20 ауыл – бір ұстаным: арақсыз өмір, қауіпсіз орта

Сауран ауданында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың заңға деген құрметін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені басты назарға алынған. Осындай маңызды бағыттардың бірі – тұрғындарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырып, салауатты әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

Осы мақсатта Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекенінде «Арақсыз ауыл» жобасы және «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыптары аясында арнайы кездесу өтті. Жиынды Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, жүргізді. Басқосуға аудандық ақсақалдар мен ардагерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, дін қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер қатысты. Кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарының таралуының алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров «Арақсыз ауыл – берекелі ауыл» бастамасы аясында Сауран ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аудан көлеміндегі 20 елді мекеннің тұрғындары алкогольдік ішімдіктерден бас тарту жөнінде ортақ шешім қабылдаған.

Бұл – бір күнде жүзеге асқан жұмыс емес. Аталған бастама елді мекендердегі ақсақалдар мен белсенді азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлердің және тұрғындардың ортақ ұстанымы негізінде қалыптасып келеді. Сауран ауданы құрылғаннан бері бес ауыл аталған бастаманы қолдаса, кейінгі кезеңде бұл қатар айтарлықтай толыққан. Бүгінде Үлгілі, Шыпан, Шекербұлақ, Нұртас, Серт, Құмтүйін, Абай, Ескі Сауран, Қаражон, Егізқара, Игілік, Ойық, Мәшһүр Жүсіп, Шойтөбе, С.Қожанов, Жалаңтөс, Бершінтөбе, Қосқорған, Қосмезгіл және Аша ауылдарының тұрғындары алкогольдік ішімдіктерден бас тарту туралы шешім қабылдаған. Аталған шешімдер жергілікті қоғамдастық пен ауыл ақсақалдарының қатысуымен өткізілген жиындардың хаттамалары негізінде қабылданған. Бұл ретте ауыл тұрғындарымен қатар сауда нысандарының иелері де ортақ бастаманы қолдап, алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту жөнінде келісімге келген.

Мұндай қадамды тек белгілі бір өнімді сатуға немесе тұтынуға шектеу қою ретінде қарастыруға болмайды. Оның астарында қоғамдық сананы жаңғырту, отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ауылдағы өзара жауапкершілікті арттыру секілді маңызды міндеттер жатыр. Сауран ауданында бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатымен де сабақтасып отыр. Заңның үстемдігі орныққан, азаматтары құқық пен міндетін жақсы білетін қоғам ғана қауіпсіз әрі тұрақты дами алады. Ал заң мен тәртіпті сақтау ең алдымен күнделікті өмірдегі қарапайым жауапкершіліктен басталады.

Қоғамдық тәртіптің сақталуына алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну, есірткі заттарының таралуы, отбасылық жанжалдар, жастар арасындағы құқық бұзушылықтар кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай мәселелерді тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін қарастыру жеткіліксіз. Ең тиімді жолы – оның алдын алу.

Осы тұрғыдан алғанда, «Арақсыз ауыл» бастамасы профилактикалық жұмыстардың маңызды тетігі ретінде қарастырылады. Себебі тұрғындардың өз еркімен ортақ шешім қабылдауы ауыл ішіндегі қоғамдық бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылыққа деген көзқарасты өзгертеді. Адамдар бір-біріне немқұрайлы қарамай, ауылдың тыныштығы мен қауіпсіздігіне ортақ жауапкершілікпен қарай бастайды. Кездесуде аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Балтабай Ермекбайұлы да сөз сөйлеп, елді мекендерде тәртіп пен берекені сақтауда аға буынның орны ерекше екенін атап өтті. Ақсақалдардың өнегесі, жастарға бағыт-бағдар беруі және отбасылық құндылықтарды дәріптеуі қоғамның рухани тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

Ал құқық қорғау органдарының өкілдері заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Аудан прокурорының орынбасары Ержан Ахметов пен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіріп, тұрғындарға заң талаптарын сақтау мен құқық бұзушылыққа жол бермеудің маңызын түсіндірді.

