Қазіргі қоғамда цифрлық технологияның қарқынды дамуына байланысты интернет желісінде жасалатын қылмыстардың түрі де көбеюде. Әсіресе, интернет алаяқтық деректері күн сайын артып келеді. Осыған орай Ордабасы ауданының полицейлері интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Яғни жедел уәкілдер Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындармен кездесу өткізіп, «Интернет алаяқтықтан сақ болыңыз!» тақырыбында ақпарат берді. Азаматтарға тақырыпқа сай фотосуреттер таратылып, ақпараттық тақтайшаларға ескерту парақтары ілінді.
Айта кетейік, қазіргі таңда азаматтардың ақшасын алдау жолымен заңсыз иемдену – қылмыстардың ең көп тараған түрі. Аталған қылмыс түрімен күресу елімізде және бүкіл әлемде өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында алаяқтық қылмыстарға қарсы нақты шаралар қабылдау керек екенін атап өткен болатын. Осы мақсатта елімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, халыққа насихат жұмыстары да жүргізіліп келеді.
Бүгінде аймақта интернет алаяқтықтың үш түрі кеңінен таралған. Яғни, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады, интернет-дүкендердің атын жамылып алаяқтық жасайды, жалған инвестициялық жобаларға қатыстыру арқылы азаматтарды қаржысынан айырады. Алаяқтар көбіне микроқаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдейді. Қала берді, әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойнатып, халықты құрығына түсіретіндер де бар. Бүгінгі таңда, әлеуметтік желіде бәрі ашық. Халық жарнама, тауарлар мен қызметтерді көп қарайды. Алаяқтар осы жағдайды ұтымды пайдаланады. Сауатты сөйлеп, адамды шатастырады. Сондықтан, полицейлер белгісіз номер қоңырау шалса құпиясөзді, картаның нөмірін, операцияны растау SMS-ін ешкімге айтпауға шақырады.