Все записи автора Admin

БІРЛІК ПЕН КЕЛІСІМДІ НЫҒАЙТҚАН 30 ЖЫЛ

Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті.
Президент сессия жиынында өзекті мәселелерді айтты. Сонымен қатар, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін тілге тиек етті.
— Бүгінгі басқосудың тарихи мән-маңызы айрықша. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызға құтты болсын! Бұл — бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты. Ассамблея тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатыр. Ұйым 1995 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын білесіздер. Бұл бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды, — деді Мемлекет басшысы.
Президент консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе беріліп, ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналғанын айтты.
— Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Оған қоса, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел — бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады. Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бегзат ХАБИБОВ,
Кентау қаласы, Қарнақ ауылының өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы

ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫ ЕЛІМІЗДІҢ ЖАСТАРЫН БІРІКТІРЕ ТҮСЕДІ

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті.
Аталған сессияға Түркістан облысынан бір топ «Ассамблея жастары» қатыстық. “Ассамблея жастары” РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы ретінде өзіммен бірге белсенді әріптестерім Түркістан облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Жастар рухы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман және ұйымның белсенді мүшелері Фаез Файзидинов, Интизора Насратуллаева қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сессияда алмағайып заманда стратегиялық бағдарға сай әрекет ету — Қазақстан халқының алдында тұрған аса маңызды міндет екенін айтты.
— Кейбір мемлекет үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз. Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік — мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген біртұтас ұлт екенін атап өтті.
— Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз, — деді Президент.
Сондай-ақ Президент барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.
— Менің бастамаммен былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Жалпыұлттық жобаға 6 миллионнан астам адам қатысты. 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналды. 3,3 миллион көшет отырғызылды. «Таза Қазақстан», бұл — біздің бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Таза я тазалық, бұл — киелі сөздер. Ары таза адам ешқашан елін сатпайды. Біз «Қазақстан — ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек. Ассамблея бұл идеяны жан-жақты дәріптеп келеді. Бұл — өте тиімді әрі пайдалы жұмыс. Тазалық әр үйден басталуы керек. Сонда ғана «Таза Қазақстан» боламыз, — деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өсетінін еске салды.
— Сондықтан бүгін мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін, барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсене қатысуға шақырамын. Бұл — жай науқан емес, бұл — өскелең ұрпаққа озық білім мен тәлім-тәрбие беру деген сөз. Баршамызға қатысы бар идеологиялық маңызды іске әр қаланың, ауылдың, көшенің және ауланың тұрғындарын жұмылдыру керек. «Таза Қазақстан», бұл — шынайы отаншылдықтың көрінісі. Бәріміз Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанда өмір сүргіміз келеді, — деді Президент.
Осы орайда, біз, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері Президент ұсынған бастамаларды толық қолдаймыз және оны нәтижелі орындауға күш саламыз.

Нодиржон Хасантаев,
“Ассамблея жастары” РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы

ЕЛДІҢ ҚУАТЫ – БІРЛІГІНДЕ

Бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті. Сессия аясында қатысушылар ел бірлігін нығайту, этносаралық келісімді сақтау және Ассамблеяның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етудегі маңызын талқылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сессияда ҚХА бүгінде қоғамдық келісімнің бірегей инфрақұрылымын қалыптастырған қуатты тармақтары бар институтқа айналғанын атап өтті.

— Ассамблея қоғамда кәсібилік және еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеуге белсене атсалысып келеді. Александр Папп Ассамблеяның Жұмысшы мамандықтары жылын өткізуге белсене кіріскенін атап өтті. Өткен жылы Еңбек күнінде Сенат пен Мәслихат депутаттары Ассамблея мүшелерімен бірге еліміздің ірі кәсіпорындарына барып, өндіріс ардагерлеріне құрмет көрсетті. Бұл бастаманы Еңбек күнін атап өтудің жаңа дәстүрі ретінде биыл да жалғастыруға болады. Осылайша, ҚХА бүгінде қоғамдық келісімнің бірегей инфрақұрылымын қалыптастырған қуатты тармақтары бар институтқа айналды. Жер жүзінде мұндай бірегей ұйым құра білген мемлекет кемде-кем. Ассамблеяның арқасында еліміздегі барлық этностар Қазақстандағы оң өзгерістердің бел ортасында жүр, — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына алғыс айтты.

