МАҚТААРАЛДА ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Мақтаарал ауданында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау және жұмыс берушілердің заң талаптарын сақтауына бақылауды күшейту бағытындағы жұмыстарға басымдық берілуде. Бұл мәселе аудан әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен жиында еңбек қатынастарының заң талаптарына сай жүргізілуі, қызметкерлердің әлеуметтік құқықтарының сақталуы және өндірістегі қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілуі бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.

Ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Елшібаевтың мәліметінше, еңбек заңнамасын сақтау бойынша жүргізілген бақылау және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бірқатар оң өзгеріс бар. Атап айтқанда, шілде айының басында еңбек шарттарын тиісті түрде тіркемеген 130 мекеме анықталған. Жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 28 мекемеге дейін қысқарған. Осылайша, 102 мекеме еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкестендірген.

Бұл көрсеткіш жұмыс берушілер арасында еңбек шарттарын ресімдеу талаптарын сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Өйткені еңбек шарты – қызметкердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ететін негізгі құжаттардың бірі. Ресми еңбек қатынасының болуы жұмысшының еңбекақы алуына ғана емес, оның зейнетақы және әлеуметтік аударымдарының жүргізілуіне, еңбек демалысына шығуына және өндірістегі жазатайым оқиғалардан қорғалуына мүмкіндік береді. Мәжілісте қызметкерлердің зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарының уақытылы жүргізілуі де назардан тыс қалмады. Баяндамашының айтуынша, аталған бағытта да оң динамика қалыптасқан. Бұған дейін зейнетақы жарналарын аудармаған 405 мекеме анықталса, қазіргі таңда олардың саны 153-ке дейін төмендеген. Ал әлеуметтік аударымдары жүргізілмеген қызметкерлер саны 1428 адамнан 689 адамға дейін азайған.

Бұл бағыттағы көрсеткіштердің төмендеуі жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы талаптарын орындауға біртіндеп көшіп жатқанын аңғартады. Дегенмен, қол жеткізілген нәтижелермен шектелуге болмайды. Себебі әрбір қызметкердің еңбек құқығы толық сақталуы үшін жұмыс берушілер тарапынан заң талаптары тұрақты түрде орындалуы қажет. Жиында өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасамаған 108 мекеме бар екені айтылды.

Аталған мәселе еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Қызметкердің өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек қажетті құрал-жабдықтармен қамтумен немесе қауіпсіздік талаптарын түсіндірумен шектелмейді. Жұмыс беруші заңда белгіленген міндетті сақтандыру талаптарын да орындауы тиіс. Осыған байланысты жиында сақтандыру шарттарын жасамаған мекемелермен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды. Жауапты бөлімдерге заң талаптарын орындамаған жұмыс берушілермен жұмысты жандандырып, еңбек қатынастары саласындағы кемшіліктерді кезең-кезеңімен жою тапсырылды. Жалпы, ауданда еңбек қауіпсіздігі мен еңбек заңнамасының сақталуы тек тексеру шараларымен ғана емес, алдын алу және түсіндіру жұмыстары арқылы да қамтамасыз етілуде. Мұндай тәсіл жұмыс берушілердің заң талаптарын ерікті түрде орындауына ықпал етіп, еңбек қатынастарын заңдастыруға мүмкіндік береді.

Еңбек қауіпсіздігі – қызметкердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды бағыт. Сондықтан әрбір мекеме мен кәсіпорында қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру, жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету және еңбек заңнамасының талаптарын сақтау тұрақты бақылауда болуы тиіс. Аппараттық мәжілісте еңбек мәселелерімен қатар ауданның санитариялық-эпидемиологиялық ахуалы да қаралды. Жыл басынан бері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті үш жағдай тіркеліп, оның біреуі зертханалық жолмен расталғаны айтылды. Сондай-ақ кене шағуына байланысты 40 тұрғынның медициналық көмекке жүгінгені хабарланды. Кенеге қарсы ветеринариялық және залалсыздандыру жұмыстарының барысы да талқыланды. Бұдан бөлек, аудандағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, төтенше жағдайлар туындаған кездегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы, қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін оқиғалар жөніндегі ақпарат алмасу мәселелері қаралды. Этносаралық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстардың барысы да сараланды.

Жиында ауданның 2026 жылғы І жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша қызмет тиімділігінің рейтингі де жарияланды. Аудан әкімдігі мен бөлімдер жұмысына қатысты бекітілген 103 индикатордың 86-сы орындалып, 17 көрсеткіш бойынша жоспарлы межеге қол жеткізілмеген. Қорытындысында Мақтаарал ауданы 14,2 ұпай жинап, облыстағы 17 қала мен аудан арасында 5-орынға тұрақтаған. Аппараттық мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Б.Асанов жауапты мемлекеттік органдар мен бөлім басшыларына еңбек заңнамасының сақталуын күшейту, қызметкерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау, өндірістегі қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығына қатысты жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.