Құрметті кәсіпкерлер!

«Атамекен» ҰКП ҚР Президентінің *«Алтын сапа»* сыйлығына және *«Қазақстанның үздік тауары»* республикалық көрме-байқауына қатысу үшін өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды.

«Алтын сапа» сыйлығы – ұйымның өнім және/немесе қызмет сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін конкурстық негізде беріледі. Конкурсқа ҚР аумағында тауарлар өндірумен, қызметтер көрсетумен айналысатын ЖК және заңды тұлғалар қатыса алады.
*Сыйлық төрт номинация бойынша үш санатта (шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектісі) беріледі:*
1) «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»;
2) «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын»;
3) «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»;
4) «Азық-түлік тауарларын шығаратын үздік кәсіпорын және / немесе
ауыл шаруашылығы өнімін».
Сонымен қатар арнайы сыйлықтар қарастырылған: *«Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба»* , сондай-ақ жаңа арнайы сыйлық — «Цифрлық дамудың үздік жобасы».
Конкурсқа қатысу үшін өтінімдер 2026 жылғы 1 шілдеге дейін www.altynsapa.kz сайтында қабылданады.

*«Қазақстанның үздік тауары»* республикалық көрме-байқауы – жыл сайын жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға және Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қанықтыруға қызметін жандандыру мақсатында өткізіледі.

*Байқау үш номинация бойынша өткізіледі:*
1) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
2) «Халыққа арналған тұтынатын үздік тауарлар»;
3) «Үздік азық-түлік тауарлары».
*Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталады.*

Конкурс-көрмеге қатысу үшін өтінім беру www.altynsapa.kz сайтында немесе «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсын өткізу күніне *10 (он) күн* қалғанда өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы жүзеге асырылады.
*Байланыс нөмірі: +7 777 006 0909*

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50 МЫҢ БАСҚА АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ ФЕРМА САЛЫНУДА

Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеретін ірі жоба жүзеге асырылуда. Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Turkestan Agro.kz ЖШС базасында қолға алынған кешен толық қуатына шыққанда өңірдегі ең ірі өндірістік алаңдардың біріне айналмақ. Қазірдің өзінде мега-фермада 30 мыңға жуық мал бордақылануда. “Ақылды” ферма қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделген.

Жобаның жүзеге асуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында. Кешенді жүзеге асырып жатқан кәсіпкер Сырым Ертаевтің айтуынша, барлық өндірістік үдерістер, малды күтіп-бағу, азықтандыру және ветеринарлық қызмет – толық автоматтандырылған. Заманауи еуропалық технологияларды енгізу өнім сапасын арттырып, еңбек өнімділігін еселеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде дайын өнім ішкі нарықпен қатар Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда, ал алдағы жоспар –Түркия нарығына шығу.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Алғашқы кезеңде бордақылау алаңының құрылысына 2,9 млрд теңге, жаңбырлатып суару техникаларын алуға 1,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Екінші кезеңге мемлекет тарапынан 5,9 млрд теңге қолдау көрсетілуде. Қалған қаржы жеке инвестициялар есебінен қамтылған.

Кешенде аустралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісі қолданылуда. Бұл жүйе бойынша бордақылау алаңы арнайы секторларға бөлініп, мал жасы мен салмағына қарай топтастырылады. Әр топқа теңгерімді рацион автоматты түрде есептеліп, жүйелі күтім жасалады. Нәтижесінде малдың тез салмақ қосуы қамтамасыз етіліп, аурулардың алдын алу тиімділігі артады. Сонымен қатар санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға ерекше мән берілген. Әр сектор таза сумен қамтылып, қалдықтарды шығару жүйесі толық жолға қойылған. Мал ашық әрі кең алаңда еркін қозғалыста бағылады, бұл олардың табиғи күйін сақтап, стресс деңгейін төмендетеді. Мұндай тәсіл өнім сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс шығындарын оңтайландырады.

Бүгінде шаруашылықта қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қара өсірілуде. 4710 гектар алқапта мал азығы дақылдары егілуде, бұл кешенді толықтай өз жемшөбімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тәулігіне 50 мың басқа дейін 500 тонна жем беріледі. Жоба толық іске қосылғанда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 30-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кешен құрылысы жыл соңында толық аяқталады деп күтілуде.

Бұл бастама Түркістан облысының аграрлық әлеуетін күшейтіп, Қазақстанның ет өндірісі саласына жаңа серпін бермек.

 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫМЕН 2500 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ ЕЛДІ МЕКЕН КӨШЕЛЕРІ ЖАҢАРДЫ

ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне тоқталып, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Осыған орай, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғыртуды қажет ететін елді мекендердің тізбесін анықтап, тиісті қаржыларды бөлу арқылы олардың әл-ауқатын жақсарту көзделген.


Түркістан облысында жоба аясында 2019-2025 жылдары 136,5 млрд теңгеге 1 570 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде, 1 404 – инфрақұрылымдық нысандарының құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 2 421,3 шақырым ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті, 38 елді мекен газбен қамтылды, 6 елді мекенде су жүйелерінің құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді, 49 елді мекен сапалы электрмен қамтылып, жылу жүйелері қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, 166 әлеуметтік нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды.

Мәселен, 25 мәдениет үйі салынып, 16 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, 22 спорт кешені салынды, 3 спорт ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 1 стадион қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, 65 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 13 мектепке қосымша ғимараттар салынды, 13 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 8 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде 373 елді мекен тұрғындарының (1 млн астам халық) өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Жобаларды жүзеге асыру барысында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Жалпы 7 жыл ішінде Түркістан облысында 260 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып, 2 421 шақырым жол жөнделді. Бұл – бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруы, жастардың ауылда қалуына, жұмыссыздық деңгейін азайтуға, салықтық түсімдердің көбеюіне, кәсіпкерлікті дамытуға жасалған жағдай.