АРЫСТА КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ТАЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Арыс қаласында қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту, кәсіпкерлік нысандарының айналасын ұқыпты ұстау және қала келбетіне кері әсер ететін факторлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қала аумағында жоспарлы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Арыс қаласы әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ орталық базар аумағында кезекті бақылау жұмыстарын жүргізді. Іс-шара базар әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып, сауда орындарындағы кәсіпкерлермен тазалық пен абаттандыру талаптарын сақтау мәселелері талқыланды.

Аталған аумақтың қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын орындардың бірі екені ескеріліп, мұнда санитарлық тазалықты қалыпты деңгейде ұстаудың маңызы ерекше. Сауда орындарының сыртқы келбеті, оған іргелес аумақтардың жинақылығы және белгіленген тәртіптің сақталуы қаланың жалпы көрінісіне тікелей әсер етеді.

Рейд барысында кәсіпкерлік нысандарының иелеріне өздеріне тиесілі аумақты таза әрі жинақы ұстау қажеттігі түсіндірілді. Атап айтқанда, сауда нүктелерінің маңындағы тазалықты күнделікті қамтамасыз ету, жиналған қалдықтарды уақытылы шығару және нысанның сыртқы бөлігін тиісті жағдайда ұстау мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен бірге ғимараттардың қасбетін талапқа сай күтіп ұстау жөнінде түсіндіру жүргізілді. Кәсіпкерлік нысанының сыртқы бейнесі тек оның иесінің беделіне ғана емес, бүкіл сауда аумағының көркіне әсер ететіні айтылды. Сондықтан ғимараттардың маңын ретке келтірумен қатар, қасбеттердің де ұқыпты әрі талапқа сай болуына мән беру қажеттігі ескертілді. Жұмысшы топ өкілдері кәсіпкерлерге заңсыз және жабайы саудаға жол бермеудің маңызын да түсіндірді. Сауда қызметінің белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмеуге және сауда орындарындағы қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты жазалау емес, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырып, талаптарды алдын ала орындауға жағдай жасау екені атап өтілді. Осы ретте базар әкімшілігіне де сауда орындарының санитарлық жағдайын бақылауда ұстап, кәсіпкерлермен тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Қолданыстағы заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда тиісті әкімшілік шаралар қолданылатыны да ескертілді. Атап айтқанда, тазалық пен абаттандыру қағидаларын сақтамау, белгіленген тәртіпке қайшы әрекеттер жасау немесе заңсыз саудаға жол беру жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Қала тазалығын қамтамасыз етуде кәсіпкерлердің үлесі айрықша. Себебі сауда орындары күн сайын жүздеген адамның келіп-кететін нысаны болғандықтан, олардың аумағындағы тазалық тұрғындардың жайлылығына тікелей ықпал етеді. Кәсіпкерлік нысанын талапқа сай ұстау – заң талабы ғана емес, тұтынушыға және қала тұрғындарына деген құрметтің көрінісі. Арыс қаласында мұндай рейдтік және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Негізгі назар кәсіпкерлік нысандары орналасқан аумақтардың тазалығын қамтамасыз етуге, абаттандыру талаптарының орындалуына және белгіленген сауда тәртібінің сақталуына бағытталатын болады.

“Таза әрі жинақы сауда орындары – қаланың жалпы келбетінің маңызды бөлігі. Сондықтан кәсіпкерлерді өз нысандарына жауапкершілікпен қарап, бекітілген аумақтардың тазалығын тұрақты қамтамасыз етуге және қолданыстағы талаптарды сақтауға шақырамыз,”- деді мамандар.

Кене шағуының алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Жылы мезгілдің келуімен табиғат аясына шығатын тұрғындардың саны артып, соған сәйкес кене шағу қаупі де жоғарылай түседі. Кенелер тек орманды немесе далалы аймақтарда ғана емес, шөп өскен ашық алаңдарда, саябақтарда, аулаларда және қала маңындағы аумақтарда да кездесуі мүмкін. Сондықтан кенеден сақтану, оның шағуының алдын алу және кене жабысқан жағдайда дұрыс әрекет ету – әр азамат үшін маңызды.

