ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 60 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАЛАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде инфрақұрылымды жақсарту, өндіріс орындарын ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып келеді.

Республика күніне орай Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар нысан ашылып, пайдалануға берілді. Жобалар тұрғын үй, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды.
Ұлттық мереке қарсаңында облыста жалпы құны 60 млрд теңгеге жуық нысандарды іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 22,3 млрд теңгеден астамы бюджеттік инвестициялар есебінен, 35,6 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. Жобалар аясында барлығы 648 адамды жұмыспен қамту көзделген. Олардың бірқатарына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Әлеуметтік инфрақұрылымға басымдық берілген. Түркістан қаласында кезекте тұрған азаматтарға арналған 7 қабатты 14 тұрғын үйдің пәтерлері табысталды. Сарыағаш ауданында дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункт, бірнеше ауданда мәдениет үйлері, кітапханалар және спорт кешендері ашылды. Сонымен қатар Сарыағаш қаласындағы орталық стадион қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Ауылдық елді мекендерде табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізілді.
Жеке инвестициялар есебінен жаңа өндіріс орындары іске қосылуда. Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін кәсіпорын мен алюминий композиттік панельдер зауыты ашылды. Мақтаарал ауданында мақта майын өңдеу, Жетісай және Отырар аудандарында мақта өңдеу кәсіпорындары іске қосылды. Сайрам ауданында бидай өнімдерін өңдейтін диірмен мен азық-түлік қоймасы пайдалануға берілді. Кентау қаласында өнеркәсіпке арналған технологиялық тораптар өндіретін зауыт ашылды.
Бұл жобалар өңірде шикізатты терең өңдеуге, жергілікті өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Мәселен, жеке инвестициялық жобалар аясында 477 адамды, бюджеттік инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын жобалар аясында 171 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, межеге қол жетті.
Жалпы, Республика күні қарсаңында пайдалануға берілген нысандар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлікті қолдауға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған. Жыл соңына дейін тағы да әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр.

ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК НАҚТЫ МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА БАҒЫТТАЛАДЫ

Президент Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру аясында Түркістан облысында халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру, нақты мұқтаж азаматтарды анықтау және мемлекеттік көмектің тиімділігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде келесі жылдан бастап мұқтаждық қағидатын кезең-кезеңімен енгізу тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр. Облыс бойынша 500 мыңға жуық отбасының әлеуметтік жағдайына кешенді бағалау міндеті қойылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға зерделеу жұмыстарын формалды түрде жүргізуге жол бермей, олардың сапалы әрі толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Бекітілген көрсеткіштер толық орындалуы керек. Мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру жұмыстарын мерзіміне сай өткізіп, аяқтаңыздар. Оңалту индикаторларын орындап, толық қолдау шараларын қамтамасыз етіп, саланы цифрландыру бойынша нақты ұсыныс енгізілсін. Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауда, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Аппарат отырысында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша пилоттық жобаны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асыру жоспарлануда. Жоба төрт кезең бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте негізгі назар азаматтардың нақты әлеуметтік жағдайын бағалауға және әлеуметтік қолдауды шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағыттауға аударылады.

Отбасының цифрлық картасы аясында өзектендіруді қажет ететін «А» және «В» санаттарындағы азаматтардың деректері нақтыланды. Нәтижесінде «А» санатындағы әлеуметтік төлем алушылардың 200-ге жуығы мемлекеттік жәрдемақы алудан өз еркімен бас тартқан.

Өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен, мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасылардың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қайта өңдеу саласында жалпы құны 1 679,0 млн теңгені құрайтын 55 кооператив құру жоспарланған. Нәтижесінде 220 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар бағдарлама аясында 10-нан астам азаматқа жалпы сомасы 81,5 млн теңге несие беріліп, олардың кәсіп бастауына және табысын арттыруына мүмкіндік жасалды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында облыс бойынша 100-ге жуық азаматқа кәсіп бастауға және өз ісін дамытуға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.

Алдағы уақытта да әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың табысын арттыру, жұмыспен қамтылуына және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына жәрдемдесу бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Сондай-ақ жиында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Бүгінде Түркістан облысында 104 313 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Бұл облыс халқының 5 пайызын құрайды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда олардың саны 1 912 адамға артқан.

Өңірде аудан және қала әкімдіктерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып, мүгедектікті тағайындау негізділігі мен азаматтардың техникалық оңалту құралдарына нақты қажеттілігін анықтау бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 6 758 азаматтың жүйеде көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталды. Сонымен қатар, 8 949 азаматты қайта куәландыру қажеттілігі және олардың оңалту құралдарына нақты мұқтаждығы қосымша зерделеуді қажет ететіні анықталды.

