ТАЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫ БАҚЫЛАУДА

Арыс қаласында санитарлық тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы және «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қала аумағымен қатар, ауылдық округтерде де рейдтік бақылау шаралары жүргізілуде.
Жұмысшы топ өкілдері елді мекендерді аралап, тазалық талаптарының сақталуын тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Рейд барысында белгіленген тәртіпті бұзған азаматтарға қатысты тиісті шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, осы апта басынан бері тазалық талаптарын сақтамаған 13 азаматқа әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Жалпы жыл басынан бері қала аумағында тазалық пен абаттандыру талаптарын бұзған 346 азаматқа қатысты тиісті шаралар көрілді.
Тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау – баршаға ортақ міндет. Осыған байланысты мамандар тұрғындардан белгіленген талаптарды қатаң сақтап, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген орындарға тастамауды және өз аумақтарының тазалығына жауапкершілікпен қарауды сұрайды.
Арыс қаласында тазалық тәртібінің сақталуына бағытталған рейдтік және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.

2025-2026 ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРҒАН

2025 жылы жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында республика бойынша 7 344 квота бөлінген.

Бөлінген квота негізінде 2025 жылы Түркістан облысынан 398 отбасы (1 627 адам) еліміздің жұмыс күші тапшы өңірлеріне қоныс аударды.

Оның ішінде:

– Солтүстік Қазақстан облысына – 232 отбасы, 964 адам;
– Павлодар облысына – 93 отбасы, 372 адам;
– Қостанай облысына – 29 отбасы, 128 адам;
– Шығыс Қазақстан облысына – 25 отбасы, 93 адам;
– Абай облысына – 9 отбасы, 29 адам;
– Ұлытау облысына – 6 отбасы, 22 адам;
– Қарағанды облысына – 4 отбасы, 19 адам.

Былтыр Түркістан облысында қоныс аударушыларды ақпараттандыру мақсатында өңірлерден келген өкілдердің қатысуымен жәрмеңкелер мен кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, сәуір айында Жетісай, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласында өткен «Қоныс аудару» жәрмеңкелеріне Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарынан 100-ге жуық өкіл қатысып, 1 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған.

Ал 2026 жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. 1 тамыздағы жағдай бойынша Түркістан облысынан 288 отбасы немесе 1 322 адам жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған.

Оның ішінде облыстар бойынша:

Солтүстік Қазақстан облысы – 136 отбасы, 593 адам;

Павлодар облысы – 87 отбасы, 459 адам;

Қостанай облысы – 29 отбасы, 104 адам;

Шығыс Қазақстан облысы – 19 отбасы, 89 адам;

Абай облысы – 4 отбасы, 17 адам;

Ұлытау облысы – 11 отбасы, 57 адам;

Қарағанды облысы – 2 отбасы, 3 адам.

Сала мамандарының берген мәлеметінше қосымша квота бөлінген жағдайда қоныс аударуға ниетті азаматтар бар екен.

Ия, айтпақшы, сәуір айында өткен «Жаңа қоныс – 2026» жәрмеңкесіне солтүстік өңірлерден 130 делегат қатысып, жұмыс берушілер тарапынан 11 856 бос жұмыс орны ұсынылды.