Құрметті ағайын, бүгінгі Конституция күні мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Көк байрағымыз көгімізде желбіреп, аспанымыз ашық жұртымыз аман болғай!
Ата заң — еліміздің барлық жетістіктердің бастауы десек, халқымыз үшін жөні бөлек осынау мереке қарсаңында Қазақстан Журналистер одағының атынан арнайы марапат табыстадық. Бұл бейбіт күннің батырларын дәріптеу, сала мамандарын ынталандыру мақсатындағы «Алтын медаль» төсбелгісі. Міне, осы марапатқа өңіріміздегі бірнеше сала қызметкерлері арасында патрульдік полиция батальонының инспекторы Дәулет Сағынбаев лайық деп табылды.
Айтулы мереке қарсаңында Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы Мұрат Талапұлының қатысуымен өткен мерекелік шарада аталған марапатымызды өз иесіне салтанатты түрде табыстадық.
Кейіпкеріміз қандай ерлік көрсетті десеңіз оқиға қысқаша былай өрбіген: «Сарыағаш-Жетісай-Жібек Жолы» тас жолының 155-130 шақырымында кезекшілікке түскен полицейлер, күндізгі уақытта жол бойында адамдардың көмек сұрап тұрғанын байқайды. Мән-жайды анықтай келе Сырдария өзенінде ағып бара жатқан адамды көреді. Еш ойланбастан көмектесуге кіріскен полицей Д.Сағынбаев суға секіріп, әріптесі Н.Сапархан екеуі батып бара жатқан ер адамды жағаға алып шығады. Белгілі болғандай, Мақтаарал ауданының тұрғыны суға кеткен малын құтқарамын деп өзі шыға алмай қалған.
Өз өмірін қатерге тігіп, қызметіне адалдық танытатын мұндай азаматтар қашан да құрметке лайық. Бұл ретте Қазақстан Журналистер одағының бейбіт күннің батырларына арнап тағайындаған «Алтын медаль» жыл сайын еліміздің әр өңірінде ерлік танытқан бір азаматқа тапсырылатын болады.
Ендеше Мұрат Қабденов ағамыз бастаған түркістандық полицейлерге абырой биігінен көріне беріңіздер дейміз.
Айта кетерлігі, сол жиында өңіріміздегі бас полицей әріптестерін құттықтап, қызмет бабында қаза болған полиция қызметкерлерінің жақындарына ерекше ілтипатпен құрмет көрсетті.
Мәлік Дәулетов — Қазақстан Журналистер одағы, Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, «Түркістан» газетінің директоры.