Осыған байланысты Кентау қалалық емханасында келушілер арасында кене шағуының алдын алу және кене арқылы таралуы мүмкін инфекциялық аурулардан сақтану бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Шара барысында тұрғындарға кененің адам денсаулығына төндіретін қаупі түсіндіріліп, сақтық шараларын сақтау жөнінде кеңестер берілді. Сонымен қатар емханаға келген азаматтарға тақырыпқа қатысты ақпараттық брошюралар таратылып, мамандар тарапынан жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Медицина қызметкерлері тұрғындарға кенеден қорғанудың ең тиімді жолы – алдын алу шараларын сақтап, табиғатқа шығу кезінде қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарау екенін түсіндірді. Кене арқылы таралатын инфекциялардың қатарына кене энцефалиті, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, боррелиоз (Лайм ауруы), туляремия және басқа да аурулар жатады. Олардың кейбірі адамның денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан кене шаққан жағдайда уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну қажет.

Мамандардың айтуынша, кенеден қорғанудың алғашқы және маңызды қадамы – табиғат аясында жеке қауіпсіздік шараларын сақтау. Әсіресе көктем-жаз айларында саяжайға, жайылымға, таулы немесе шөпті жерлерге, демалыс орындарына барған кезде барынша сақ болған жөн. Табиғатқа шыққанда денені толық жауып тұратын киім киген дұрыс. Ұзын жеңді көйлек немесе жейде, ұзын балақты шалбар, жабық аяқ киім пайдалану ұсынылады. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып, киімнің ашық жерлерін барынша азайтқан жөн. Ашық түсті киім кию де кенені ертерек байқауға мүмкіндік береді.

Табиғат аясында жүрген кезде адам өзін ғана емес, жанындағы адамдарды да, әсіресе балаларды бақылап отырғаны жөн. Кенелер киімге немесе денеге жабысып қалуы мүмкін. Сондықтан ұзақ уақыт далада болған жағдайда денені ара-тұра тексеріп отырған дұрыс. Үйге келгеннен кейін киімдерді мұқият қарап, сырт киімді қағып-сілкіп, дененің барлық бөлігін тексеру керек. Балалардың шаш арасы, мойны, құлақ маңы, қолтық, шап аймағы сияқты кененің жасырынуы ықтимал жерлеріне ерекше назар аударған жөн.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында емхана мамандары тұрғындарға кене шаққан жағдайда не істеу керектігін де егжей-тегжейлі түсіндірді. Медицина мамандарының айтуынша, денеге жабысқан кенені көрген адам ең алдымен сабыр сақтап, мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жүгінуі керек. Кенені өз бетінше жұлуға, жаншуға немесе қолмен қысуға болмайды. Себебі дұрыс алынбаған жағдайда кененің бөліктері теріде қалып қоюы мүмкін. Ал кенені жаншу кезінде оның ішіндегі инфекциялық қоздырғыштардың адам ағзасына түсу қаупі бар.

Кентау қалалық емханасының мамандары тұрғындарға: «Кене шаққан жағдайда медициналық көмекке неғұрлым ертерек жүгінген дұрыс. Кене арқылы берілетін инфекциялардың алдын алуда уақыт факторының маңызы зор. Сондықтан кене шаққанын байқаған азамат өздігінен ем қабылдамай, медициналық маманға қаралуы қажет», – деп түсіндірді.

