ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА БИЫЛ 500 ГЕКТАР АЛҚАПҚА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

Түлкібас ауданында биыл 6 ірі шаруашылық 500 гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «Кен Тау» ЖШС мен «Алмалы сай» АӨК әрқайсысы 50 гектардан, «Бірлік» шаруа қожалығы 125 гектарға, «Қызыл Жар» ЖШС 146 гектарға, «Елена и К» өндірістік кооперативі 42 гектарға, ал «Мақұлбек» ЖШС 115 гектар алқапқа заманауи суару жүйелерін енгізеді. Аталған шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығындарына мемлекет тарапынан қолдау ала алады. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіп саласында жаңа технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Өткен жылы ауданда 278 гектар егістік алқап пен жеміс бауларына су үнемдеу жүйелері енгізілген болатын. Соның нәтижесінде бұл технологияға қызығушылық танытқан шаруалардың қатары артып келеді. Қазіргі таңда аудан аумағында 3 мың гектардан астам алма бауы бар. Оның ішінде 700 гектар алқапта тамшылатып суару әдісі қолданылып, жоғары өнім көрсеткіштеріне қол жеткізілуде. Биыл бұл көрсеткіш «Кен Тау» ЖШС мен «Алмалы сай» АӨК есебінен тағы 100 гектарға ұлғаяды деп күтілуде.

Жалпы су үнемдеу технологияларын енгізу – су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға және өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

 

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ТОЛЫҚ АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ҚЫШ ЗАУЫТЫ ТӘУЛІГІНЕ 200 МЫҢ ДАНА КІРПІШ ӨНДІРЕДІ

Ордабасы ауданындағы Бадам ауылдық округі аумағында жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылындағы «Оңтүстік ЖБИ» кірпіш зауытының жұмысымен танысты. Аталған өндіріс орны 2012 жылдан бері құрылыс саласына сапалы өнім ұсынып келеді.

Қазіргі таңда кәсіпорын иесі Бегалы Мұхамедовтың бастамасымен зауытты толық жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталып, автоматтандырылған әрі роботтандырылған жүйеге көшіріледі.

Жаңғырту жобасының жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша жаңартылған зауыт биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 200 мың дана кірпіш шығаруға жетеді. Сонымен қатар, жоба аясында 20 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауытқа қажетті жоғары технологиялық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан жеткізілуде.

Аталған инвестициялық жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, құрылыс саласының дамуына тың серпін береді. Сондай-ақ, отандық өндірісті қолдауға және жергілікті экономиканы нығайтуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.