Қазығұрт ауданында “Ұлттық спорт” күніне орай көкпардан ересектер арасында аудандық чемпионат басталды. Аталған дода ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көкпар спортының дамуына серпін беруге бағытталған. Спорттық сайысқа ауданның әр ауылдық округінен жиналған 8 команда қатысып, өзара тартысты ойын көрсетіп жатыр. Жарыс барысында шабандоздар өздерінің ептілігі мен батылдығын көрсетуде. Сондай-ақ, көкпар додасы көрермендерге ерекше әсер сыйлап, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыруда. Чемпионаттың финалдық кезең ойындары Қазығұрт тауы баурайында өтеді деп жоспарланған. Финалда үздік шыққан командалар анықталып, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болады. Мұндай ауқымды спорттық іс-шаралар жас ұрпақты салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеп, салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосады.
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетінде ат спортының орны айрықша. Соның ішінде көкпар халқымыздың батылдығын, ептілігін, шапшаңдығын және намысшылдығын танытатын ұлттық ойындардың бірі. Көкпарды жай ғана ат үстіндегі сайыс деп қабылдау жеткіліксіз. Оның астарында қазақтың көшпелі өмір салты, жылқыға деген ерекше құрметі, жігіттің азаматтық қасиетін шыңдау дәстүрі жатыр. Көкпардың тарихы тым тереңде жатыр. Қазақ даласында жылқы көлік қана емес, тұрмыс-тіршіліктің, еркіндіктің, ел қорғаудың және азаматтық мәртебенің символы болған. Ат үстінде еркін шауып, қиындыққа төтеп беру, найза ұстап, жауға қарсы тұру сияқты қасиеттер көшпелі өмір салтында маңызды орын алған. Осы ортада атқа міну мәдениетімен бірге түрлі ат ойындары да қалыптасты. Көкпар осындай дәстүрлі ат спортының ең танымал әрі күрделі түрлерінің біріне айналды. «Көкпар» сөзінің шығу төркіні туралы түрлі пікір бар. Халық арасында оның «көк бөрі» сөзінен шыққаны туралы түсінік кең тараған. Ежелгі көшпелі ортада қасқырды аулап, ат үстінде тартысудың болғаны туралы деректер мен аңыздар кездеседі. Кейін бұл дәстүр өзгеріп, арнайы ойын түріне айналған деген пікір бар.
Уақыт өте келе көкпардың ережелері қалыптасып, ойынның өзіндік тәртібі мен талаптары орнықты. Көкпардың басты ерекшелігі ат пен адамның бір-біріне деген үйлесімділігінде. Көкпаршы тек мықты шабандоз болып қана қоймай, атын шебер басқара білуі керек. Өйткені сайыс барысында көкпаршыға жоғары жылдамдықпен қозғалу, қарсыластың әрекетін бақылау, көкпарды іліп алу, оны қорғау және белгіленген жерге жеткізу қажет. Мұның барлығы үлкен күшті, төзімділікті, ептілікті және тәжірибені талап етеді. Ер қанаты ат» деген халқымыздың қанатты сөзі осының дәлелі. Атқа міну мәдениеті ұлттың тұрмысымен біте қайнасқан. Көкпар кезінде шабандоз бен тұлпардың біртұтас әрекет етуі осы дәстүрдің жалғасы іспетті. Жүйрік әрі төзімді ат көкпаршының басты серігі болса, тәжірибелі шабандоз оның мүмкіндігін дұрыс пайдалана біледі. Көкпардың тәрбиелік мәні де ерекше. Көкпар жастарды батылдыққа, ептілікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді.
