БІРЛІК ПЕН АУЫЗБІРШІЛІК – ЕЛДІКТІҢ БЕРІК ТІРЕГІ

Қоғамның тұрақтылығы мен елдің тыныштығы, ең алдымен, әр отбасының берекесі мен адамдар арасындағы өзара сыйластықтан басталады. Адам баласы үшін отбасы – тәрбиенің алтын бесігі, ал отбасыдан басталған тәрбие тұтас қоғамның келбетіне әсер етеді. Сондықтан бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі, отбасылық құндылықтарды сақтау, жастардың санасына дұрыс бағыт-бағдар беру және қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың алдын алу мәселелері аса маңызды болып отыр.

Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасы аясында ұйымдастырылған көшпелі кездесудің Созақ ауданында бастау алғаны – біз үшін үлкен маңызға ие. Бұл басқосу тек тәжірибе алмасып, атқарылған жұмыстарды саралайтын жиын ғана емес, сонымен қатар қоғамның өзекті мәселелерін бірге талқылап, олардың алдын алу жолдарын қарастыратын маңызды алаң болды. Бүгінгі таңда қоғамда орын алып отырған нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдық сияқты келеңсіз құбылыстардың әрқайсысы үлкен алаңдаушылық туғызады. Мұндай мәселелердің алдын алу тек бір мекеменің немесе белгілі бір ұйымның міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғам болып атсалысуды қажет ететін ортақ мәселе. Әсіресе бала тәрбиесі мен жастардың болашағына келгенде әр ата-ана, әр отбасы, әр азамат жауапкершілікті сезінуі тиіс. «Салауатты сана» жобасының негізгі мақсаты да осындай маңызды мәселелердің алдын алып, қоғам мүшелерінің жауапкершілігін арттыруға, жастардың санасына дұрыс құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Жоба аясында көтеріліп отырған мәселелердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі адамның санасы мен тәрбиесі дұрыс қалыптасса, ол қоғамдағы түрлі зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, өз өміріне, отбасына және қоршаған ортасына жауапкершілікпен қарайды.

Біз, аналар, ең алдымен, отбасының берекесін ойлаймыз. Өйткені шаңырақтағы тыныштық пен татулық – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Отбасында мейірім мен сыйластық орнаған жерде бала да дұрыс тәрбие алады. Ал тәрбиелі, білімді, саналы жас – елдің болашағы. Сондықтан бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, оларды спортқа, білімге, өнерге, еңбекке баулу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жасөспірімнің ортасы қандай болса, оның көзқарасы мен өмірлік ұстанымы да соған қарай қалыптасатынын жақсы білеміз. Сол себепті жастарды жаман әдеттерден қорғаудың ең тиімді жолы – оларға дұрыс бағыт көрсету, сенім арту, қолдау білдіру және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру. Созақ ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ауданымыздың ауылдық округтерінде жұмыс істейтін Аналар кеңестерінің мүшелері ел ішіндегі өзекті мәселелерге бейжай қарамай, түрлі кездесулер мен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Әр ауылдағы аналар қауымы отбасы құндылықтарын дәріптеп, жастар тәрбиесіне үлес қосып, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайтуға өздерінің лайықты үлесін қосуда.

 

 

Созақ – тарихы терең, елдік пен ерліктің өнегесін бойына сіңірген қасиетті мекен. Бұл өңірде атадан балаға жалғасқан салт-дәстүр, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, көршімен тату болу секілді ұлттық құндылықтар берік сақталған. Біз осы дәстүрді қазіргі заман талабымен сабақтастыра отырып, жас ұрпақтың тәрбиесіне пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Қазақ халқы ежелден «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп бекер айтпаған. Адамдар бір-бірін түсініп, бір-біріне құрметпен қараған жерде кез келген қиындықты еңсеруге болады. Біздің ауданымыздағы ең үлкен құндылықтардың бірі де – осы ауызбіршілік пен ынтымақ. Әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, туған жердің дамуына бірге атсалысып келеді. Бұл – елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің нақты көрінісі.

Қоғамдық келісім дегеніміз – тек тыныштықта өмір сүру ғана емес. Ол – бір-бірінің пікірін құрметтеу, өзара түсіністік таныту, ортақ мақсат жолында бірігу. Біз Созақ ауданында осы құндылықтарды жоғары бағалаймыз. Өйткені ауызбіршілік бар жерде береке болады. Бірлігі бекем елдің болашағы да баянды. Ауданымызда өткен кездесуде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Төлебекқызы Тоққұлова «Салауатты сана» және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобаларының аудан, қалаларда жүзеге асырылуы бойынша баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталған болатын. Бұл жобалардың қоғам үшін маңызы өте зор деп есептеймін. Әсіресе «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының мәні ерекше. Себебі ана – отбасының ұйытқысы, бала тәрбиесінің негізгі тұлғасы. Ана бойындағы мәдениет, парасат, сабыр мен мейірім отбасындағы тәрбиеге тікелей әсер етеді. Ал отбасындағы тәрбие – ұлттың тәрбиесі. Сондықтан мәдениетті, саналы, білімді ана тәрбиелеген ұрпақ та елге қызмет ететін азамат болып қалыптасады. Біз бүгінгі аналарға ғана емес, ертеңгі аналарға да үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінуіміз қажет. Қазіргі қыз бала – болашақ ана. Сондықтан олардың бойына ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді сіңіру маңызды. Қыз тәрбиесі – ел тәрбиесі. Ұл тәрбиесі де – ел болашағы. Осы екі бағытта да ата-ана мен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет.

