«Аспалы шырағдан» — маңызы зор әдет-ғұрып көрінісі

Халқымыздың ежелден қалыптасқан күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданылып келе жатқан көптеген әдет-ғұрыптарымыздың, салт-дәстүрлеріміздің және наным-сенімдеріміздің әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні өте зор. Осындай өнегелі тағылымдық маңызы зор әдет-ғұрыптардың бірі – «шырақ» ұғымына қатысты айтылатындығын айрықша атап кетуге болады.

Шырақ – бөлмені, ашық алаңдарды және жекелеген заттарды жарықтандырып тұратын май шам. Ол ілкі замандардан бері қолданылып келеді. Оны ортағасырлық қалалардың қазба жұмыстарынан көптеп табылған сан алуан түрлі шырағдан қалдықтары да айғақтайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында әулие адамдардың моласында, қасиетті жерлерде шырақ жағу дәстүрі әлі күнге дейін сақталған.

«Шырақ» сөзі – халқымыздың наным-сенімі бойынша әрі қасиетті, әрі киелі ұғым мағынасында қолданылады. Өйткені «шырақ» деген сөз – «жарық», «нұр», «сәуле», «үміт оты» деген сөздермен мағыналас мазмұнда айтылатыны көпшілікке мәлім. Қазақ тілінде тікелей шыраққа қатысты тыйым сөздер, аңыз-әңгімелер, қанатты ойлар, даналық нақылдар, теңеу сөздер мен сөз тіркестері көптеп кездеседі. Мысалы, «Шырағың өшпесін», «шырағың жанып тұрсын», «қыз – қырық шырақты», «шаңырақтың шырақшысы», «қауіпті төндіргенше, шырақты сөндірме», «көзің шырақтай ашылсын», «шырағың сөнбесін, қауіп-қатер төнбесін», «шырағың өшпесін, бақытың көшпесін», «шырағы бар» (артында қалған ұрпағы бар), «шырағы жанды» (ұрпағы жалғасып, өсіп өнді), «шырағын сөндірмеді» (жақсылыққа жолықты, үмітін үзбеді), «шырақ көрмеді» (жақсылық көрмеді, көзі ашылмады), «шырағы сөнді» (үміті үзілді, өмірден озды) деген сияқты.

Біздің ойымызша, шырақтың материалдық емес, рухани маңызы терең сияқты. Шырақ, әулие, жарық. Адамзат баласы да білімсіз күнінің қараңғы екенін түсініп, ілім-білімді жарық сәулеге теңеп, қандайда бір наным — сеніміне қарамай жарық беруші күн, ай, жұлдыз, шырақ, шам, сәулені ілім — білімнің, ғылымның, даналықтың символы ретінде бейнелеген. Мысалы, Ыбырай Алтынсариннің «Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар…», Ахмет Байтұрсынұлының «Даналық өшпес, жарық кетпес байлық…» деген өлеңдерінен және «Оқу білім бұлағы, білім өмір шырағы» секілді мақал-мәтелдерден оны анық көреміз. Көптеген ғұлама ғалымдар шырақ жарығының астында не бір ойлы түндер кезіп, артында өшпес мұра қалдырды. Пайғамбарымыз с.а.у. жасы 63-ке толып, оған көрсетілген құрмет ретінде қалған өмірін жер асты «Қылует» мешітінде өткізген Қожа Ахмет Ясауи бабамыз «Ғар» бөлмесінде шырақтың жарығымен отырып, бүкіл түркі халықтары арасында кеңінен тараған «Диуани хикмет» — Даналық кітабын жазғанын жақсы білеміз.

Ал, енді осы шырақты жағатын шырағдандарға келетін болсақ – олар бізге дейінгі мыңжылдықтардың қойнауына өз жарығын шашып, өз сәулесін сепкен асыл мұралардың бірі. Ол түрлі ғасырларда қолданылған мыңжылдықтар сәулесі. Ықылым заманда күндіз жарықты күн сәулесінен алатын болса, ал қараңғы түскенде үй ішіне жарық түсіру үшін адамдар шырағданға малдың тоңмайын ерітіп құйып, жүннен не мақтадан босаңдау есілген білтені сол майға батырады да, майға шыланған ұшына от тұтатып, қарапайым жарық көзін жасаған. Материалдық ерекшелігіне байланысты шырағдандар керамикадан немесе қоладан жасалған болып, екіге бөлінеді.

Осындай түрлі шырағдан нұсқалары археологиялық қазба жұмыстары кезінде Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар, Сайрам, ежелгі Түркістан қалаларынан көптеп табылған. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының қорында шырағдандар коллекциясы біршама жақсы жинақталған. Ежелгі Түркістан тарихынан сыр шертетін керамикалық шырағдандардан бастап XIV ғасырдағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Әмір Темірдің сыйға берген қола шырағдандары – қазақ қолөнерінің бірегей туындылары болып есептеледі. Музей-қорық шырағдандар коллекциясы бойынша соңғы жылдары «Шырағың сөнбесін», «Шырағың парласын», «Мыңжылдықтар сәулесі» тақырыптарында еліміздің бірнеше музейлерінде көрмелер ұйымдастырды.

