САУРАН АУДАНЫНДА МЕКЕМЕАРАЛЫҚ МӘЖІЛІС ӨТТІ

Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков және аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Алмат Абидиновтың қатысуымен мекемеаралық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдердің, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ коммуналдық мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Мәжілістің негізгі мақсаты – аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігін саралау, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар жиында бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу деңгейі қаралып, жауапты сала басшыларының атқарған жұмыстары талданды.

Күн тәртібінде мемлекеттік органдар қызметіндегі өзекті мәселелер, азаматтардың өтініштерін қарау сапасы, заң талаптарын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және прокуратура тарапынан енгізілген ұсынымдардың орындалу барысы кеңінен сөз болды. Әрбір бағыт бойынша жауапты мекемелердің жұмысына баға беріліп, анықталған кемшіліктерді жоюдың нақты жолдары қарастырылды.

Жиын барысында аудан прокуроры Алмаз Асылбеков заңдылықты сақтау кез келген мемлекеттік орган жұмысының басты қағидаты болуы қажеттігін атап өтті.

«Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі мен қабылдайтын шарасы заң талаптарына сәйкес болуы тиіс. Әсіресе азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың өтініштері мен мәселелеріне уақытылы әрі сапалы жауап беру – жауапты мекемелердің басты міндеттерінің бірі. Анықталған кемшіліктерді формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағытталған түрде жою қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар прокуратура тарапынан тұрақты бақылауда болады», – деді аудан прокуроры.

 

Сондай-ақ жиында мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң талаптарын бұзуға жол бермеу, құжаттарды қарау мерзімдерін сақтау және тұрғындармен кері байланысты күшейту мәселелеріне ерекше мән берілді. Ауылдық округ әкімдеріне елді мекендердегі өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешу қажеттігі айтылды. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту, тұрғындар арасында түсіндіру шараларын жүйелі жүргізу және мемлекеттік органдармен өзара байланысты нығайту жөнінде міндеттер қойылды.

Өз кезегінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы ауданның тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол әрбір тапсырманың нақты мерзімде әрі сапалы орындалуы керектігін ескертіп, жауапты басшыларға нәтижеге бағытталған жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды.

Аудан басшысы анықталған кемшіліктерді жедел жоюмен қатар, олардың қайталануына жол бермеу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Әсіресе халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелердің қызмет сапасын арттыру, тұрғындардың талап-тілектеріне жедел ден қою және мәселелерді шешуде жауапкершілікті күшейту маңызды екеніне тоқталды.

Мәжіліс қорытындысында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері айқындалды. Берілген тапсырмалардың орындалуы аудан әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда болып, мемлекеттік органдардың қызметіндегі кемшіліктерді жою және заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса беретіні айтылды.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*