Мамандардың айтуынша, шұғыл профилактика жүргізу қажеттілігі әр адамға жеке бағаланады. Бұл ретте кене шаққан аумақ, медициналық көмекке жүгіну уақыты, адамның вакцинация мәртебесі және басқа да медициналық факторлар ескеріледі. Сондықтан қандай да бір препаратты өз бетінше қабылдау немесе медициналық көмекті кейінге қалдыру дұрыс емес. Кей жағдайда кене шаққаннан кейін адам бірден ауру белгілерін сезбеуі мүмкін. Сондықтан кене шаққан азамат медициналық бақылау мен дәрігердің ұсынымдарын ескермеуі керек. Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, бұлшықет пен буындардың ауыруы, қалтырау және жалпы жағдайдың нашарлауы сияқты белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет. Кейбір кене арқылы таралатын инфекциялар ауыр өтуі мүмкін болғандықтан, ауруды ерте анықтау және медициналық көмекті дер кезінде бастау маңызды. Мамандар тұрғындарға кене шаққаннан кейін өз денсаулығын мұқият бақылауды, дене қызуын өлшеп отыруды және қандай да бір күмәнді белгілер пайда болған жағдайда медициналық ұйымға жүгінуді ұсынды.

Кентау қалалық емханасының медицина қызметкерлері: «Кене шағуы – елемеуге болмайтын жағдай. Көп жағдайда адамдар кішкентай жәндікке мән бермей, медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырып жатады. Бұл дұрыс емес. Кенені байқаған сәттен бастап уақытты жоғалтпай, маманға қаралу қажет. Әсіресе балалар мен қарт адамдарға ерекше көңіл бөлген жөн. Алдын алу шараларын сақтау – аурудың алдын алудың ең қарапайым әрі тиімді жолы», – деп атап өтті.

Жазғы демалыс кезінде балалардың далада, саябақта, табиғат аясында көп уақыт өткізуіне байланысты ата-аналар сақтық шараларына ерекше мән бергені жөн. Бала табиғаттан келгеннен кейін оның киімін шешіп, денесін мұқият қарап шығу қажет. Кене баланың бас терісіне, шашының арасына, құлақ артына, мойнына немесе киімнің жабық жерлеріне жабысып қалуы мүмкін.

Ата-аналар балаларға табиғатта жүрген кезде шөпті жерде ұзақ отырмау, белгісіз бұталар мен қалың өсімдіктердің арасына бармау, жануарлармен байланыста болғаннан кейін қолды жуу және үйге келген соң киімді тексеру қажеттігін түсіндіргені дұрыс. Сонымен бірге табиғатқа шығар алдында баланың жасына сәйкес қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, кенеге қарсы қорғаныш құралдарын қолдану мәселесі бойынша мамандардың кеңесіне жүгінуге болады.Кене шағуының алдын алу тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігін талап етеді. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер мен медициналық ұйымдар тарапынан жүргізілетін профилактикалық және ақпараттық жұмыстар халықтың сақтық деңгейін арттыруға бағытталған.

Қазақстанда кене белсенділігі кезеңінде медициналық ұйымдардың дайындығы қамтамасыз етіліп, эндемиялық аумақтарда кенеге қарсы өңдеу, қауіп топтарын вакцинациялау, иммуноглобулин қорын қалыптастыру және санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу сияқты кешенді шаралар атқарылады.  Алайда мемлекеттік деңгейдегі алдын алу шараларымен қатар, тұрғындардың жеке сақтық шараларын орындауы да аса маңызды. Әр адам табиғатқа шыққанда тиісті киім киіп, репеллент қолданып, серуеннен кейін өзін және балаларын тексеріп, кене анықталған жағдайда уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгінуі қажет.

Кентау қалалық емханасында өткізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты да – тұрғындардың санитариялық сауаттылығын арттыру, кене арқылы таралатын инфекциялық аурулардың алдын алу және халық арасында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

 

Есте сақтаңыз:

 

🔹 Табиғатқа шыққанда денені толық жабатын киім киіңіз;

🔹 Ашық түсті киім таңдаңыз;

🔹 Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салыңыз;

🔹 Репелленттерді нұсқаулыққа сәйкес пайдаланыңыз;

🔹 Табиғатта жүрген кезде өзіңізді және жақындарыңызды мезгіл-мезгіл тексеріп тұрыңыз;

🔹 Үйге келген соң киіміңізді мұқият қарап, балалардың денесін толық тексеріңіз;

🔹 Кенені қолмен жаншуға және абайсызда жұлуға болмайды;

🔹 Кене шаққан жағдайда мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жүгініңіз;

🔹 Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік немесе басқа да ауру белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралыңыз;

🔹 Өзін-өзі емдеумен айналыспаңыз.