Сонымен қатар зерделеу барысында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері тарапынан оңалту құралдарын негізсіз тағайындау фактілері де анықталуда. Аталған жағдайлар бойынша тиісті құзырлы органдар тарапынан зерделеу және тиісті шаралар қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасы мен өнім берушілердің жұмысына да тексеру жүргізілуде.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нұрмаханов және Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің баяндамасы тыңдалды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне Президент Жолдауында берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж отбасыларға бағытталуына басымдық беріп, әр отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерделеу қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруды және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуді міндеттеді. Жауапты тұлғаларға бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етіп, саладағы жұмыстарды цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Меншікті қорғау – әр азаматтың заңмен қорғалатын құқығы.

Меншікке қол сұғылмауы – заңның басты қағидаларының бірі. Өз құқығыңызды білу және оны қорғай алу – құқықтық сауаттылықтың маңызды белгісі.

Өз құқығыңызды біліңіз.
Заң талаптарын сақтаңыз.
Қажет болған жағдайда заңды көмекке жүгініңіз.
Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың алғашқы қадамы!

#ЗаңМенТәртіп
#ЗАКОНИПОРЯДОК

ЖАСТАР АРАСЫНДА ПСИХОПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ҮНПАРАҚ ТАРАТУ ЖҰМЫСТАРЫ

«Буллинг және кибербуллингтің алдын алу»

«Заң мен тәртіп» жобасы аясында Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің студенттері арасында агрессиялық мінез-құлық, зорлық-зомбылық және бейәлеуметтік әрекеттердің алдын алу мақсатында «Буллинг және кибербуллинг» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.


Кездесу барысында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу жолдары, оның зардаптары және құқықтық жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және өзара сыйластық пен қауіпсіз орта құндылықтарын насихаттау.

Буллингке жол жоқ!
#ЗаңМенТәртіп
#ЗАКОНИПОРЯДОК

Түркістан облысының «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауындағы жеңімпазы марапатталды

Астана қаласында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша еліміздің әр өңірінен іріктелген 20 отбасы салтанатты түрде марапатталды.

Аталған байқауда Түркістан облысының атынан қатысқан 2026 жылғы өңірлік кезеңнің жеңімпазы – Мұхановтар отбасы да марапатқа ие болды.

Мұхановтар отбасы – тәрбиені, еңбекті, білім мен ұлттық дәстүрлерді жоғары бағалайтын, тамыры тереңге жайылған өнегелі әулет.

Отбасының отағасы Мұханов Бөрібай (1925–1990) Ұлы Отан соғысының ардагері. Ішкі істер бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарып, зейнетке шыққаннан кейін совхозда техника қауіпсіздігі инженері болып еңбек еткен.

Жұбайы Абденова Айша – 92 жаста, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана әрі тыл ардагері. Бөрібай мен Айша ата-әже жеті баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 24 немере мен 39 шөбере сүйіп отырған ардақты әулет.

Ұрпақ тәрбиесін ұлықтап, отбасы құндылықтарын берік ұстанған Мұхановтар әулетінің өмір жолы – кейінгі буынға үлгі. Олардың өнегелі тарихы – адал еңбек, отансүйгіштік, үлкенге құрмет пен ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы осындай өнегелі отбасыларды дәріптеу арқылы қоғамдағы отбасы институтының беделін арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

Мұхановтар әулетін лайықты марапатымен құттықтаймыз! Отбасына амандық, береке-бірлік, ұрпақтарына жарқын болашақ тілейміз!

ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ ПЕН БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен идеологиялық кеңес отырысы өтті. Жиында өңірдегі идеологиялық жұмыстың басым бағыттары талқыланды. Мәжіліске құқық қорғау органдарының өкілдері, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары селекторлық режимде қатысты.

Жиында Ертай Алтаев өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту, мәдениет және руханият бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін жауапты аудан-қала орынбасарлары мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар жиында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылатын «Есірткісіз болашақ» нашақорлыққа қарсы форумына дайындық барысы және 10 күндік профилактикалық іс-шараларды өткізу жоспары қаралды.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласының 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атануына орай туристік әлеуетті арттыру, туроператорлармен байланысты нығайту және өңірге туристер тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды.
Кеңес қорытындысында облыс әкімінің орынбасары жүктелген міндеттердің орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтып, идеологиялық бағыттағы жұмыстарды жүйелі әрі сапалы жүргізуді тапсырды.