Күй – қазақ халқының рухани байлығы

Күй — өте көне өнер. Оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, сонау ұлыстық дәуірден бастау алатынын айтады тарихшылар мен өнер майталмандары. Ұлыстық дәуір дегеніміз Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы замандарындағы мәдениет. Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар да кездесіп жатады. Яғни сол кезеңдерден ата-бабаларымыздың әдеби мұралары сақталған. Қазақ хандығының заманында күйдің ұлттық дәуірі қалыптасты деп айтуға болады. Бұл кезең жыраулық дәстүрдің салтанат құрған кезі, күйдің де ұлттық сипатқа лайық аспаптық шығармаға толық айналып болған кезеңі болды. Яғни қазақ халқының сол дәуірдегі күйлері — тарихи күйлер қатарына жатады, мұнда хандық мемлекеттің басынан өткерген салтанаты мен қайғылары, ерліктері мен елдіктері, бірлік пен ынтымақтың туын көкке көтерген дархан даладаның мәдениеті баяндалады. Күй – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың асыл мұрасы және мәдени байлығы. Оның өміршеңдігі әр заманның рухани тілегіне сәйкес, жоғары интеллектуалдық парасаттылығымен табындырып, өзгеше өрнегімен таразыланып келеді. Күйлер халықтың тарихи тағдырымен тамырлас болған өнер. Күй өнері – ұрпақ арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы, ұлттың ұмытылмас мұрасы. Оған дәлел еліміздегі күй өнеріне қатысты ұйымдастырылып жүрген түрлі додалар мен сайыстар, байқаулар мен игі іс-шараларды айтуға болады.

Дәл осындай мақсатта, Түркістан облысының орталығы рухани және мәдени орталыққа айналған Түркістан қаласында мәдениет және туризм басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өтті. Облыстық «Фараб» кітапханасында өткен байқауды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, байқаудың маңыздылығын атап өтті.

« Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен өңірімізде руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, облыстың барлық аймақтарында ақындар айтысы ұйымдастырылып, терме өнерінің дамуына жағдай жасалып, ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда. Осы үрдістердің заңды жалғасы ретінде ұйымдастырылған бүгінгі байқауда байтағымыздың әр аймағынан келген 30-дан астам күйшілер бақ сынауда. Оңтүстік өңірінен шыққан дәулескер күйшілердің жарыққа шықпаған туындылары өте көп. Бұл байқаудың мақсаты – сол құндылықтарды қайта жаңғыртып, өзіндік орындау мақамымен қолданысқа енгізу. Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй-қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының асыл тұғыры және биік мұрасы. Халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді. Күй өнері – қазақ халқының, оған қоса түркі жұртының жансерігі және ажырамас асыл қазынасы. Күйдің кереметтілігі, ол тарихтан сыр шертеді, өмірдің мән-маңызын тыңдаушыға жан-жақты ұқтырады және ұғындырады. Күй түрлі қиялға және ұшқыр ойға жетелейді. Өмірде адам болып қалыптасуға, жақсылыққа, мейірім мен ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді түсінген адамдар ешқашан жамандыққа, жат әрекеттерге, арамдық пен қатігездікке бармайды, оған жол бермейді.Міне күйдің құдіреті деген осы шағар. »– деді өз сөзінде Бейсенбай Дәулетұлы.

Еліміздің мәдени, рухани орталығында өткен күй байқауында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің көркемдік жетекшісі Батыржан Мықтыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері Мұрат Әбуғазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Нұрбек Тапалов, танымал дирижер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Дәуренбеков және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің дирижеры Шыңғыс Исаевтар қазылық етті.

Байқауға қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңнің талаптары мен шарттарына сәйкес үміткерлер Сүгір Әлиұлының күйлерінен бір күй және Төлеген Момбековтың күйлерінен бір күй орындады. Ал екінші кезеңде Айтқали Жайымовтың «Шалқыма», Ермұрат Үсеновтың «Майра», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақсақ құлан» және Қаршыға Ахмедияровтың «Хамаң толғауы» күйлерінен билет бойынша біреуін таңдап, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен және жеке домбырамен орындап шықты.

Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, өлең жолдарын өміріне арқау еткен тұлға Қасым Аманжолов күй өнеріне, қазақтың ұлттық аспабы домбыраға өз өлеңімен баға беріп:

«Домбыра, мұн­ша шешен болдың неге?

Күй толған көкірегің шежіре ме?

