Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Мақталы ауылдық округі Тың елді мекенінің табиғи газға қосылу шарасына қатысты. Тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты. Халықпен кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып жатқанын жеткізді. Айта кетейік, өңір әкімнің бұған дейінгі халықпен кездесулерінде тұрғындар тарапынан бірқатар өтініштер мен талап-тілектер айтылған болатын. Олардың қатарына ауыл халқының басым бөлігі көгілдір отынның мәселесін айтып, елдімекендерді табиғи газға қосу бойынша өтініштерін жеткізген еді.
«– Бүгін Жетісай ауданында қуанышты сәтте жиналып тұрмыз. Аймақтардың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінгі сапарымда өздеріңізбен жүздесіп, Тың ауылын табиғи газға қосқалы отырмыз. Бұл мәселе биыл аудан тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген еді. Мәселе шешімін тауып отыр. Біз облысымыздың елді мекендерін газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. 2025 жылы 46 жобаның құрылысы аяқталады. Газдандыру деңгейін 75 пайызға ұлғайтып, 606 елді мекен көгілдір отынды пайдаланатын болады. Оның ішінде соңғы үш жылмен салыстырғанда бір ғана Жетісай ауданын табиғи газбен қамту көрсеткіші 22 пайызға артты. Бұл жұмыстар облысымыздың басқа аудандарында да жүргізілуде. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтай отырып, әр шаңыраққа жылу, береке, амандық тілеймін!» – деді Нұралхан Көшеров.
Өңір басшысы аудан ақсақалдары мен тұрғындарымен кездесуде облыста мақта кластерін дамыту бағытындағы жұмыстарды да баяндады. Мақтаны өсіруден бастап, терең өңдеп, киім тігуге дейін жоспар жасалғанын, мақта егуде жаңа технологияларды енгізу маңызды екенін жеткізді.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында аталмыш елді мекеннің газ құрылысы жұмысы биыл мамыр айында басталып, қазан айының соңында аяқталған. Облыстық бюджеттен бөлінген 164,2 млн теңгеге жүргізілген жалпы ұзындығы 7,9 шақырым құбырдың 0,9 шақырымы жоғары қысымды болса, 7 шақырымы төмен қысымды. 942 тұрғын тұратын шағын ауылда 133 абонент бар.
Түркістан өңірінде соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Табиғи газдың келуі – тек инфрақұрылымдық жетістік қана емес, тұрғындардың тұрмысын жақсартып, өмір сапасын арттырған үлкен өзгеріс. Осыған байланысты жергілікті халық билікке, құрылысшылар мен мамандарға шынайы алғысын білдіруде. Газ жүйесінің тартылуы бірінші кезекте тұрғындардың тұрмыстық жайлылығын арттырады. Бұрын көмір жағып, күл шығарып, қыстың суығында от жағудың машақатын көрген отбасылар бүгінде қауіпсіз әрі тиімді отын түрін пайдалануға мүмкіндігі бар. Үйлер жылдам жылынады, тұрмыс жеңілдеп, уақыт үнемделеді. Бұған қоса, экологиялық тұрғыдан таза отынның қолданысы ауа сапасының жақсаруына да оң әсерін тигізеді.
« – Көгілдір отынға қосылудың тағы бір маңызды артықшылығы – экономикалық тиімділік. Табиғи газ отын шығынын азайтып, бюджеттік жүктемені төмендетеді. Тұрғындар коммуналдық шығындарын ұтымды жоспарлап, үнемделген қаражатын басқа қажеттіліктерге жұмсауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ газдың келуі әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікке де қолайлы жағдай туғызады. Бұл игілікті істің жүзеге асуына облыс басшылығының қолдауы, сала мамандарының үздіксіз еңбегі үлкен үлес қосты. Әсіресе, жобаны іске асыру барысында уақытпен санаспай тер төккен құрылысшылар мен инженерлердің жұмысы ерекше құрметке лайық. Халықтың ықыласы мен ризашылығы – соның айқын дәлелі.Көгілдір отынға қосылу – тек коммуналдық қызметтің жақсаруы емес, халықтың әлеуметтік ахуалы мен өмір сапасының көтерілуі. Бұл – тұрғындардың сенімін нығайтып, болашаққа деген үмітін арттырған маңызды қадам. Тұрғындардың алғысы – жасалған істің нағыз нәтижесі.» – деді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.
Айта кетейік, Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде аудандағы 105 елді мекеннің 93-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жеткен. Өткен жылы 4 елді мекенге газ берілсе, биыл 14-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 6 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
