«ӨНЕГЕЛІ ӨМІР — ӨШПЕС МҰРА» АУДАНДЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, ұлттық мәдениет пен руханияттың жанашыры Өзбекәлі Жәнібектің туғанына 95 жыл толуына орай «Өнегелі өмір — өшпес мұра» атты аудандық байқау ұйымдастырылды. Тағылымды шараның негізгі мақсаты – халқымыздың тарихы мен мәдениетін зерделеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібектің өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, жастардың тарихи танымын тереңдету, зерттеушілік қабілетін дамыту, туған елдің рухани мұрасына деген құрметін арттыру көзделді.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Салтанатты жиын барысында «Мега жұлдыз» және «Жұлдызай» республикалық байқауларының Гран-при иегері, халықаралық фестивальдердің дипломанты Айбын Жұмабеков «Арқалықтың ақ таңы» әнін орындап, шараның мазмұнын аша түсті. Байқаудың ашылу салтанатында Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол мұндай мәдени-ағартушылық шаралардың жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

Кеш қонақтарының қатарында Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Өзбекәлі Жәнібектің қарындасы Айғаным Абанқызы да болды. Ол ағасының өмірі мен қызметіне қатысты естеліктерімен бөлісіп, оның елге, ұлтқа қызмет етудегі азаматтық ұстанымы жөнінде тағылымды әңгіме өрбітті. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, тарихи тұлғаның өнегелі жолын үлгі етуге шақырды.

Аудандық байқау екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде қатысушылар «Өзбекәлі мен үшін кім?» тақырыбында бейнеролик ұсынып, көрнекті тұлғаның өмірі, қызметі және ұлттық мәдениетті дамытудағы еңбегі туралы өз ойларын білдірді. Бұл кезеңде үміткерлердің шығармашылық ізденісі, тақырыпты ашу шеберлігі мен тұлға мұрасын өзіндік көзқарас тұрғысынан жеткізе білу қабілеті бағаланды.

Екінші кезең «Өзбекәлі Жәнібек – ұлт руханиятының жанашыры» тақырыбына арналды. Қатысушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарын әзірлеп, оны презентация арқылы қорғады. Зерттеу барысында Өзбекәлі Жәнібектің ұлттық өнерді, қолөнерді, тарихи-мәдени мұраны сақтауға қосқан үлесі, музей ісін дамытудағы қызметі және ел тарихындағы орны кеңінен қамтылды. Байқауға аудан кітапханаларының оқырмандары қатарынан 8 үміткер қатысып, өздерінің білім-білігін, шығармашылық қабілетін және зерттеушілік ізденісін көрсетті. Әр қатысушы тарихи тұлғаның өмір жолын өзінше зерделеп, оның елге сіңірген еңбегін кейінгі буынға танытуға ұмтылды.

Қазылар алқасының шешімімен Ханқорған ауыл кітапханасының оқырманы Сақтаған Жаңыл Бас жүлдені иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. І орын аудандық орталық кітапхананың оқырманы Бостан Мөлдірге бұйырды. ІІ орынды М.Оразалиев ауыл кітапханасының оқырманы Батырхан Бақдәулет иеленді. Ал ІІІ орынға М.Оразалиев ауылдық кітапханасының оқырманы Анарбек Нұрислам және Ақсукент-2 ауылдық кітапханасының оқырманы Озода Эргашбекова лайық деп танылды.

Қалған қатысушылар Алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ байқауға қатысушыларды дайындап, олардың зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар берген жетекшілерге де Алғыс хаттар табысталды.

Өзбекәлі Жәнібек – ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға, мәдени мұраны жүйелеуге және ұлттық өнерді ұлықтауға ғұмырын арнаған тұлға. Оның бастамасымен көптеген тарихи-мәдени құндылықтар қайта зерделеніп, ұлттық мұраны сақтауға бағытталған маңызды жұмыстар жүзеге асырылды. Сондықтан қайраткердің өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін жас ұрпаққа таныстыру – тарихи сабақтастықты қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Осындай байқаулар арқылы кітапхана оқырмандары тек тарихи деректермен танысып қана қоймай, өздігінен ізденіп, ғылыми ақпаратты саралап, көпшілік алдында ойын еркін жеткізуге машықтанады. Бұл ретте кітапханалардың мәдени-ағартушылық орталық ретіндегі рөлі де айқындала түседі.

«Өнегелі өмір — өшпес мұра» байқауының мазмұны да осы мақсатпен сабақтасып, жастарды ел тарихын құрметтеуге, ұлттық мұраға жанашырлықпен қарауға және қоғамға пайдалы азамат болуға үндеді. Қатысушылардың белсенділігі мен ізденісі тарихи тұлғалардың тағылымды жолын насихаттау жұмыстарының маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдығына арналған бұл тағылымды шара Сайрам ауданындағы мәдени-ағартушылық жұмыстардың мазмұнын байытып, өскелең ұрпақтың ұлттық тарих пен руханиятқа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Ұлт үшін еңбек еткен тұлғаның өнегелі ғұмыры жас буынға бағыт-бағдар беретін құнды мұра ретінде дәріптеле бермек.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*