Баб Араб кесенесі – Түркістанның мәдени мұрасы

Түркістан қаласы діни-рухани орталық болғаны ортағасырлық Қазақстан тарихынан белгілі. Ықылым заманнан бері жартылай көшпелі, жартылай отырықшылық мәдениетті ұстанған, Сырдың орта ағысын мекендеген халықтың дінге деген көзқарасы түзу болған. ХІV ғ. Әмір Темір бұйрығымен бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңызы Түркістан және оның айнала шетіндегі қала, қоныстарға ислам мәдениетінің берік орнығуына септігін тигізді. Қалаларда сол заманда-ақ көптеген мешіттер салына бастады. Әйтсе де, олардың  біразы бертін келе бұзылып жермен жексен болып кетті.

Тарихи деректерге сүйенсек, ортағасырлық Түркістан қаласында 1864 ж. 20 мешіт болған Ал, 1908 ж. 41 мешітке көбейсе, жалпы өңірде 22- мектеп-медреселер жұмыс істеп тұрған Қоқан хандығы билігі (1819 – 1864 жж.) тұсында Түркістанда жаңадан құрылыс салу жағынан өзгерістер болды. Қаланы қоршаған қорған, қақпалар қайта тұрғызылды. Қаланың әрбір шағын, магистралды көшелерінде махәлләлық мешіттер бой көтеріп ислам дінінің артуына одан да жақсы ықпалын тигізді. Бұл ретте, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағат деректеріндегі тізімге сүйенсек 1920 ж. Түркістан өңірінде 62 мешіт болған. Бұлардың көбісі дерлік бертін келе 1930 ж. Кеңес өкіметінің солшыл саясатының әсерінен бұзылып қиратылды. Бұған сталиндік қуғын – сүргін жылдары молдалардың қамауға алынып, жер аударылып, босып кеткені де өз әсерін тигізбей қоймады. Жәудір мешіт- медресесі, Хан мешіті, Сейітмұрат мешіт-медреселері де осылайша жойылды. Міне, сондай аты аңызға айналған осы мақалаға тақырып болып отырған Баб Араб әулиенің кесенесі мен мешіті де сол кезде бұзылған болатын.

-Баб Араб кесенесі Ескі Түркістан қаласының Жеті ата қақпасының қасында орналасқан және салынған уақытын ғалымдар ХІХ ғасырға жатқызады. 2009-2010 жылдары Жеті Ата қақпасы маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған кесене, 2011 жылы қайта қалпына келтірілді. 2011 жылы Жеті Ата қақпасын тарихи деректер негізінде сақталған іздері бойынша қалпына келтіру жұмыстары барысында кесектен қаланған Баб Араб кесенесі қабырғасы да анықталған болатын. Сондай-ақ, Баб Араб кесенесі ізімен бірге төртбұрышты кірпіштен тұратын еден мен құлпытасы да табылды. Бұл құлпытас еденінің ортасында күйген қыштан қаланған және сырты кейінгі кездері бірнеше рет қара сыбақпен, соңыра құм сыбақпен сыланып, ақталған. 1910 ж. түсірілген фотосуреттен кесененің қабырғалары мен күмбезі қам кесектен қаланғандығын байқаймыз, қалай болғанда да, сырты қалың етіліп қара сыбақпен сыланған, биіктігі шамамен 5м (күмбезінің ұшына дейін). Кесененің еденіне төселген кірпіштері көне заманға жатады, шамамен XIV-XVғғ.

Кесененің салыну тарихы жайында мынадай аңыз тараған: Түркістаннан бір кісі Меккеге барады, алайда қайтуға ақшасы жетпейді. Әбден шаршаған ол Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың қабірін құшақтап жылайды екен. Күндердің бір күнінде оған бір адам келіп ертеңгі жұма намазы кезінде бір ағашқа қара ат байланатындығын және сол аттың иесі кез келген арманын орындай алатындығын айтады. Еліне оралуды қалаған кісі айтылған ағашқа барып байланған қара атты көреді. Аттың шылбырын ұстап, оның иесін күтуге қалады. Жұма намазы аяқталған соң аттың иесі келеді, алайда күтіп тұрған кісі шылбырын жібермей оны тастамауын жалына айтады. Кісіні аяған ат иесі оны артына отырғызып, көзін жұмып және сол сәтте ашуын сұрайды. Көзін ашқан кезде олар Түркістанда болады. Ат иесі Әзірет Сұлтанға қарай кетіп бара жатқан кезінде оның есімін сұрағанда «мен Баб Арабпын» деп айтады да сол сәтте ғайып болып кетеді. Еліне оралған кісі бұл оқиғаны халқына айтып, атпен түскен жерінде Баб Арабқа арнап күмбез салады делінген аңызда» — дейді қорықшы Н.Әкімқұлов

Ш. Әшімұлының «Әзиз Әулиелер» атты еңбегінде – «Баб Араб» мешіті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 300 м – дей жерде орналасқанын айтады. Домалақ ана әулиенің бабасы Махтым Ағзам Қожа осы Баб Араб мешітінің имамы болады. Бұл кісінің баласының, яғни, Домалақ ананың әкесінің есімі Әлисман, шежіре кітаптарда осылай делінген. Кейбір деректерде Сайрамдағы Мір Араб мешіті де Баб Араб салдырған мешіт, бұл екі кісі бір адам деп көрсетеді.  Ал, Қызылорда қаласы Қазбек би көшесі №43 үйдің 6 пәтерінде тұратын Жолдыбаев Өтеген Ысқақұлы өзін Баб Арабтың ұрпағы екенін, ондағы Баб Араб есімі лақап ат екенін, оның шын есімі Сабыр Мәлік болғанын айтады. О.Дастанов өзінің «Әулиелі жерлер туралы шындық» деген еңбегінде Баб Араб аңызын айта келіп әулиенің жатқан жері жайлы хабар береді.