— Мен жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына шынайы алғысымды айтамын. Туған жерге пайдамды тигізсем деген алғаусыз ниетті өмірінің мәніне айналдырған олар нағыз отаншылдық пен адал азаматтың үлгісін көрсетті. Ассамблея Төрағасының қоғамдық орынбасарлары ретінде жыл бойы лайықты еңбек еткен Лугмар Харкиевич Буларов пен Юрий Германович Шинге ризашылығымды білдіремін. Ассамблея Төрағасының орынбасарлары болып жаңадан тағайындалған Дмитрий Валерьевич Останькович пен Расул Сурмалиевич Ахметов — қоғам құрметтейтін абыройлы азаматтар. Олардың білімі мен білігі Ассамблеяға үлкен пайдасын тигізеді деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сессияда Президент атап өткендей, өткен жылы Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты.

Жалпы, ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы ерекше. «Соның айқын дәлелі ретінде Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат», – деді Президент.

Рамилия Мустафаева,
Түркістан облыстық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы

ДЕПАРТАМЕНТ «СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖӘНЕ ӘДЕП» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Закрдин Алимкулов, Сауран аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен, Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында жиын өткізді. Жиынға Сауран ауданы және Түркістан қалалық СЭББ-ның басшылары, басшы орынбасарлары, бөлім басшылары, басқарма мамандары және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас маман Бейбіт Тілекұлы қатысты.

Күн тәртібінде:
1)Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
2)Әдеп нормаларын сақтау
3) Тұрмыстық зорлық зомбылық
4) Лудомания
5) Діни экстремистік ағымдар жайында сөз қозғалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер аясында Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі З.Алимкулов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және әдеп қағидаларын сақтау» туралы заң талаптарын кеңінен түсіндіру мақсатында жиналыстар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ауқымды түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, Закрдин Алимкулов әдеп жөніндегі уәкіл ретінде, қазіргі кезеңде тәуелсіз мемлекет ретінде дамыған елдердің қатарынан көріну үшін әрбір азаматтың биік адамгершілік қасиеттерге, парасаттылыққа ұмтылуы қажет екенін, академиялық адалдықты сақтау керектігін атап өтіп, өз сөзін түйіндеді.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департментінің баспасөз қызметі

БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ БАР

Бүгін Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы жұмысын бастады. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналған, этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт болып қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бүкіл Қазақстан үшін тарихи мән-маңызы айрықша айтулы оқиға екені айтылды.

Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілгеніне баса мән беріліп, мемлекеттік органдар түгелдей дерлік Ассамблея жұмысымен айналысады деп байыпталды. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайтыны жария етілді. Бірлік – мемлекетіміздің іргетасы деп санайтын «AMANAT» партиясы да, татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі болған елімізде, азаматтық жауапкершіліктің ең жоғары үлгісі ретінде ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді одан әрі нығайта беретін болады.

Мемлекет басшысы ұлт бірлігін нығайту, мемлекет тұтастығын сақтау, қоғамдық келісімді қамту бағыттарында бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды. «Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек», – деп нақты тапсырма жүктеген Қасым-Жомарт Кемелұлы, Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы тиіс деп тұжырымдады.

Бүгін бірлігі берекелі, тірлігі жарасты Сайрам ауданына жұмыс сапарымен бардым. Бұл аймақ ежелден достық мекені болған қасиетті мекен. Түркістан облысы халқының құрамында 50-ден астам этностың өкілдері бар болса, соның 40-тан астамы – осы Сайрам жерінде жарасты тірлік кешуде. Мұндағы 240 мыңнан аса тұрғынның жартысынан астамы – мемлекет құраушы қазақ ұлтымен терезесі тең, керегесі кең ғұмыр кешіп келеді. Мәдени әр алуандық тұрғындарды бөлектеп емес, керісінше, біріктіріп отыр. Әр ұлттың өзіне тән еңбекқорлық дәстүрімен аймақтың экономикасы қарыштап дамып, қызмет көрсету саласы өрістеп, өркендеуде.

