ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ЖОЛ АШЫҚ

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуда жастардың рөлі ерекше. Заманауи білім мен жаңа көзқарасқа ие жас буын – мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторларының бірі. Сондықтан да елімізде жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп келеді.

Бұл бастама – жастарды мемлекеттік қызметке тарту және өңірлердегі кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған тиімді құрал. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешуде оның маңызы зор. Үздік түлектердің тікелей мемлекеттік қызметке келуі – жергілікті басқару сапасын арттыруға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы «Жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек, ол үшін жастарды олардың өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керектігін» баса айтқан болатын.

Бұл ретте, «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік грантпен жоғарғы оқу орындарын үздік аяқтаған түлектер (GPA 3.33-тен жоғары) оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі берілді.

Бүгінде облысымызда осы мүмкіндік арқылы мемлекеттік қызметке орналасқан 76 жас түлек өз білімдері мен дағдыларын тәжірибеде тиімді қолданып келеді. Олар халықпен тікелей жұмыс істей отырып, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезінеді және кәсіби тұрғыда қалыптасады.

Үздік түлектерге берілген бұл мүмкіндік – мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыты. Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы өңірлердің дамуына серпін беріліп, мемлекеттік басқару сапасы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл – ел болашағына жасалған инвестиция әрі тұрақты дамудың берік негізі.

Қорытындылай келе, жоғарғы оқу орнын бітірген түлектерді мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістерді тиімді пайдалана отырып, мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға шақырамыз.

Ержан Нағызханұлы

ҚАРЫМСАҚОВ

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Түркістан облысы бойынша

департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

   

Бірінші байлық – Денсаулық!

Мақтаарал ауданы, Бірлік ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылында “Ауыл” партиясының Мақтаарал ауданы бойынша аумақтық ұйымының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Бексұлтан Абзал Ермаханұлы, аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, ауыл әкімі Сәкен Кенжеев және ауыл биі Ельшиев Асқар ауыл тұрғындарымен кездесіп, жаңадан салынатын дәрігерлік медициналық амбулаторияға байланысты маңызды мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында ауыл азаматтарының ұсыныс-пікірлері ескеріліп, ортақ келісімге қол жеткізілді. Нәтижесінде, медициналық амбулаторияны ауылдан алыс жерге емес, елді мекеннің ішінен орналастыру мәселесі халықпен кеңесе отырып талқыланып, өз шешімін тапты.

Осы бағытта бүгінге дейін бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жер учаскесі анықталып, мердігер мекемемен кездесулер өткізілді. Сонымен қатар, аудан басшысының тапсырмасы ауыл тұрғындарына жеткізілді.

Кездесу соңында медпункттің ауыл орталығынан салынатыны туралы хабар ауыл тұрғындарының қуанышын тудырып, азаматтар ризашылықтарын білдірді.

Мақтаарал ауданында К-15 каналы бетонмен қапталуда

Мақтаарал ауданында К-15 каналын қайта құру жобасы Инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.

К-15 каналының жалпы ұзындығы – 16,095 шақырым, ал су өткізу қабілеті – 6 м³/секунд. Биыл каналдың 4,5 шақырым бөлігіне бетондау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда арна түбін механикалық тазарту, нығыздау және бетондау жұмыстарына дайындық шаралары атқарылуда.

Құрылыс жұмыстарын салада мол тәжірибесі бар «ГидроҚұрылыс» мердігер компаниясы жүргізуде. Жоба 2027 жылға өтпелі болып табылады.

Аталған мердігер мекеме Түркістан облысындағы бірқатар каналдарды сапалы бетондап, су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуда тәжірибесі мол ұйымдардың бірі ретінде танылған. Әсіресе, күрделі инженерлік инфрақұрылым нысандарын салудағы кәсіби біліктілігі жоғары болғандықтан, компанияға артылған сенім зор.

Сонмер бірге «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының теңгеріміндегі Мақтаарал ауданындағы К-15 каналында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары барысында ауылға кіреберіс жолдың бір бөлігіне зақым келген болатын.

Атап айтқанда, канал бойындағы қарсы беттегі Өнімкер ауылына кіреберіс тұста 45 метрлік учаскеде құрылыс жұмыстарына тартылған ауыр техникалар қалың топыраққа батып қалып, соның салдарынан жолға зиян келген. Бұл жағдай 6 мамыр күні орын алған.

Осыған байланысты, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының тапсырысы негізінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Гидро Құрылыс» компаниясы мәселені жедел қолға алды. Қазіргі таңда жолдың зақымданған 45 метр бөлігіне тас төселіп, қалпына келтіру жұмыстары басталды. Мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын мамыр айының соңына дейін толық аяқтайтынын мәлімдеді.