«Заң және тәртіп» қағидаты қоғамдағы кез келген құқық бұзушылыққа көз жұма қарамауды талап етеді. Бұл ретте «нөлдік төзімділік» ұстанымының маңызы зор. Яғни қоғамдық ортадағы ұсақ болып көрінетін тәртіпсіздіктерге де немқұрайлы қарамау, заң бұзушылықтың алдын алу және тиісті органдарға хабарлау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.

Қауіпсіз қоғамды қалыптастыру тек полицияның немесе басқа да құқық қорғау органдарының қызметімен шектелмейді. Оның негізі – отбасы, мектеп, еңбек ұжымы, қоғамдық ұйымдар, ақсақалдар, дін өкілдері және жергілікті қоғамдастықтың бірлескен әрекеті. Әсіресе жастар мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық және мәдени іс-шараларға тарту, кәсіптік бағдар беру, еңбекке баулу – зиянды әдеттердің алдын алудың нәтижелі жолдарының бірі. Жастарға тыйым салумен қатар, олардың қызығушылығын арттыратын пайдалы орта қалыптастыру маңызды.

Нашақорлықтың алдын алу мәселесі де кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, жалпы қоғамның міндеті. Әсіресе интернет арқылы таралатын заңсыз ақпарат пен есірткі саудасының жаңа тәсілдеріне қатысты жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.

Отбасы – бұл бағыттағы ең маңызды тәрбие ортасы. Баланың мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымының қалыптасуына ата-ананың үлгісі тікелей әсер етеді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстану, ішімдік пен есірткінің зиянын түсіндіру, еңбекке және білімге баулу отбасындағы тәрбиеден басталғаны жөн. Ауыл тұрғындарының «Арақсыз ауыл» бастамасын қолдауы осы ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісі деуге болады. Себебі ауылдың тыныштығы мен берекесі әрбір тұрғынның әрекетіне байланысты. Бір адамның заң бұзуы немесе қоғамдық тәртіпті бұзуы тұтас елді мекеннің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.

Сауран ауданында қолға алынған бұл бастаманың тағы бір маңызды қыры – қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейту. Тұрғындар өз мәселесін ашық айтып, құқық қорғау органдары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті билік тарапынан ұйымдастырушылық қолдау көрсетілген жағдайда ғана нақты нәтиже қалыптасады. «Қауіпсіз қоғам» қағидаты да осындай өзара іс-қимылға негізделеді. Қауіпсіздік – тек көшеде тәртіп сақтаумен шектелмейтін кең ұғым. Ол адамның үйінде, жұмыс орнында, білім беру мекемесінде, қоғамдық орында өзін қауіпсіз сезінуін білдіреді. Сондықтан қауіпсіз орта қалыптастыру үшін қоғамның барлық мүшесі жауапкершілік танытуы қажет.

Сауран ауданындағы 20 елді мекеннің алкогольдік ішімдіктерден бас тартуы – тұрғындардың қоғамдық тәртіпке деген саналы көзқарасының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай бастамалар бір реттік акцияға айналмай, тұрақты түрде жалғасқан жағдайда ғана өз нәтижесін береді.

Алдағы уақытта да елді мекендерде тұрғындармен кездесулер өткізу, жастармен профилактикалық жұмыстар жүргізу, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек. Салауатты ауыл – ең алдымен саналы тұрғыннан басталады. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, зиянды әдеттерден бас тарту, жастар тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – қауіпсіз әрі берекелі қоғам құрудың берік негізі.

Сауран ауданындағы «Арақсыз ауыл» бастамасы осы құндылықтарды жергілікті деңгейде қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Ал 20 елді мекен тұрғындарының ортақ шешімі – қоғамда «Заң және тәртіп», жауапкершілік пен өзара құрмет қағидаттарын орнықтыруға деген ұмтылыстың айқын көрінісі.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*