Сөз қадірін бағалай білген қазақта «Бірлігі бар ел – бақытты ел» деген бағзыдан келе жатқан ұғым бар. «Бақыт қайда барасың? Көршімен болған бірлігі, тағат-ғибадат тірлігі, ұйымшыл елге барамын!» деген мағынасы астарлы сөз де бұрыңғылардан қалған. Бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз – біздің баға жетпес байлығымызға айналған. Тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз – құнды қазынамызға баланған.

Түркістан топырағында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көне заманнан бері бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы болғанын атап өтті. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған қастерлі шаңырақ болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді деген сенімін білдірді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идея алғаш рет 1993 жылы Ордабасыда өткен елдік жиында жария етілгені тарихтан мәлім. Осы жылдар ішінде Ассамблея жалпыазаматтық келісім, қазақстандық патриотизм, азаматтар құқықтарының теңдігі, қазақ тілінің біріктіруші рөлі, мәдени әралуандықты сақтау, ұлттық жаңғыру сынды азаматтық бірегейлікке бастайтын істердің ұйытқысына айналды.

Ассамблеяның қасиетті Түркістан топырағынан бастау алуы – тарихи сабақтастықты, ұлттық бауырмалдық болмысымызды білдіреді деген сенімдемін. Татулық тұғыры – тұрақтылық дейтін дәстүрді жалғауда партияластарымыз Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе қоғамдық қатынастардың орнықты болуына, өңірде этносаралық келісім үйлесімділігін қамтуда, азаматтар арасында толеранттылық құндылықтарын ілгерілетуде, бейбітшілік пен келісім саясатын жүргізуде іргелі істерді атқарып келеді.

Партия айқындаған басымдықтарды ілгерілетуде өңірдегі 11 этномәдени бірлестіктермен, олардың аудан, қалалардағы 7 филиалы және 14 өкілдіктерімен ынтымақтастық байланыстар орнықтырған. Партия құрылымдары өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ашылған ақсақалдар кеңестерімен, аналар кеңестерімен, ассамблея медиаторларымен, этностық топ өкілдерінің жастарымен белсенді қызмет арнасын түзген. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатын болады.

«Бақ бағалағанның басында тұрады» деп білетін халықтың ұрпағы ретінде ішкі бірлігімізді сақтау – бабалар алдындағы қасиетті борыш, келешек ұрпақ алдындағы зор аманат екенін ұғамыз. Тыныш елде тоқшылық болатынын әйгілі Күлтегін бабамыз айтқан. Бабалар өсиетіне ой жүгіртіп, ынтымағымызды ыдыратпай, алдыңғы буынның бақыты үшін қажыр-қайратымызбен еңбек етеміз деген сенімдемін. Барша ағайынды берекелі бірлікті көздің қарашығындай қорғап, татулық пен ынтымақ жолын жалғауға үлес қосуға шақырамын. Елімін аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТЫҚ ЖАС ҰСТАЗ КІТАП ОҚУҒА АРНАЛҒАН «ОЯН, ҚАЗАҚ» ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРДЫ

Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №74 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәуренбек Нұрқұлов оқушыларға арналған сайт ашты. «Оян, қазақ» деп аталатын жоба бүгінгінің білімпаз балаларын оқуға баулу, білімге құштар ету мақсатында қолға алынған.
Сарыағаштық жас ұстаз «Оян, қазақ» жобасының тиімділігін аудандық «Дарынды оқушыларға – талантты ұстаз» байқауында қорғап, іс-жүзінде дәлелдеп шықты. Оның айтуынша, оқушылар білім ошағындағы академиялық жетістіктерін кітап оқумен байланыстырса, жан-жақты дамып, ізденіске ден қоймақ.
Жобаның мақсаты – оқушылардың оқу мәдениетінің деңгейін және олардың оқу белсенділігінің өсуін арттыру, жас ұрпақ бойында азаматтық, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, оқушылар, педаогогтар және ата-аналар арасында оқуды танымал ету үшін жағдай жасайды.
Кітапқұмар оқушыларға арналған әлеуметтік сайт 7 қосымша беттен тұрады. Олар: басты бет, жаңалықтар, Kitap Fest, E-кітап, аудио кітапхана, үздіктер тақтасы, жобаның авторы, кері байланыс.
Қазіргі таңда кітап оқуға үндейтін сайтты 150-ден аса аудан оқушылары пайдалануда. Жобада 200-ден аса кітап қоры жинақталған. Оның ішінде оқушыларға арналған танымдық кітаптар, қазақ қаламгерлерінің әдеби шығармалары, әлем әдебиеті мен бестселлер оқулықтар топтастырылған.
«Кітап оқу жобалары білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Олар жастардың интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал етіп, оларды білімге, ғылымға, мәдениетке баулуға мүмкіндік береді. Сондықтан да осындай жобаларды дамыту және қолдау қоғамның болашағы үшін маңызды деп ойлаймын», – дейді Дәуренбек Миатұлы.
Кітап оқу жобасы — бұл тек қана оқушыларды кітап оқуға баулу емес, сонымен қатар олардың өз ойларын еркін жеткізу, талдау, сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал ететін маңызды жұмыс. Мұндай жобалар арқылы оқушылар түрлі тақырыптарға арналған кітаптарды оқып, оларды талқылау, өз көзқарастарын білдіру мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде олардың сөйлеу және ойлау дағдыларын жетілдіреді. Ғаламторды өз деңгейінде оқушыларға жақсы жағынан пайдалы ақпаратты ала білуге үйрету. Сонымен қатар, кітап оқу жобасы ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысуына, өз бетімен білім алуға деген қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Кітапты немесе белгілі бір шығарманы ұжымдық талқылау жаңа идеялар мен шешімдер табуға мүмкіндік береді.

