жалпы құны 5,5 млрд теңгеге бағаланып отырған «TURAN SHENHUA» ЖШС-ң тоңазытқыш шығаратын зауыт жобасы да жүзеге асырылуда. Онда 250 адамға жұмыс орнын ұсынуға мүмкіндік бар. Ал, индустриалды аймақта темір торлар мен құрылыс блоктарын және асфальт-бетон қоспаларын өндіру зауыттары секілді ауқымды жобалар жүзеге асады.

«Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында 2025 жылы атқарылған жұмыстарының нәтижесінде жалпы өнім көлемі 101,6 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 117,5%-ға артып отыр. Ал, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 33,8 млрд теңгеге жетсе, өнеркәсіп өнімінің көлемі 59 млрд теңгені құрады. Туризм саласында бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, қала аумағында 2 қонақ үй кешені және Хантағы ауылында жеңіл конструкциялы «Khantau» глэмпинг демалыс аймағын салу көзделген. Сондай-ақ, биыл «Қаратау» қорығы аймағында құны 150 млн теңгеге туристерге қызмет көрсететін «Визит орталығы» жобасы жүзеге асады. Инфрақұрылыммен қамту бойынша шаһар тұрғындарының 94%-ы табиғи газға қосылса, тозығы жеткен жылу қазандықтары 87%-дан 25%-ға төмендеді. Өңір тұрғындары 100% ауызсумен қамтамасыз етілсе, 78,1%-ы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, қала көшелерін жарықтандыру көрсеткіші 100%-ды құрап отыр. Кентау қаласы және оған қарасты ауылдарды қоса алғанда жалпы 365 шақырымды құрайтын 416 көше бар. Өткен жылы 16,5 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 90,5%-ға жеткен.», – деді шаһар басшысы.

Айта кетерлігі, былтыр қалада тұрақты және уақытша жұмысқа – 6 327 азамат, субсидияланатын жұмыс орындарына – 1 570 тұрғын жолданған. Ал, жаңа бизнес жобаларды іске асыру үшін 89 азаматқа мемлекеттік грант берілген.

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ 100 ПАЙЫЗ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН ГАЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Ауданда былтыр 14,6 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 35,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы арқылы 80 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл осы бағытта 100 пәтерді пайдалануға беру көзделуде. Аудандағы елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Аймақта электр желісімен қамту көрсеткіші – 98,4 пайыз. Қазіргі уақытта аудандағы 61 елді мекеннің 55-і көгілдір отынмен қамтылып, көрсеткіш 90,1%-ды құрап отыр. 2027 жылға қарай аудан аумағы 100 пайыз орталықтандырылған газ жүйесімен қамтылатын болады. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов мәлімдеді.

«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 2025 жылы 21 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен 12 елді мекенде 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы аудан бойынша 4 медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Осы жылы ауданда 4 медициналық мекеменің құрылысы басталмақ. 2025 жылы мемлекеттік бюджет есебінен Шарбұлақ ауылынан 300 орындық, жеке инвесторлар тарапынан Сарапхана ауылынан 500 орындық және Қазығұрт ауылынан 600 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, ауданда былтыр 15 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 35 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін салалық басқармаға ұсыныс енгізілген» – деді аудан басшысы.

2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 162,8 млрд теңгені құраған. Ауданда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өнім көлемін арттыру мақсатында Тұрбат ауылында 60 гектар жерге «ТҰРБАТ» агроиндустриалды аймағы құрылған. Нысанды жыл соңына дейін толық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарлануда. Аталған аймақта 416 адам жұмыспен қамтылатын болады. 2025 жылы негізгі капиталға 47,9 млрд теңге инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткішті 56 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделуде. 2025 жылы ауданда 83,1 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Аталған салаға 25,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда ауданда 510 гектар аумаққа тамшылатып суару әдісі енгізілсе, биыл 600 гектарға жеткізілмек. 2025 жылы ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 534,6 млн теңгеге 65 жоба қаржыландырылса, осы жылы 1,2 млрд теңгеге 98 жобаны қаржыландыру көзделіп отыр, 2025 жылы 78,6 шақырым канал механикалық тазалаудан өткен. Биыл 85,5 шақырым каналда тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
«Сонымен қатар, 2026-2027 жылдары 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде, «Қарқын 2030» ЖШС-ң «Заманауи америкалық әдіспен 5 000 басқа мал бордақылау алаңының» құрылысы, «Agro-irrigation» серіктестігі тарыпынан «Гофрленген ауыз су мен кәріз құбырларын жасап шығару» зауыты, «Ай-Зере» серіктестігі тарапынан «Заманауи қыш өндірісі» зауытының құрылысы басталады», – деді аудан әкімі.