Кене шағуының алдын алудың ең тиімді жолы – қауіптің алдын ала білу және қарапайым сақтық шараларын күнделікті әдетке айналдыру. Өз денсаулығыңызға және жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыз!

Түркістан: «Құрылтай-2026» саяси шарасына дайындық жүйелі жүргізілуде

Түркістан өңірінде алдағы ауқымды саяси шара – Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары қарқынды жүруде. ҚР Орталық сайлау комиссиясының нұсқаулығына сәйкес, облыста сайлаушыларды ақпараттандыру, инфрақұрылымды әзірлеу және дауыс берушілерге барынша қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр.

Бүгінгі саяси науқандардың басты талабы – ашықтық пен қолжетімділік. Осы орайда Түркістан облыстық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында арнайы «Құрылтай» бөлімі іске қосылды. Мұнда азаматтар үшін ең маңызды ақпараттар, атап айтқанда, «Құрылтай-2026» тағайындау туралы ҚР Президентінің Жарлығы, сайлау комиссияларының нақты құрамдары мен учаскелердің шекаралары және сайлаушыларға арналған анықтамалық мәліметтер шоғырландырылған. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын заманауи форматта жүргізу мақсатында сайтта аудио-бейне материалдар, медиа-контент пен арнайы инфографикалар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Дәл осындай форматтағы интернет-ресурстар мен әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы насихат жұмыстары облыстың барлық аудандары мен қалаларында бірдей қарқын алған.
Үгіт-насихат кезеңінде үміткерлерге де тең мүмкіндіктер қарастырылған.
Бұл жолғы саяси шараның басты ерекшелігі – дауыс берушілер үшін барынша ыңғайлы цифрлық шешімдердің енгізілуі болып табылады. Қазірдің өзінде облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» онлайн сервисі іске қосылды. Ал Құрылтай өтетін күні облыс бойынша 557 сайлау учаскесінде осы онлайн сервис тікелей қолжетімді болады. Әр учаскеге комиссияның 2 мүшесі бекітіліп, олар тіркеуіне күмәні бар азаматтардың мәліметтерін «электрондық үкімет» (eGov) порталы арқылы сол жерде-ақ тексеріп береді.
Сондай-ақ, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуі жоқ азаматтардың да конституциялық құқығы шектелмейді. Облыс көлеміндегі 22 сайлау учаскесінде «Шағын ХҚКО» (ЦОН) жұмыс істейтін болады. Бұл жүйе «Құрылтай-2026» күні дауыс берушілерді дәл сол учаскеге бір күнге уақытша тіркеп, өз таңдауын жасауына мүмкіндік береді. Кез келген сұрақ бойынша азаматтарға кеңес беру үшін облыста «109-бірыңғай» Call-орталығы үздіксіз қызмет көрсетеді және барлық аудан мен қалаларда арнайы жауапты мамандар бекітілген сенім телефондары іске қосылған. Түркістан облысының бұл дайындық деңгейі алдағы маңызды саяси науқанның жоғары ұйымдастырушылық деңгейде, ашық әрі әділ өтетініне кепіл болады.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДАҒЫ РЕЙДТІК ІС-ШАРАЛАР ЖАЛҒАСУДА

Арыс қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасуда.

Бүгін қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ орталық базар аумағында кезекті рейдтік іс-шара өткізді. Базар әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шара барысында кәсіпкерлік нысандарының иелеріне тазалық талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Рейд кезінде кәсіпкерлерге өздеріне тиесілі аумақтың тазалығын тұрақты қамтамасыз ету, ғимараттардың қасбетін талапқа сай күтіп ұстау, сондай-ақ заңсыз және жабайы саудаға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.

Сонымен қатар тазалық пен абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылатыны, оның ішінде айыппұл салынатыны жөнінде ескертілді.

Мұндай рейдтік және түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.