ТҮРКІСТАНДА «ASPARA FASHION WEEK» ЖОБАСЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МАУСЫМЫ ӨТЕДІ

Түркістан қаласында 23-25 сәуір күндері аралығында «ASPARA FASHION WEEK» жобасының 15-мерейтойлық маусымы өтеді. 2017 жылдан бері дәстүрлі түрлі өткізіліп келе жатқан бағдарлама әлемдік сән индустриясында өзіндік орнын қалыптастырып, дүниежүзілік сән апталықтарының ресми күнтізбесіне енген. Бұған дейінгі 14-маусым кезінде 55-тен астам елдің 700-ден астам дизайнері қатысып, Қазақстанды, оның бай мәдениетін, дәстүрін және туризм әлеуетін жақыннан тануға мүмкіндік алған. Бұл жайында «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық жобасының президенті Айдархан Қалиев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Бүгінде бұл жоба жаһандық деңгейдегі 20-дан астам ірі сән апталықтарымен серіктестік орнатқан. «ASPARA FASHION WEEK» туралы әлемнің жетекші сән басылымдарында жазылды. Олардың қатарында америкалық «FNL Network» телеарнасы, «ELLE» журналы, «MERCURYʼS», «Gazzetta Italia», «Fashion Collection», «Business Emirates», «DFashion magazine», «ZOOM» секілді әйгілі басылым беттері бар»- деді жоба жетекшісі.

Түркістанда өтетін сән көрсетіліміне әлемнің 10 елінен 40-тан астам дизайнер қатысады. Оның 70%-ға жуығы қазақстандық жас сәнгерлер. Жоба жетекшісі осындай көрмелер арқылы әлемдік сән өнерінің үздіктерімен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік сыйлауға ниетті екенін жеткізді.

«Түркістан – көне тарих пен дәстүрдің ұштасқан орны. Мұнда өте дәмді ас, қонақжай адамдар, әдемі қала бар екен. Біз осы жоба арқылы Түркістандай қаланы көргенімізге қуаныштымыз»- деді итальяндық «MadMood FASHION WEEK Milano» халықаралық жобасының президенті Марианна Мичелли.

Айта кетейік, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық жобасы Түркістан қаласының Дүниежізілік «Қолөнершілер қаласы» статусын алуы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл мәртебе киелі шаһарға биыл берілген болатын.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АШЫҚ ЖАҒАЖАЙЛАР САНЫ АРТАДЫ

Түркістан облысында шомылу маусымы басталмағанына қарамастан 2025 жылдың басынан түрлі жағдайларда

16 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Оның 6-ы жас балалар. Бұл туралы өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.