Әсіресе, 2012жылы Астана қаласы, ҚР Тұңғыш Президенті музейінде өткізілген «Мыңжылдықтар сәулесі» көрмесіне келушілердің саны мен сапасы жағынан көрсеткіштері барлық бұрын соңды өткізілген көрмелердің көрсеткіштерінен асып түсті. Көрменің ашылу салтанатына Астана қаласындағы бүкіл шетел елшіліктерінен, жалпы саны 27-28 елшілер мен салалық министрліктер өкілдері, мамандар, студент жастар қатысты. Ежелгі Түркістан тарихымен байланысты қыш шырағдандардан бастап, орта ғасырдағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Әмір Темірдің сыйға тартқан қола шырағдандары, яғни көрмеге шығарылған құнды түпнұсқа жәдігерлердің шығу тегі, жасалу технологиясы, мәні мен мағынасы және тарихтағы алатын орындары бойынша берілген көрме материалдары келушілердің зор қызығушылығын туғызды. Осы көрмеде алғаш рет ежелгі қыш шырағдандар мен XIVғасырдағы кесенеге Әмір Темір сыйлаған қола шырағдандарға өздерінің функциясын орындауға мүмкіндік жасалды.

Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған жәдігер 1978жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музейлендіру барысында, Өзбекәлі Жәнібековтың, кесененің бар бөлмелеріне тұңғыш рет электр жарығы жүйесін жүргізу барысындағы, арнайы тапсырыспен сол кездегі Казмузейреставрация мекемесінің ұста-шілеңгіршісі Дәркембай Шоқпаровқа жасатқан аспалы шырағдандарының бірі. Бұл шырағдандар кезінде жәдігер ретінде емес, көне үлгі бойынша заманауи түрде жасалған электрлі жарық құрылғысы, яғни шам-люстра ретінде кесененің әр бөлмесіне қойылған болатын. Дегенмен сол кездің өзінде-ақ оларды музейдің ең кемінде көмекші қор есебіне алуға тұрарлықтай зат болатын. Бұл жерде біз, Өзбекәлі ағаның музей ашу ісімен айналысқан кезінде, оның тек музейлік экспозициялық құрылымының ғылыми негізделгеніне ғана баса назар аударып қоймай, сонымен қатар оның интерьерінің де тақырыпқа сай жабдықталуына көңіл бөлгендігін көреміз. Олар кесененің әр бөлмесінде, тіпті 1979 жылы ашылған Шығыс моншасы музейінің бөлмелерінде де жарық беріп тұрды. Бірақ, музейдің шаруашылық есебінде болғандықтан уақыт өткен соң есептен шығарылып жоғалып кеткенге ұқсайды. 2017 жылы қоймада сақталып қалған тек бір данасы музей-қорықтың ғылыми көмекші қорына 2121 нөмірімен қабылданған.

Шырағдан үш аяқты әсемделіп шекпеленген шынжыр бекітілген дөңестеу келген мыс табақша, бетінің орта тұсында, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында әрбіріміздің үйімізде болған керосин майымен жанған шынылы май шамның білтесіне ұқсатып жасаған бөлшегі бар аспалы электр шамы болатын. Табақшасының төменгі бетіне Өзбекәлі Жәнібековтың кесенеге тапсырған және бір заты — қазақ батырларының қару-жарағы сериясынан КК 134 нөмірмен музей қорына тіркелген Қалқанның сырт бетіндегі шекімелі керемет ою-өрнегі түсірілген, яғни, бір шебердің қолынан шыққан өнер туындылары.

Мақаламызда, шырағданның тек материалдық құндылығына ғана емес сонымен қатар оның рухани мәні мен мағынасына, құндылығына келетін болсақ, мынадай ой-пікір түйіндеуге болады. Жоғарыда айтқанымыздай, ата-бабаларымыз «шырақ» ұғымына өте зор мән-мағына беріп, өнегелі тағылымдық маңызы зор әдет-ғұрыптарымыздың бірі деп санағанын білеміз. Шырақты ілім-білімнің, ғылымның, даналықтың символы деп білген бабаларымыз Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, оның қабіртасы айналасына 6 дана алтынмен апталып, күміспен қапталған қола шырағдандарды Әмір Темір тектен-тек сыйламағанын белгілі. Бұдан кейін де ХVI ғасырда кесенеге арнайы пішіні құмыра тәрізді керемет аспалы қола шырағданды Сайрамдық Уаққас деген кісі жасатып, сыйға тартқанын және ол шырағдан сол уақыттан бері 1990 жылдарға дейін кесененің Қабырхана бөлмесінде орналасқан солтүстік ойығы аркасында ілулі тұрды. Сонымен қатар, қос құлақты қола шырағдан және басқа да кесенеде сақталған тұғырлы шырақтар Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы берілгендігінің айғағы. Бұл шырағдандар ұлы әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауи рухын нұрландырып тұрсын деген ниетпен жасалды деп ұғынатын болсақ, онда арада қанша уақыт өткеннен соң, 1978 жылы аяулы ағамыз Өзбекәлі Жәнібеков те кесене бөлмелеріне алғаш рет электр жүйесін жүргізіп арнайы шырағдандар қою арқылы әулие бабаның рухын нұрландыратын шырақтарын жақты деп түсінгеніміз жөн.

Музей-қорықтың құрамына еретін «Түркістан тарихы» музейі ғимаратында 28 тамыз 2024 жылы ұйымдастырған «Өзбекәлі Жәнібеков және музей ісі» көрме экспозициясына Өзағаның өзі арнайы тапсырыспен жасатқан осы аспалы шырағданы, өз функциясын орындай отыра тұңғыш рет шығарылды. Мұндағы мақсатымыз, осы шырағдандарды қою арқылы Өзаға, бұдан 46 жыл бұрын Қожа Ахмет Ясауи әулие бабамыздың рухын сәулелендірген болса, қазір Өзіне арналған көрмеде Өзағаның рухын нұрландырып тұрсын деген ниетпен қойылды деп ұғамыз.

Қорыта келе айтарымыз, еліміздегі әрбір отбасының, әулие бабаларымыз бен отаны, халқы үшін аянбай еңбек еткен аяулы ағаларымыздың шырақтары мәңгігі өшпесін демекпіз.

Р.Жүзбаева, ғылыми қызметкер.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*