Бүгінгі таңда нашақорлық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері де ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл бағытта тек ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, әр отбасының жағдайына, әр баланың тәрбиесіне, әр жастың ортасына көңіл бөлу керек. Қоғамдық ұйымдар, ата-аналар, ұстаздар, құқық қорғау органдары және жастармен жұмыс істейтін мамандар өзара тығыз байланыста болғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, ол жиында Халықтық Конституцияның маңыздылығы мен оны кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар да сөз болды. Конституция – елдің құқықтық негізі ғана емес, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын маңызды құжат. Оны құрметтеу, заң талаптарын сақтау, өз құқығыңды білу және өзгенің құқығына құрметпен қарау – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі.

 

 

Біздің қоғамымызда үлкенге құрмет, кішіге ізет, көршіге сыйластық, ағайынға жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бар. Осы құндылықтарды жоғалтпай, оларды жастарға жеткізу – біздің басты міндетіміз. Себебі ұлттық құндылықтар мен заманауи тәрбие бір-біріне қайшы емес. Керісінше, екеуін сабақтастыра білсек, саналы әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелей аламыз. Аналар кеңесінің жұмысы да осы мақсатқа бағытталған. Біз ел ішіндегі мәселелерді сырттай бақылап қана қоймай, халықпен бірге жұмыс істеуге тиіспіз. Әрбір ауылдағы ананың сөзі, әрбір отбасының мәселесі біз үшін маңызды. Кейде бір ауыз ақылдың өзі адамға үлкен ой салып, дұрыс шешім қабылдауына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан аналардың қоғамдағы тәрбиелік және рухани рөлі әрқашан жоғары болуы керек.

Менің ойымша, біздің әрбір кездесуіміздің басты нәтижесі – ортақ мәселелерді бірге талқылап, тәжірибе алмасуымызда. Облыстық деңгейдегі Аналар кеңесі мен аудандық, ауылдық округтердегі кеңестердің өзара байланысы нығайған сайын, атқарылатын жұмыстардың да нәтижесі арта түседі. Біз бір-бірімізден тәжірибе алып, жақсы бастамаларды аудан көлемінде кеңінен насихаттауымыз қажет. Созақ ауданындағы Аналар кеңесі алдағы уақытта да «Салауатты сана» жобасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді. Біз үшін ең маңыздысы – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, жастарды теріс әрекеттерден қорғау, отбасының қадірін арттыру және ел ішіндегі бірлік пен ауызбіршілікті нығайту. Біз аналар ретінде әрбір баланың болашағына алаңдаймыз. Әрбір жастың жақсы білім алып, дұрыс жолды таңдап, елге пайдалы азамат болғанын қалаймыз. Әр шаңырақта күлкі мен қуаныш болғанын, әр отбасында сыйластық пен түсіністік орнағанын тілейміз. Себебі бақытты отбасы – бақытты қоғамның негізі.

Бүгінгі таңда елімізге ең керегі – татулық пен тұрақтылық. Ал оны сақтау үшін әрқайсымыз өз орнымызда жауапкершілікпен еңбек етуіміз керек. Бірлік – тек сөзбен айтылатын ұғым емес, ол күнделікті өмірдегі өзара сыйластықтан, түсіністіктен және ортақ іске жұмыла білуден көрінеді. Созақ жұртының ынтымағы мен ауызбіршілігі – біздің мақтанышымыз. Ел ішінде береке болса, алынбайтын асу жоқ. Сондықтан біз осы татулықты көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз қажет. «Салауатты сана» жобасы аясындағы осындай кездесулер қоғамдағы маңызды мәселелерді ашық талқылауға, олардың алдын алуға және ортақ шешімдер іздеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстардың барлығы түптеп келгенде елдің ертеңі үшін жасалып жатыр.

Біздің мақсатымыз біреу – саналы ұрпақ, берекелі отбасы, бейбіт қоғам қалыптастыру. Ал мұндай мақсатқа жетудің ең сенімді жолы – бірлік пен ауызбіршілік. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болады. Сондықтан барша аналарды, ата-аналарды, ұстаздарды және қоғам белсенділерін бала тәрбиесіне бейжай қарамауға, жастарымыздың болашағына бірге жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Әр отбасындағы жақсы тәрбие – елдің ертеңіне қосылған үлкен үлес.

Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болсын! Әр шаңырақта тыныштық орнап, әр отбасында береке мен бақыт салтанат құрсын! Ең бастысы, ұрпағымыздың санасы салауатты, жүрегі мейірімді, болашағы жарқын болғай!

 

Рысты ТӘБЕТҚЫЗЫ,

Созақ аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы

Аналар кеңесінің төрайымы

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*