ТАРИХИ ДЕРЕК: ЫСМАЙЫЛ ҚАЗЫҒҰРТИ АТА

Жылдық жоспарға сәйкес, қыркүйек айының 25-і күні Қожа Ахмет Ясауи мәдениетіне қатысты елдің аузында, қолында сақталған мұраларды іздестіру, жинақтау мақсатында Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы атынан ғылыми экспедициямен Қазығұрт ауданына барған болатынбыз. Аудан орталығы — Қазығұртта бізді өлкетанушы Кәрім Аппазов ағамыз қарсы алып, әуелі осы аудандағы Ясауи ілімінің көрнекті өкілдері әкелі-балалы Ыбырайым атаның ұлы Ысмайыл ата мен Ысмайыл атаның ұлы Ысхақ атаның кесенелеріне ертіп барды. Енді сіздерге сол Ысмайыл ата турасында қысқаша ақпарат беруді жөн санап отырмыз.
Бұл әулие атамыздың аты-жөні көне жазба деректерде шайх Ысмайыл ата ибн Ыбырайым ата Қазығұрти әт-Түркістани деп келеді.
Ысмайыл ата анадан тума әулие болған, ол кісінің туылуы рамазан айында болған, сол күні анасын ембеген, кеш батқасын емген, рамазанның соңына дейін солай болған, отыз күн таусылғасын күн бұлтты болғасын жұрт екі ойлы болып қалған, бүгін айт па жоқ па деп. Әзірет атаның анасы айтқан, «балам рамазан айы бойы ембеген еді, міне бүгін емді, ораза таусылған болар» деген соң жұрт таң қалып тұрығанда, басқа жақтан кісілер келіп, кеше айды көргендерін айтып жариялайды. Содан жұрт атаның кереметіне иман келтірген екен. Бұл дерек Ясауия мәдениетіндегі бірегей шығарма, өзінің ұлы Ысхақ Атаның «Хадиқат ул-арифин» атты еңбегінде, Маулана Лутфулла ибн Маулана Абдулфаттах әт-Түркістанидың еңбегінде, Маулана Мұхаммед Шәріптің «Хужжат уз-закиринінде» және т.б еңбектерде ерекше құрметпен айтылады.
Ысмайыл Атаны сәби кезінде Ұзын Хасан атаға апарған екен. Сонда Ұзын Хасан ата нәрестені омырауына алып, «бұл елдегі берекенің барлығы осы сәбидің шарапатынан екен» деп мейірін төге тамсанды дейді. Бұл хикая Хужжат уз-закиринде Ясауи мәдениетіндегі таңдаулы туындылардың бірі «Ламахат мин нафахат ил-қудстан» алынғаны айтылады.
Ысмайыл атаның әкесі Ыбырайым ата Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабаның халифаларынан болған. Кейіннен Ыбырайым ата Әзірет Йашлығ Жүніс атаның сұхбатында болады. Сол Йашлық Жүніс ата Ысмайыл атаның әкесі Ыбырайым атаға «Түпсіз құрмет, шексіз ұлылық сізге және сіздің әулетіңізге инаят етілді. Сіздің бір перзентіңізді таңдады. Оған шексіз мөлшерсіз бақыт берді. Қашан уақыты келіп шыққанда қадір-қасиеті шығыс пен батысқа тарайды. Сансыз мүриттері болады. Оның себебінен көпшілік бойларындағы мінінен құтылып өте жоғары дәрежелерге жетеді» деп осы Ысмайы ата жөнінде сүйінші хабар берген дейді. Сөйтіп, «ол үшін сіздер Баршыннан Сайрамға, менің бауырым Сүзік Атаға баруларыңыз керек» деп батасын береді дейді.
Қазіргі таңда екі жерде, Сайрамда, әрі Ташкенде қабірі бар, шын аты Мұстафақұл болған Ахмет Ясауи бабамыздың немересі Сүзік ата да осы Ысмайыл ата жөнінде оның әкесі Ыбырайым атаға «Жақында біз бұл дүниеден көшеміз, сонда сіздің перзенттеріңіздің бірі біздің орнымызды басады, даңқы бізден асады, есепсіз халайық ол кісінің ізінен ереді» деп сүйінші хабар берген.

Әзіреті Ысмайыл ата өз заманының Құтыбы, яғни сол кездегі барша әулиелердің Басшысы болған. Тұрбатта дүние салады. Әмір Темір көреген ол кісінің мазарының үстіне үлкен кесене тұрғызды. Атаның осы жерде медерсе ұстап, шәкірт тәрбиелегенін кесенесінің айналасындағы шілдехана, мешіт және әлі зерттеле қоймаған жер асты ғар, қылуеттерінен аңғаруға болады.
Әзірет Ысмайыл атадан он сегіз бала қалған. Әрқайсысы жарқыраған күндей, ізденушілерді мақсатқа жеткеріп, әлемге жол көрсеткен дейді. Сол ұлдарының бірі Ысхақ ата жөнінде келесі жазбамызда айтатын боламыз.
Ұлықбек Жүнісбаев — кіші ғылыми қызметкер.
Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*