ЕРЕКШЕ ҮЛГІДЕГІ АЛТЫН СЫРҒАЛАР

“Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Мұражай қорында археологиялық қазбадан табылған алтын сырғалардың бірнеше түрлері бар. Солардың ішінде ерекше үлгідегі сырғалардың бірі — сұрақ белгісі түріндегі сырға. Мерзімделулері ХІІІ-ХІVғғ. тән, Сауран, Күлтөбе қалаларынан табылған сырғалар. Жалпы сұрақ белгісі тәрізденген сырғалар негізгі бөліктен және сырғалықтан тұрады. Бірінің сырғалығы сым, пішіні ілмек тәрізді жұқа болса, келесісінің қимасы дөңгелек, жоғарғы ұшы бар сақина түрінде жасалып, жіңішке сымға 5 дана әр түрлі мөлшердегі ұсақ інжу тас ілінген. Ғылымда мұндай сырғаларды «қыпшақ» үлгісіндегі алтын сырғалар деп атаған.

Сұрақ белгісі тәрізді, бірақ мыстан жасалған сырғалар Отырар қазбаларынан да табылғандығын атағанымыз жөн. Осы тәрізді мыстан жасалынған сырғаларды Отырар халқының қарапайым тұрғындары таққан болуы керек деп болжауға болады. Жалпы, мұндай сырғалар кейінгі ортағасырлық қабаттардан жиі табылған. Мәселен, Тараз №3 рабадының ХІІІ — ХІVғғ. қабаттарынан да сұрақ белгісі тәрізді сырға табылған.

Зерттеуші ғалым Т.Н.Сенигова мұндай сырғалардың Орталық Қазақстан аймағындағы обалардан табылуын қалалықтарға қыпшақтардың ықпал етуімен түсіндіреді. Ендеше сұрақ белгісі үлгісіндегі алтын сырғалардың кездесулері қыпшақ және басқа да далалық тайпа өкілдерінің қала халқының құрамында болғанының айғағы деп түсінуіміз керек.

Тағы да айта кету керек, осындай сұрақ белгісіне ұқсас сырғалар Түркіменстанның Ташау облысындағы ортағасырлық Шехрлик қаласынан да табылғанын ғалымдардың еңбектерінен кездестіреміз.

Келесі ерекше үлгідегі сырғалар — Күлтөбе қаласынан табылған, III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған «калаш» түріндегі сырғаларға. Олардың пішіндері бір-бірін қайталайды, айырмашылығы тек өлшемдерінде және қондырылған көздер санында. Жалпы пішіні сопақша болып келген, сырты жұқа алтын фольгамен қапталған. Сырға беттерінде көздер қондыруға арналған сопақша немесе дөңгелек ұяшықтар орналастырылған. Сырғаның жоғарғы екі ұштарына қола ілмектері бекітілген.

Өкінішке қарай, ілмектері толығымен сақталмаған, тек бір сырғада ғана кішкене бөлшегі сақталған екен. Мұндай сырғаларды жасау технологиясының өзгешеліктері бар: бөлшектер бөлек немесе бірге құйылуы мүмкін, дәнекерленуі де мүмкін. Калачи сырғалары бүгінгі күнге дейін Азиядан Еуропаға дейінгі әртүрлі халықтардың мәдениеттерінде кездесетін сырғалардың ең көне түрлерінің бірі болып саналады.

Белгілі археолог, ғалым Е.Смағұлов, өз еңбегінде ресей ғалымы А.Торгоевтың Күлтөбеден табылған сырғалар жайында айтқан пікірін сүйеніп, «Сырғалар Күлтөбеде өмір сүрген зергерлердің қолынан шыққан” деп есептеуге болатынын айтқан. Музей қорындағы осындай «калаш» ,«сұрақ белгісі» тәрізді сырғалар сирек кездесетін ерекше сырғалар қатарына жататын құнды жәдігерлердің бірі болып саналады.

Ә.Егеубаева — “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қор сақтаушы.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*