Сыр қозғап ғасырлардан жө­нелесің,

Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», — деген екен.

Міне осындай асыл азаматтарымыз қазақ өнеріне үлес қосқандығын, өзінен бұрын­­ғы дәстүр­лі күй, жыршылық өнерне жаңа серпінмен серпіліс беріп, лайықты бағалағанын көреміз. Киелі өнер қашанда өзіне тән ерекшеліктермен қазақ халқының шаңырағындағы төрінен орын алғандығын аңғаруға болады. Рсында да халқымыздың дәстүрлі музыкасында бірнеше күйшілік мектептің түйіскені белгілі. Ол мектептердің қалыптасуы мен өркендеуі де белгілі тұлғалардың есімімен тығыз байланысты болып келеді. Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгір күйлері ұрпаққа мәңгілік өнеге, ұлттық сарын сыйлаған дәстүрлі күй бұлақтары десек қателеспейміз. Қазақтың күй өнеріне деген құрметте, қызығушылық пен ыстық ықылас та жылдар өткен сайын жаңғырып, тереңдей түсуде.  Жалпы, күйшінің шеберлігі мен қазақтың шертпе күйлерінің шығу тарихы мен құдіреті турасында ғалымдар мен ел ағаларының пікірлері сан алуан.

Қазақтың заңғар жазушысы, көсемсөз зергері, қоғам қайраткері М. Әуезов:

«Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің ішкі сезім байлығын білдіретін болса,соның ішінде ең толғаулысы, ең сырлысы – күйі» – деп атап өткен екен. Ол — халқымыздың ұланғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі деп лайықты бағасын берген.

«Қазақ музыка шығармаларының ішіндегі ең ірі жанрлардың бірі – күйлер. Композиция жағынан, музыка мәдениетінің басқа өлшеулері жағынан қарағанда да, күйлер халық музыкасының жетіскен ірі тарауы екендігіне дау болмауы керек. Жоғарғы аспан немесе «Көк Тәңiрi» ұғымы «күй» деген сөзбен мағыналас. Ескi жазба үлгiлердiң iшiнде бұл сөз нұсқадан Махмұт Қашқаридың “Дивани Лұғат ат Түрiк” деген ХI ғасырдан қалған кiтабында «Күг – күй, саз дегенді білдіреді» делінген. «Күй деген сөздің арғы тегі «көк» пен байланысты болғанын көреміз. Көк пен су екеуі бір кезде бір ұғым болған. Бірі – жоғарғы, бірі – төменгі аспан болып саналған. Алғашқы адам ұғымында екеуі де космос. Бізде барлық табиғат адамның сыртқы табиғатымен араласуы, сонымен байланысуы болса, мына сөздiң өзiнiң аспан мағынасында болуы, осы пiкiрдi тағы да дәлелдеп отыр», – дейді Қ.Жұбанов.

Сондай-ақ, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев күй деген бүкіл түркі халықтарына ортақ өте көне түбірлі сөз екенін айтқан болатын.

