52 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Мақтаарал ауданында халықты әлеуметтік қолдау және тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның нақты бір көрінісі – Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси елді мекенінде жаңа баспаналардың әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға берілуі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында елді мекенде 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Бүгінде сол баспаналардың алғашқы 52-сі «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Жаңа қоныс иелерінің қатарында әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасылар бар. Осылайша, ұзақ уақыт бойы баспана күтудегі отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды.

Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қатысып, жаңа баспана иелерін қуаныштарымен құттықтады. Аудан басшысы тұрғын үйдің әр отбасы үшін маңызды әлеуметтік мәселе екенін атап өтіп, баспаналы болу – азаматтардың тұрмыс сапасын арттыратын маңызды қолдау шараларының бірі екенін жеткізді.

«Баспана – әрбір отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен жарқын болашағының негізі. Сондықтан, бүгінгі іс-шара көптеген отбасылар үшін жаңа өмірдің бастауы, көптен күткен арманның орындалған күні деп білемін. Жаңа қонысқа ие болып отырған барлық отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа, дастархандарыңыз берекеге толсын! Жаңа үйлеріңізге құт-береке, ырыс пен ынтымақ орнасын! Балаларыңыздың күлкісі үзілмей, әр шаңырақта бақыт пен бақ-дәулет мәңгілік мекен етсін!» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Жаңа үйлер тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, тұрғын үйлерге табиғи газ, электр энергиясы, ауыз су және кәріз жүйесі тартылған. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру, асфальт-бетон жабындысын төсеу және кірме жолдарды ретке келтіру жұмыстары да аяқталған.

Әр тұрғын үйдің жалпы аумағы 63 шаршы метрді құрайды. Үй ішінде кіреберіс, үш тұрғын бөлме, ас үй және санитарлық торап қарастырылған. Бұған қоса, әр отбасыға 7 сотық жер телімі беріледі. Бұл ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықпен айналысып, бау-бақша өсіруге және отбасылық табысын арттыруға қосымша мүмкіндік береді.

Жаңа шағын ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта мұнда спорт және ойын алаңшаларын, сондай-ақ мәдениет үйін салу жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, елді мекендегі қоғамдық және мәдени ортаны қалыптастыруға жол ашады.

Сонымен қатар, Жаңажол ауылдық округі әкімінің аппараты Ақжол елді мекенінен жаңа тұрғын үйлер орналасқан Фирдауси елді мекеніне көшіріліп, ауыл әкімшілігінің ұжымы жаңа ғимаратқа орналасты. Бұл шешім елді мекеннің әлеуметтік және әкімшілік инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал етеді.

Жалпы, Фирдауси елді мекеніндегі тұрғын үйлердің берілуі – халықты әлеуметтік қамтамасыз ету бағытындағы нақты нәтижелердің бірі. Әсіресе баспанаға мұқтаж көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың тұрғын үй мәселесінің шешілуі олардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға да ықпал етеді.

Мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты – азаматтарға лайықты өмір сүруге қажетті жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа баспаналардың берілуі Мақтаарал ауданында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың нақты жемісін көрсетеді.

СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ – ДИҚАН ҮШІН ТИІМДІ ТАҢДАУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталып, трансшекаралық өзендердің су қорын ұтымды пайдалану және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажеттігін атап өткен болатын.

Су – ауыл шаруашылығының негізгі тірегі. Әсіресе егін шаруашылығы дамыған өңірлер үшін су ресурстарын тиімді пайдалану мен оның ысырабын азайту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Климаттың өзгеруі, су қорының азаюы және егістік алқаптарға түсетін су жүктемесінің артуы шаруаларды су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануға бағыттап отыр.  Осы бағыттағы жұмыстар Арыс қаласында да жүйелі түрде жүргізілуде. Мамандар Арыс қаласы мен ауылдық округтердегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізу кезінде 80 пайызға дейін мемлекеттік қолдау қарастырылғанын атап өтті.

Бұл – егін шаруашылығымен айналысатын диқандар үшін маңызды мүмкіндік. Себебі су үнемдеу технологияларын енгізу бір жағынан мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды пайдалануға мүмкіндік берсе, екінші жағынан шаруашылықтың өндірістік шығындарын азайтып, суды тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Қазіргі таңда егін алқаптарын дәстүрлі әдіспен суару кезінде судың белгілі бір бөлігі топыраққа сіңіп, буланып немесе егістікке біркелкі жетпей ысырап болуы мүмкін. Ал заманауи су үнемдеу технологиялары суды қажетті мөлшерде және өсімдіктің тамыр жүйесіне барынша тиімді жеткізуге мүмкіндік береді.  Тамшылатып және басқа да су үнемдеу жүйелерін пайдалану арқылы су шығынын оңтайландыруға, өсімдіктің қажетті ылғалмен қамтамасыз етілуін бақылауға және еңбек шығынын төмендетуге болады. Сонымен қатар мұндай технологиялар егістікті тиімді басқаруға, суару уақытын реттеуге және суды қажетсіз пайдалануды болдырмауға мүмкіндік береді.

