ҚАЗЫҒҰРТТА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Қазығұрт ауданында 25 қазан – Республика күніне орай жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы болған Қалаубек Тұрсынқұловтың 90 жылдығына арналған «Қазығұрт береке, бірлік бастауы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр сайысына республиканың әр өңірінен келген от ауызды, орақ тілді 10 ақын қатысты. Олар айтыс өнері арқылы еліміздің егемендігі мен тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, ұлттар мен ұлыстардың мызғымас татулығы мен достығын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, түрленген, гүлденген Түркістанды және киелі Қазығұрт өңірін жырға қосып кеңінен насихаттады.

Қазығұрт ауданында руханият саласында аянбай тер төккен ұлтжанды азаматтар аз емес. Сондай көрнекті тұлғалардың бірі – жазушы Қалаубек Құдайбергенұлы Тұрсынқұлов. Қалаубек Тұрсынқұлов Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылында 1934 жылдың 25 наурызында дүниеге келіп, 2009 жылдың 30 қаңтарында өмірден өтті. Еңбек жолын қатардағы мұғалімдіктен бастаған Қалекең аудандық, облыстық, өлкелік комсомол комитеттерінде бірінші хатшы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде хатшы, республикалық баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, республикалық мемлекеттік телерадио компаниясы төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ, отыз жылға жуық Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі хатшысы болды. Осы аралықта қыруар қоғамдық жұмыстар атқарды. Қаншама жасты тәрбиелеп, өмір мектебінде шыңдап, қанаттандырды. Көне түркі әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Атаийдың Қазығұрт ауданындағы Тұрбат кентінен екенін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеген. Елеусіз қалған Орынбай Тайманов, Саттар Ерубаев сияқты талант иелерін әдеби ортаға қайта оралтып, оқырмандарымен табысуына ықпал еткен екен. Қалаубек Тұрсынқұлов  өзі өскен Қазығұрт ауданын көркейту жолында да елеулі еңбек сіңірді. Ауданның Қазығұрт аталуына, Қазығұрт кентіндегі саябақтан «Даңқты батыр бабалар» аллеясын тұрғызуға, Қазығұрт тауының асуына Нұх пайғамбар кемесінің монументін қоюға бастамашы болды. Сонымен бірге республикада тұңғыш рет ауданға арналған «Қазығұрт» энциклопедиясын құрастырып, шығаруға басшылық етті.

Арда азамат алғашқы шығармаларын елуінші жылдардың екінші жартысында жазды. «Қалкен Шарболатұлы» деген атпен «Кәпірзада» пьесасы, әңгіме, повестері баспасөзде жарық көрді. Алғашқы әңгімелер мен повестер жинағы «Алысқа тартқан жол» 1969 жылы шықты. «Арман азабы» пьесасын, «Есіңде ме сол бір кез», «Хал қалай, жолдас хатшы», «Кешіккен хат», «Анды-Қарағыз» повестерін, «Поляр шеңберінің маңында», «Олар оралған жоқ», «Сардана мен қызғалдақ», «Қазығұрт: аңыз бен ақиқат» секілді роман-эсселер жазды. К.Яшеннің пьесаларын, Р.Файзидің «Айналайын атыңнан» романын, Ғ.Гулямның «Ташкенттіктер» романын, И.С.Тургеневтің «Бейбақ», С.Даниловтың «Мангары» повестерін, Л.Н.Толстойдың әңгімелерін, және басқа да жазушылардың шығармаларын аударды. Жекелеген повестері орыс, украин, белорус, чех, өзбек, тәжік, якут, татар, башқұрт, армян, т.б. тілдерге аударылған. Өзбек тілінде 3 кітабы, саха тілінде 3 кітабы, Мәскеу баспаларынан 3 кітабы жарық көрген. Екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Саха Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Саха Республикасы Мемлекеттік сыйлығы мен Эрлик Эристин атындағы әдеби сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері.

Міне осындай өмірі өнегелі тұлғаға арналған сөз бәйгесіне айтыскер ақын, сазгер, журналист Бекжан Әшірбаев, ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі Бекмұрат Анарбаев, ақын, дәстүрлі әнші-термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аязбек Рустамов, Қазақстан Журналистер одағының, Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, ауданның құрметті азаматы Райымбек Айтубай қазылық етті. Аламан айтысқа аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатыты. Барша қонақтар мен көрермендерді, ақындарды мерейлі мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, айтыс өнерінің дәрежесі биік, теңдессіз талантты талап ететінін сөзге тиек етіп, ақындарға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Қазақтың айтыс өнері – ғасырлармен қанаттасып, дәуірлермен үндесіп, заманамен тілдесіп келе жатқан кемел дүние. Бұл өнер түрі қазаққа ағайындас, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қоғамдық өмірі ұқсас келетін қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарында да кездеседі. Басты ерекшелігі – оның суырыпсалмалы түрде орындалуы.
Айтыстың дәстүрлі сипатына қарай, мазмұн, мәніне, орындалу орны, мақсатына қарай түрге бөлінеді. Зерттеушілер әдет-ғұрып, қайым, жұмбақ, діни, ақындар немесе бәдік, жар-жар, мал мен адам, өлі мен тірі, салт, қыз бен жігіт, ру, совет дәуіріндегі деп жіктеп, ақындық тәсілге, айтыстың дәстүрлі сипаттарына кең тоқталады. Айтыс өлеңдерін, әдебиеттік жағынан қарастырғанда, мазмұны мен тақырыбына қарай екі түрге бөліп қарастыруға болады. Оның біріншісі – қазақ  халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, әдет-ғұрпына қарай бөлінеді. Ал, екіншісі – ақындардың шын мәніндегі өзара айтысы. Қазақ айтысының күрделі де қомақты бөлігін осы айтыс түрі құрайды.

Ал түбіне келгенде, айтыстың түйіні – шындық. Қандай жүйрік, желқабыз, тапқыр ақын болса да шындықтан жалтарып құтылып кете алмаған, оның бәрі де тек шындықпен суарылған аталы сөзге тоқтап бас иетін болған. Бұл тартпас уәж, шындыққа құрылған бір ауыз сөздің жеме-жемде айтыс тағдырын шешіп кететіні де осыдан. Бұл сипаттарымен айтыс өзіміздегі шешендік сөздерді еске салады. Әдетте, айтыста көптеген мәселелер көтеріліп, бір тақырыптан екіншісіне ауысып отырады. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан мәдени мұрамыз – айтыс өнері — өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын –жыршылардың тәжірибе мектебі, халқымызды иісі қазақ екенін бүкіл әлемге танытатын биік шыңы.

Қазығұрт ауданында өткен айтыста қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрпын, руханиятын қамтып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Қарағанды облысынан келген Мақсат Аханов бас жүлдені иемденсе, жүлделі І орын Түркістан қаласынан келген Бекарыс Шойбековке бұйырды. Жүлделі ІІ орынды Алматы облысының ақыны Айым Амирханова, ІІІ орынды Астана қаласынан Иран-ғайып Күзембаев, Қызылорда облысынан Нұрмат Мансұр және Алматы қаласынан Нұрзат Қару еншіледі. Ал Түркістан облысынан келген Нұрлыбек Мейірманов, Нұрмахан Жақыпбек, Шымкент қаласынан Мейіржан Жарылқап және Қазығұрт ауданының ақыны Ерасыл Жақсыбек аудан әкімінің және басқа да арнайы жүлделермен марапатталды.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*