«Жалпы облысымыздағы ең басты мәселелердің бірі – арнайы шомылу орындарының аздығы. 2024 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қосымша 14 шомылатын арнайы жағажайлар жұмыс істеді. Бұл облыстың 2 миллионнан аса тұрғынына аз. Сондықтан да биыл облыс әкімдігінің қолдауымен шомылуға арналған ашық жағажайлардың санын 50-ге жеткізу жоспарлануда. Айта кететін жайт, өткен жылғы статистика көрсеткендей қайғылы жағдайдың 45%-ы канал, арықтарда орын алған. Сол себепті облыс тұрғындарына шомылу маусымының басталуына орай судағы қауіпсіздік ережелерін толықтай сақтауларын сұраймын»-деді сала басшысы.

Сонымен қатар баспасөз жиынында Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дулат Арын жылыту маусымының аяқталуына орай жыл қорытындысын баяндады.

«2024-2025 жылғы жылу беру кезеңінде өңірімізде улы газдан уланудың 7 жағдайы тіркелді. Уланудың салдарынан 5 адам қайтыс болып, 7 адам жарақат алған. Сонымен қатар, облыс аумағында 2024-2025 жылдары жылыту маусымы кезеңінде 201 өрт оқиғасы тіркеліп, өрт салдарынан 4 адам қайтыс болып, 5 адам жарақат алды. Сондай-ақ, 2024 жылы орман шаруашылығында жалпы көлемі 1986 гектар аумақты шарпыған 6 өрт оқиғасы тіркелді. Ал биылғы жылы орман өрттері тіркелген жоқ. Дала орман өрттерін алдын алу мақсатында облыс бойынша өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілуде»-деді спикер.

 

ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІНЕ ОРАЙ «Weekend.Book.Vibes» МӘДЕНИ ШАРАCЫ ӨТТІ

Түркістанда облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының бірлесуімен «Ұлттық кітап күніне» орай шара өтті. Салтанатты жиында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Нұржанұлы арнайы сөз сөйлеп, мерекенің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, жиынға қатысқан журналист Тельман Бейсен, тарихшы-ұстаз Баян Адырбек, мәдениет қайраткері, Түркістан қаласындағы «Әйелдер алқасының» төрайымы – Ұлжан Мұстафаева, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі – Сайлаухан Жоланов, журналист Төребек Байтас, ақын Дәурен Тілеухан ұлттық кітап күнімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Бұдан бөлек, іс-шараға «TalkLike» оқырмандар клубының мүшелері мен оқырмандары қатысты. Мәдени шара – кітап сүйер қауымның демалыс күндеріндегі оқуға деген махаббатын, жайлы атмосферасын және оқыған кітаптарынан алған әсерлерін бөлісуге бағытталған. Сондай-ақ, «Weekend.Book.Vibes» аясында «Оқырман дәмханасы» тақырыбында шара өтті. Сонымен қатар, іс-шара барысында әдеби викториналық сұрақтар, кітап көрмесі жасақталып, шолу таныстырылымдар өткізілді.

Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында тарихи мұра маңайы тазартылды

Түркістандық жастар «Таза Қазақстан» аясында тарихи-мәдени және киелі нысандар аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Киелі жерлердің тазалығын сақтау, тарихи-мәдени мұраларға деген құрметті арттыру, сондай-ақ жастардың экологиялық сана-сезімін нығайту мақсатында 300-ден астам белсенді жас, еріктілер, музей қызметкерлері және қала тұрғындары тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында қатысушылар аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазалап, абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Нәтижесінде 2 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны көгалдандыру мақсатында 50-ден астам ағаш көшеті отырғызылды.
Бұл бастама тарихи орындардың сақталуына, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына және тұрғындар арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізілген бұл сенбілік алдағы уақытта Түркістан облысының өзге де тарихи-мәдени орындарында жалғасын табатын болады.
Атап өтейік, кеше «Таза Қазақстан» экофестивалі өтті. Аталған шарада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керектігін атап өткен болатын.
Президент бастамасын қолдаған Түркістан облысында былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы кеңінен жүргізілуде. Экологиялық акция аясында облыста былтыр бастау алған “Үлгілі ауыл” байқауы биыл да жалғасын тапты.
Биыл байқау ережесін өзгеріс енгізіліп, аудан орталығы болып табылатын ауылдар қатыстырылмайды.

Сонымен қатар, биылдан бастап «Жомарт түлек» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың, ауыл тумаларының туған жерін, білім алған оқу орнын абаттандыру, эстетикалық көрінісін реттеу, тазалығын сақтау, демеушілік жасау қолға алынды.