Түркістан: Этноауылда ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанды.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Бәйдібек ауданының өнерпаздары рухани астана аспанында әуелеткен әнімен, күмбірлеген күйі, мың бұралған биімен, ұлттық дәстүрдің сан түрінен өнер көрігін қыздырды. Этноауыл аумағында «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» атты аудан қолөнершілерінің көрмесі мен суретшілердің, «Тарихым бар жазылған ғасырлардан» атты кітап көрмесі жасақталды.

Мерекелік жәрмеңкелер мен көше театры көріністері көпшілік назарына ұсынылды. Киіз үйлерде ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанды. «Саз отау» ұлттық аспаптар оркестрі және аудан өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.

Сонымен қатар, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды да насихаттау кеңінен қолға алынды. Бәйдібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар тапсырылды.

Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.

Екі күнге созылған шараны «Керуен сарай» кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты шараны Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев ашып беріп, Түркістан жұртшылығына ізгі тілектерін білдірді.

Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен әсем ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де көрініс тапты. Гала концертке аудан өнерпаздары Бағдат Юсупов, Қуат Қасенов, Мұрат Бөбеев, Айжан Жүсіпбекова, Сатман Мәди, Дәулет Таевтар ән шырқаса, «Балауса» цирк ұжымы қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, аудан өнерпаздары би билеп, жанды дауыста «Шаттық» вокалды аспапты ансамблі мерекелік кештің сәнін кіргізді.

Айта кетейік, шараның алғашқы күнінде Этноауылда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі сахналанды. Ал, екінші күні арқан тарту, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату, қол күресі мен садақ ату, гіртасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Осылайша, Түркістан төрінде Бәйдібек ауданының мәдени күндері жоғарғы деңгейде атап өтілді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*