ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 130 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН.

Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 млрд теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Аталған жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен іске асырылып жатыр. Бүгінде жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, 2 млрд теңгеден астам салық облыс бюджетіне түсті.

Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа өндірістік алаңдар арқылы әрбір аудан мен қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі мақсат. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы жаңа индустриалды аймақтардың құрылысымен танысты. Атап айтқанда, Иассы, Қарашық және Жүйнек ауылдық округтерінде өндіріс алаңдары салынуда. 2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.

Тек Иассы ауылдық округінде орналасқан өндірістік алаңның өзінде 24 жоба іске қосылуға дайын. Аумағы 9 гектар болатын бұл алаңда жиһаз өндірісі, спорттық құрал-жабдықтар, жол белгілері, тігін шеберханалары, қағаз өнімдері цехы сынды кәсіпорындар жұмысын бастайды. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, жаңадан 600-ден астам жұмыс орны ашылады.

– Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Өндірістік аймақтарды аралау барысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Жалпы, Түркістан облысының 2025 жылғы қаңтар-мамырда өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14,8% көп. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 15,2%, өңдеу өнеркәсібінде – 14,1%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтауда – 17% өсті, ал сумен жабдықтауда, қалдықтарды жинауда, өңдеуде және жоюда, ластануды жою жөніндегі қызметте 0,5% кеміді.

2025 жылғы қаңтар-мамырда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 192085,6 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 106,4% құрады. Жүк айналымының көлемі 11703,5 млн. ткм-ді құрады, немесе 2024 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 123% құрады. Жолаушы айналымы 650,8 млн. жкм-ді құрады, немесе 2024 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 113,9% құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 117433,8 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 146,6% құрады. 2025 жылғы қаңтар-мамырда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 25,5% артып, 306,1 мың шаршы метрді құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 387838,2 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 151,1% құрады.

Тіркелген заңды тұлғалар саны 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 19270 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 5,5% өсті, оның ішінде 250 адамнан жоғары қызметкерлері барлар 101 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 17743 бірлікті құрады, оның ішінде шағын кәсіпорындар 17092 бірлік құрады. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар (заңды тұлғалар) саны 15383 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,3% өсті. 2025 жылғы қаңтар-мамырда бөлшек сауда көлемі 131737,6 млн. теңгені құрады немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16% артық. Ал, көтерме сауда көлемі 136271 млн. теңгені құрады немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 267,3% құрады.

Алдын ала деректер бойынша 2025 жылғы қаңтар-сәуірде ЕАЭО елдерімен өзара сауда 182,2 млн. АҚШ долларын құрап, 2024 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 43,6% көбейді, оның ішінде экспорт –70,2 млн. АҚШ долларын (7,7% көбейді), импорт –112 млн. АҚШ долларын құрады (81,5% көбейді).

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*