-Ш. Әшімұлы, О.Дастановтардың аңыз әңгімелері мен жергілікті халықтың ауызша берген дерегіне сүйеніп Қ.А.Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300 м жердегі Ескі Түркістан қаласының Жеті ата деп аталатын қақпасының оңтүстік мұнарасының артында орналасқан Баб Араб кесенесі мен мешіті орынына 2009 – 2011 жж. аралығында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіздік.

«Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес жүргізілген 2009 ж. жұмыс барысында оңтүстік мұнараның арт жағына орналасқан кесене едені аршылды, тұрғындар Баба Ғаріп (Баб Араб) деп атайтын бұл кесененің ортасында қыштан қаланған құлпытас орнатылған Бөлменің ішкі жағында күйген қыштан төселген едені бар. Қабырғалардың іргесін «патша кірпіші» деп аталатын кірпішпен бекіткен екен. 2011 ж. археологиялық қазба жұмыстары қайта жалғасын тауып, 2009 ж. зерттелген Баб Араб кесенесінің солтүстік-шығыс бетінде орналасқан, тарихта Баб Араб мешіті аталған төбешікке қазба жүргіздік. Реперлік нүктеден 2 м тереңдіктен өлшемі 6 х 6 м мешіт бөлмесінің орны анықталды. Бөлме еденіне өлшемі 28 х 28 х 5 см жалпақ қыш төсеген. Еден қышы 4,6 х 3 м шамасында сақталған. Еден үш рет жөндеуден өткен. Әуелгі едені реперлік деңгейден 2,25 м, екіншісі 2,15 м, соңғысы 2,1 м төмендікте орналасқан. Өлшемі 1 х 1 м етіп патша қышымен қаланған мешітке енетін қақпаның шығыс пилоны мен қабырғасы да табылды. ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында мешіттің кіре беріс қақпа пилоны қабырғалары және едендері қайта жөндеуден өткен. Мұны А.И. Добромысловтың «Города Сыр – Дарьинской области» атты еңбегіндегі дерек қуаттай түспек. Онда: Соңғы рет мешітті 1908 ж. Шейх әл-ислам атағынан үміткер Атахан қожа Асқар Қожынов қайта салғызғаны айтылған. Осы кезден бастап мешіт Атахан қожа мешіті деп атала бастаған, мұны 1920 ж. Түркістан өңіріндегі аталып өткен мешіттердің тізіміндегі картаға жазылған мазарат ішіндегі Атахан қожа мешіті деген атау да растайды.

Кейінірек (ХХ ғ. басы) мешіт 1930 ж. бұзылып ішіне адам жерленіп, құрылыс кешенді кесенеге айналған. Мұны  археологиялық  зерттеу барысында анықтадық. 2009 – 2011 жж. қазба барысында байқағанымыздай оңтүстік мұнара құрылысы түгелдей кешенді кесенеге айналып кеткен. Мұның себебі, ХІІ – ХVІІІ ғғ. бұл маңда Жеті ата деген қала сыртындағы мазарат болған. Оның Жеті ата аталу себебі бұл жерде Ахмет Ясауидің (өз өтініштері бойынша) бір молаға жерленген жеті мүридінің кесенесі орналасқан. Бір кездері бұл жерде қалың тұт бағы мен орасан үлкен мазарат болғандығын, ол мазаратқа өтетін Бабырат ата көпірі болғанын Наушарбай ақсақал айтып кеткен болатын. Бұл мазарат кейін қақпаның да «Жеті ата қақпасы» деп аталуына және аталған қақпаға алып баратын Бас көшенің де Жеті ата көшесі деп аталуына негіз болған.Қақпаның оңтүстік мұнарасының ішіне және сыртына бірнеше мәйіттің жерленуіне қарағанда (бір кездері сүйектерді Ясауи кесенесі маңына жақын жерлеуге тырысқандай, сүйектерді Баб Араб және осы қақпа мұнарасының түбінде жатқан Үндемес ата әулиелердің маңына жақын қою да ғұрып болған секілді.» — дейді тарихшы, өлкетанушы Қайрат Мұсабаев.

Қазіргі таңда, Баб Араб кесенесі мен мешітінің онда орналасқан Үндемес ата кесенелерінің эскиздік жобасы жасалынуда, болашақта Ескі Түркістан қаласының тағы басқа ескерткіштерін қайта қалпына келтіріп, Түркістанды туризм қаласына айналдыруымыз қажет деп есептейміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Тұяқбаев М., Мұсабаев Қ., Өсеров Т. Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің 2013 ж. Жәудір мешіт-медресесі орынында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының Есебі.
  2. Тұяқбаевтың жеке қоры.
  3. Смағұлов Е., Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ., Мүташев Е. Ескі Түркістан қаласының Жеті ата қақпасының тарихи орынында 2009 ж. жүргізілген археологиялық зерттеу жұмысының Есебі. Түркістан, «Әзірет Сұлтан» қорығы мұрағаты.
Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*