Төлеби: “Халал-шариғат талабы” тақырыбында аясында семинар өтті

«Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Өйткені, ол – бойға қуат сыйлайтын тәннің азығы, Алланың нығметі деп білу әрбір иісі мұсылман баласына міндет. Олай болса, ішетін асымыз қалай және неден жасалғанына, құрамына, халал сертификаты бар-жоқтығына мән бергеніміз абзал. Дәл осындай маңызды мәселені қамтыған жиын Төлеби ауданында өтті. ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігі, Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлының бастамасымен “Халал-шариғат талабы” тақырыбында аясында аудан кәсіпкерлерімен бірге семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Түркістан облысының Бас имамы Ержан қажы Сматұлы, іс басқарушы Ә. Тұрлыбеков, кеңесші М.Құлымбетов және Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов, облыстық Халал даму бөлімінің эксперт-технолог маманы Аружан Маратқызы, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Төлеби ауданы филиалының директоры Мусаева Маржан Асқарбекқызы және ауданның кәсіпкерлері қатысты. Оқу-сеинарында халал мен харамға, оның амал-құлшылыққа тигізер әсеріне, дастархандағы астың тазалығы мен адалдығына, адал өнім тұтынудың ұрпақ денсаулығы мен тәрбиесіне тигізер ықпалына қатысты маңызды мәліметтер мен пайдалы ақпараттар айтылды. Мұсылмандық дүниетаным мен қазақи пайымды салыстыра отырып, халал төңірегіндегі өзге де мәселелерді қозғалды. Мамандар әлемдік халал стандарттарында көрсетілген құнды деректерді баяндай отырып, шариғатымыз бойынша харам және күмәнді болып саналатын өнімдерден сақтанудың жолдарын ұсынды.

— «Алла Тағала адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін ажыратып көрсеткен. Адал астың адам рухына, денсаулығына, құлшылығына тигізер ықпалы мол. Дұғамыздың қабыл болуы, деніміздің сау, ұрпағымыздың ұлағатты болуы жеген асымыздың адал болуына тікелей байланысты. Алла пендесі  үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Адам баласы Құдай бұйыртқан рызық-несібені сенімді түрде пайдаланып, ішіп-жеуіне болады. Алайда, бұл қолына түскеннің барлығын пайдалануына болады деген сөз емес. Оны қандай жолмен тапқаны өте маңызды. Адам ішіп-жейтін нәрселерінің діни тұрғыдан халал, таза болуына және тапқан табысында кісі ақысы болмауына баса мән беруі керек. Ақ адал маңдай термен табыс, пайда табу өте маңызды. Халал, материалдық әрі рухани тұрғыдан таза, нығметтерді рұқсат етілген шеңберден шықпай, өз орнымен, өз жөнімен пайдаланған жөн. Қазақта «Басқа амандық, асқа адалдық берсін» деген сөз бар. Бастың амандығы, астың адалдығы қашаннан мәнін жоймаған құндылық болса, бүгінгі таңда оның өзектілігі тіптен арта түсуде. Шынтуайтында, біз қандай ас жесек, рухымызға сол әсер етеді. Иманың әлсіреп, Құран санаңа қонбай жатса, міне мән беру керек дүние асыңның халал болмағы. Бұл үйде ас дайындап жүрген әйелдерге де, сол азықты тауып келіп жүрген ер адамға да қатысты. Халалға мән бергенде тек асқа ғана емес, тұтынып отырған барлық өнімге мән берген абзал. Мысалы, халал  өндірісіне тамақ өнеркәсібі, оның ішінде ет, сүт, нан, сусын, кондитер өнімдері, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, яғни тері бұйымдары, барлық киім-кешек түрлері, одан кейін білім беру, бұл дегеніміз ислам теологиясы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, тағы денсаулық саласы, дәрі-дәрмек, перзентхана тағы басқасы,  қаржы-қаражат, яғни кредит, өсім бойынша, мәдени орындар, театрлар, демалыс орындары, қонақ үйлер, даяшылық қызмет, яғни асхана, дәмхана, сауна, кемпинг-мотел, туризм тағы басқалары да жатады. Ендеше біз  халал стандартын қажет етпейтін құрылым жоқ деп айта аламыз. «Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Ал шариғат – барлық Ислам қауымының қалай жүріп тұруын, жалпы алғанда өмірлік қағидаларын айқындап көрсететін айқын жол.» — деді Түркістан облысының Бас имамы Ержан қажы Сматұлы.

Семинарда халал мен харамды ажырата білу ауадай қажет екендігі және халал стандартының талаптары мен ерекшеліктері айтылды. Сонымен қатар, жергілікті имамдарға өңірде халал жөнінде ақпарттандыру жұмыстарын жетілдіріп, үгіт-насихат шараларын арттыру маңызды істердің бірі екендігі жеткізілді. Семинар барысында кәсіпорындарға қалай тексеріс жұмыстары жүргізілетіні, халал сертификаттары қалай берілетіні және енгізілген өзгерістер төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, табиғи қоспалар және өндірілген түрлі заттардың діни және ғылыми негіздерге сүйеніп, харамдығы дәлелденетіні ескертілді. Сонымен қатар халал өнім өндіру технологиясы, тағамдық қоспалардың құрамы мен бөлінісі жөнінде мағлұмат берілді.

Жалпы семинардың негізгі мақсаты – дініміздегі халал мәселесі жөнінде ақпарат беру, халал өнімдерді ҚМДБ жанынан ашылған “Халал даму” сертификатын беру жолдары, оны қолдану, арнайы тексеру жұмыстары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу бағытына негізделді.  Сонымен қатар басқосу барысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауаптар берілді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*