ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН КҮТІП ҰСТАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысы аумағында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, жолдардың бойында 107 көпір және 625 су өткізгіш құбыр бар.

Республикалық жолдарда Шымкент-Қызылорда бағытында тәулігіне 22 250 көлік, Шымкент-Тараз бағытында тәулігіне 14 622 көлік, Шымкент-Ташкент бағытында тәулігіне 24 668 көлік, ал Жібек жолы-Жетісай бағытында тәулігіне 16 758 көлік қатынайды.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалының «ҚАЖсервис» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан қазіргі уақытта көктем-жазғы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары жүріп жатыр.

Атап айтқанда, жол жамылғысындағы ақауларды жою, тосқауыл қоршауларын түзету, жол бойындағы жабдықтарды әктеу және бояу, санитарлық-гигиеналық тораптарды күнделікті тазалау, мұзға қарсы материалдардың қалдықтарынан тазарту, тосқауыл қоршауларын жуу, жолдың жүру бөлігін және жол жиегін қоқыстан тазалау, жасанды құрылыстарды алу, жол белгілерін орнату және ауыстыру, жол бетіндегі таңбалау жұмыстары.

Жолдарды күтіп ұстау бойынша жоспарланған барлық жұмыстарды орындауға 58 бірлік техника және 184 адам жұмылдырылған. Бұдан бөлек, су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық бойынша 13 000 қап, 800 текше метр құм, 150 текше метр бут тас және 1 400 текше метр қиыршық тас қоспасы дайындалған.

Жалпы көктем-жазғы кезеңде 5 485 шаршы метр шұңқырларды жөндеу, 428 дана жол белгілері мен көрсеткіштерін орнату, 3704 метр доңғалаққа қарсы қоршау брусын түзету, 10 дана жол буферлерін орнату, 2638 шақырым жолды таңбалау, 30 дана жасанды кедергілер орнату, 8 шақырым жол жарықтарын бітеу жұмыстары жүретін болады.