Кейінгі ортағасыр қалаларының ескерткіштері

Алдыңғы жазбаларымызда Түркістан шұратындағы археологиялық ескерткіштерді (ескі қала қоныс орындары) хронология бойынша кезеңдерге бөліп қарастырып бастаған болатынбыз. Келесі кезекте Түркістан оазизіндегі кейінгі ортағасыр (ХҮ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.) ескерткіштері туралы баяндамақпыз.

Аталмыш кезеңнің қалалары (кейінгі ортағасыр) Түркістан маңындағы қала мәдениетінің ерекше даму және құлдырау кезеңдерінің жүруімен ерекшеленеді. Бұл қалалар Қазақ хандығының құрылуы, одан кейін бұл қалалар үшін болған қазақ және шайбан хандарының арасындағы соғыс, қазақ-жоңғар соғыстары, қоқандық шабуылдар, кейін орыс отарлау әскерінің шабуылдары сияқты үлкен тарихи оқиғаларға куә болған. Археологтар бұл кезеңге жататын 13 қала, 1 қалашық, 5 қонысты зерттеген.

Кейінгі ортағасыр қалаларының ескерткіштері: Көне Түркістан қаласы (ХІҮ-ХІХ ғғ.), Сауран қаласы (ХІІІ-ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Иқан қаласы (ІХ-Х-ХҮІІІ ғғ.), Төрткөл-Құшата қаласы (ҮІІІ-ХҮІІІ ғғ.), Шаға-І қаласы (ІҮ-Ү-ХҮІІІ ғғ.), Жүйнек қаласы (ҮІ-ХҮІІІ ғғ.), Әбдімәлі (Ташнақ) қаласы (ХІІІ-ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Қосқорған қаласы (ХІІІ-ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Оғызтау-І қалашығы (ХҮ-ХҮІ ғғ.), Сауқым ата қаласы (ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Күлтөбе (Ораңғай) қаласы (ХҮ-ХҮІ-ХҮІІІ ғғ.), Төрткөлтөбе-Бабайқорған қаласы (ХІҮ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Қарнақ-Ішкент қаласы (ХІҮ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Төрткүлтөбе-ІІ (Қарашық) қаласы (ҮІІ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Міртөбе қоныстары (ХҮ-ХҮІІІ ғғ.), Күншағыр қонысы (ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ.), Қостөбе (Нұртас) қонысы (ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ.), Жоғарғы Ташнақ қонысы (ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Жаңа Сауран қонысы (ХІХ-ХХ ғғ.).

Бұл қалалар мен қоныстар туралы зерттеулер өз бастауын ХІХ ғасырдан алады. Ең алғаш 1867 жылы И.П. Лерх Міртөбе қоныстары мен Сауран қаласы туралы өз зерттеулерінде деректер келтірсе, ХХ ғасырдың басында М.Е.Массон, 2-ші дүниежүзілік соғыс жылдарынан соң А.Н.Бернштам басшылығындағы археологиялық экспедиция зерттеу жүргізген. Кейін өңірдегі кейінгі ортағасырлық археологиялық ескерткіштерді яғни, қала, қоныстарды К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, Т.Н.Сенигова, Н.Б.Немцова, Б.Әділгереев, Ә.Итенов, Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев, М.Елеуов сияқты археологтар зерттеген.

Қазіргі таңда бұл кезеңнің ескерткіштерінің ішінде туристік маршруттарға енгізілгені бұл – көне Түркістан және Сауран қалалары. Көне Түркістан қаласының орнынан Хан Ордасы, Хан мешіті, магистралды көше мен қоғамдық құрылыстардың орны анықталып, оларға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қайта қалпына келтіруден өткен. Шахристан қақпалары анықталып, реставрацияланған. Ал Сауран қаласында ортағасырлық мешіт пен медресе және ханака орны анықталған. Тас төселген орталық магистралды көшесі аршылып, қамал қақпасы қайта қалпына келтірілген.

Ағаділ Тұрсынов,

музей-қорықтың инспекторы.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*