Ардагерлер күніне орай Шымкент қаласында аға буын өкілдерінің басын қосқан тағылымды спорттық шара ұйымдастырылды. «Ауыл» партиясының Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен, партияның Еңбекші ауданы аумақтық партия ұйымының төрағасы Абай Қайратұлының демеушілігімен Қаратау ауданындағы ардагерлер арасында бильярдтан жарыс өтті.
Жарыстың негізгі мақсаты – ардагерлердің қоғамдық және спорттық белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ аға буын өкілдерінің өзара араласуына, достық қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік жасау.
Бильярд бәсекесіне қатысқан ардагерлер өзара шеберліктерін сынап, спортқа деген қызығушылықтарын көрсетті. Жарыс барысында қатысушылардың тәжірибесі мен ептілігі сыналып, тартысты ойындар өтті. Бұл ретте шара тек спорттық сайыс қана емес, үлкен буын өкілдерінің бір-бірімен жүздесіп, пікір алмасуына мүмкіндік берген мазмұнды кездесу болды.
Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсетіп, алғашқы үш орынға ие болған ардагерлер қалалық деңгейде өтетін жарысқа жолдама алды. Осылайша аудандық кезең жеңімпаздары алдағы бәсекеде Қаратау ауданының намысын қорғайтын болады.
Аға буын – қоғамның рухани сабақтастығын сақтап, кейінгі ұрпаққа өмірлік тәжірибесімен жол көрсетіп келе жатқан қадірлі орта. Сондықтан ардагерлердің белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғам өміріне араласуына қолдау көрсету маңызды.
Осындай спорттық әрі қоғамдық шаралар ардагерлердің сергек жүруіне ғана емес, олардың арасында өзара сыйластық пен ынтымақтастықты арттыруға да ықпал етеді. Әсіресе, жастар мен кейінгі буын үшін аға ұрпақтың спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстануы – жақсы үлгі.
Шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен «Ауыл» партиясының Шымкент қаласы бойынша Еңбекші ауданы аумақтық партия ұйымының төрағасы Абай Қайратұлына алғыс білдірілді.
Алдағы уақытта да ардагерлердің басын қосатын, олардың белсенді өмір сүруіне ықпал ететін спорттық және мәдени-танымдық іс-шараларды жүйелі түрде өткізу көзделіп отыр.