Су үнемдеу технологиясының тағы бір маңызды артықшылығы – су ресурсын сақтай отырып, шаруашылықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Бұл әсіресе суармалы егіншілікке тәуелді шаруалар үшін аса өзекті. Сондықтан қазіргі жағдайда су үнемдеу технологиясына көшу тек табиғи ресурсты қорғау шарасы ғана емес, шаруашылықтың экономикалық тиімділігін арттырудың да бір жолы болып табылады. Ауыл шаруашылығы саласында егін шаруашылығын дамытып отырған диқандарға, сондай-ақ егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізуге ниетті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік субсидия алу мүмкіндігі қарастырылған. Аталған қолдау «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығының №11 паспорты негізінде қарастырылады. Мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің заманауи технологияларды енгізуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу арқылы олардың өндірістік мүмкіндігін арттыру және су ресурстарын тиімді пайдалануға ынталандыру.

Бұл бағытта Арыс қаласының ауыл шаруашылығы бөлімі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығын насихаттауда. Шаруалар үшін бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану – егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттырып қана қоймай, болашақта су тапшылығының алдын алуға да өз үлесін қосады. Су – шектеулі табиғи ресурс. Сондықтан оны тиімді пайдалану тек мемлекетке немесе белгілі бір салаға ғана жүктелетін міндет емес. Бұл – әрбір су пайдаланушының ортақ жауапкершілігі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің су үнемдеу технологияларына көшуі өңірдегі су ресурстарын ұтымды пайдалануға, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға және егістік алқаптардың тұрақты сумен қамтамасыз етілуіне оң әсер етеді. Бүгінде заманауи технологияны енгізу – уақыт талабына сай шешім. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мүмкіндігін пайдалана отырып, шаруалар өз өндірісін жаңғыртып, суды үнемді жұмсауға және шаруашылықтың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік алады.

Осыған байланысты мамандар Арыс қаласының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін су үнемдеу технологияларын енгізу мүмкіндігін тиімді пайдалануға шақырады. Субсидия алу тәртібі, қажетті құжаттар, талаптар, су үнемдеу технологияларының түрлері және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша толық ақпаратты Арыс қаласының ауыл шаруашылығы бөлімінен алуға болады.

Мекенжайы: Арыс қаласы, Д.Қонаев көшесі, 9А, 2-қабат.

Байланыс телефоны: 8 (72540) 5-92-19.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КОНКУРССЫЗ ОРНАЛАСУ: ЖАСТАР ҮШІН МҮМКІНДІКТЕР КЕҢЕЮДЕ

Мемлекеттік қызмет – елдің дамуына тікелей ықпал ететін маңызды сала. Сондықтан бұл жүйеге кәсіби білімі жоғары, жаңашыл ойлайтын, жауапкершілігі мол жастарды тарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы мақсатта мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсететін жаңа тетіктер енгізіліп келеді.
Осындай маңызды өзгерістердің бірі – Мемлекет басшысы 2026 жылғы 19 мамырда қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң. Аталған Заң
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне еніп, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар жаңашылдықтарды енгізді.
Заңдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектерге мемлекеттік қызметке конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігінің кеңейтілуі.
Жаңа Заңның 28-бабының 6-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтаған түлектер оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде мемлекеттік әкімшілік қызметтің бірқатар «Б» корпусы лауазымдарына конкурссыз қабылдана алады.
Бұл мүмкіндік аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдардың төменгі және басшы емес лауазымдарын қамтиды. Яғни, жас мамандар кәсіби қызмет жолын туған өңірінен бастап, тәжірибе жинақтап, мемлекеттік басқару саласында өз әлеуетін жүзеге асыра алады.
Егер бұрын мұндай мүмкіндік негізінен мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алған үздік түлектерге ғана берілсе, енді ақылы негізде білім алып, оқуын GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары нәтижемен аяқтаған түлектер де конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке орналасуға құқылы.
Аталған өзгеріс мемлекеттік қызметке талантты, білімді әрі бастамашыл жастардың көптеп келуіне жол ашады. Әсіресе, аудандық және ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтып, өңірлердің дамуына серпін береді. Сонымен қатар бұл тетік жастардың туған өлкесінде еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етуіне жаңа мүмкіндік қалыптастырады.
Бүгінде Түркістан облысында осы мүмкіндік арқылы мемлекеттік қызметке қабылданған 78 жас түлек өздерінің кәсіби қабілеттерін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Олар мемлекеттік қызметтің ашықтығын, тиімділігін арттыруға үлес қосып, халыққа сапалы қызмет көрсету ісіне белсенді атсалысуда.
Жастарға берілген бұл мүмкіндік – тек жұмысқа орналасудың жеңілдетілген тәртібі ғана емес. Бұл – мемлекет тарапынан білімді, еңбекқор және өз ісіне адал жастарға көрсетілген сенім. Сондықтан жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас түлектерді Заңда қарастырылған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мемлекеттік қызмет саласына келуге шақырамыз.
Мемлекеттік қызмет – тұрақты мансаптың ғана емес, елдің дамуына үлес қосудың, қоғам игілігі үшін еңбек етудің және кәсіби тұрғыдан шыңдалудың үлкен мектебі.

Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Түркістан облысы бойынша
департаменті