«Бүгінде мемлекетіміздегі маңызды үлкен мерекелерінің бірі –  домбыра күні болып табылады. Бұл күн ұлттық мереке ретінде халқымыздың руханиятын көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап келеді. Ал, біздің тарихшылар, энографтар мен фольклористер күйдің пайда болу тарихы және өзге де сан алуан сұрақтарды қазып түрлі еңбектер жазды. Мысалы, біз оқыған кезең – кеңес дәуірі. Ол дәуірдің идеологиясының өзі басқаша еді. Дегенмен сол кезеңнің өзінде күйдің мәселесін қолдаған Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов деген мықты ғалымдар болды. Орыстан шыққан А.В. Затаевич, Арабин тағы да басқа ғалымдар сол жылдары күйді түбірлете кәдімгідей зерттеді. Одан бергі заманды алатын болсақ, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбеков сияқты үлкен ғалымдарымыз осы күйдің түбірі қайдан шықты деген әңгімелерді жазды. Қазақтың атақты ғалымы Ахмет Жұбановтың туған ағасы Құдайберген Жұбанов Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған кезде күй деген сөзді талдады.«Күй» деген сөздің мағынасы Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігінде» көк деген сөздің түбірінен шығады екен деген керемет бір революциялық үлкен жаңалықты кеңес заманында жазды. Одан кейін күйдің түбірін біздің қазақы сөздің жадысымен зерттеген – Ақселеу Сейдімбек. Ағамыз да күйді жан-жақты түрлеп зерттеді. Жалпы күй деген қалай болғанда да, бүкіл түркі халықтарына ортақ өте көне түбірлі сөз. Сондықтан мұның біздің заманымызда аты шыққан миф зерттеуші ғалымдардың ішінде ғалым Ерік Көкеев 90-шы жылдары «Күй –тәңірдің күбірі» деген үлкен бір анықтамалы сөз айтты. Ол қалай болғанда да арғы мағынасы Құдайберген Жұбановтардың сөзінен қалған деп ойлаймын. Жалпы Кеңес дәуірінде тыйым салынған күйлердің көп бөлігі жойылып кетті. Себебі олардың көбісі діни күйлер еді. Әсіресе қобыз, сыбызғы мен домбырадығы күйлерді айтуымызға болады. Оларға шынында да тыйым салынды, жойылды және аттары өзгеріп кетті. Тек күйлер ғана емес, сол күйлердің тарихына қатысты мәселелерге де тиым салынды. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың күйлері – халық күйі деп аталды. Мысалы, атақты «Ақсақ құланды» шығарған Кетбұғаның аты өшірілді. Содан «Ақсақ құлан» халық күйі болды. Кейбір кітаптарда жаңағы Шыңғыс ханның алдында күй тартқан Жошының өлімін естірткен оқиғаны бұрып алып, өзгеше жазған кездер де болды. Осындай тыйымдар өте көп еді. Бергі біздің күйшілердің ішінде отаршылдыққа қарсы шыққан қазақтың зиялы қауымдары да бар. Кенесарының азаттық көтерілісіндегі күйлердің оқиғасын айтуға да тыйым салынған. Сонымен бірге қарапайым «Бестөре» деген күйді алайық. Сол Қасымнан қалған бес бөрі азаттық сұраған. Ақырып, теңдік сұрап, орыс отаршылдығына қарсы шыққан. Ақмоланың бекінісін өртеп жіберген. Қазір теңдік алған заманымызда оның барлығы зерттеліп, жас ғалымдардың тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Болашақта да сол жұмыстар өз жалғасын табады деп ойлаймын,» – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев.

XX-ғасырдың 20-шы жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А. Затаевич өзінің әйгілі «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының алғы сөзінде: «Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз» — деп өзінің таңдансын жасырмаған. А.Затаевич сонымен қатар егер осы жұмысымды ары қарай дамытуға, тереңірек айналысуға мүмкіншілік болса сөз жоқ майталман домбырашылардың орындауындғы күйлерді қолға алар едім деген ойында атап өткен екен.

Міне, осындай қазақтың тарихымен тамырлас қасиетті өнерді Түркістандықтар да ұмыт қалдырмай, ұрпаққа ұғындырып, насихаттап келеді. Сондай-ақ, талабы мен таланты бар азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, күй өнерінен сайысқа түскендерге арнайы марапаттар тапсырылды. «Күй құдіреті» күйшілер байқауының нәтижесі бойынша Түркістан облысының күйшісі Ернар Сәтім жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан келген Аяна Сатаева І орынға ие болса, Шымкент қаласынан Әліби Нышан және Алматы қаласынан Ержанат Жарқыннұр жүлделі ІІ орындарды бөлісті. Алматы қаласынан келген Нұрдана Тоқтан, Түркістан облысының өнерпазы Сұлтан Дінмұхамед және Алматы қаласының өкілі Сырым Шонбаев ІІІ орындарды иеленді. Сондай-ақ Қарағанды облысынан қатысқан Сейілхан Сайлауов Сүгір атындағы арнайы жүлдемен, Астана қаласынан келген Бауыржан Жолдыбеков Төлеген Момбеков атындағы арнайы жүлдемен және Алматы облысынан келген Серік Жұмағали Нұрғиса Тілендиев атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Ал Маңғыстау облысынан келген Берік Сатов, Атырау облысынан келген Әнуар Зинединов және Қарағанды облысынан Темірлан Кубат дипломант атанды.

Жалпы байқауға қатысқан әрбір өнерпаз өз жолын айқындаған, өз стилі әбден қалыптасқан, талмай еңбек етіп, домбыра тартуға машықтанып, сарыла үңіліп, дәстүрлі өнердің жақсы үлгілерінен үйренген азаматтар болды. Күйді тыңдаушыларға тартымды әрі әсерлі етіп жеткізіп, қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптей білді. Байқаудың мақсаты да күй өнерін дамыта отырып, талантты күйшілерді анықтау болатын.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*