Құрылыс саласын жандандыру маңызды қадам!

Қазақстандағы құрылыс саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Бұл сала ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды десек те қателеспейміз. Дегенмен, бұл саланы дамыту жұмыстары заман ағымымен бірге жүре берері сөзсіз. Сәйкесінше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында құрылыстың барлық кезеңін толық есепке алуды қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажеттігін айтты. Соның ішінде, тұрғын үй құрылысына ерекше тоқталып, бұл бағытқа баса мән беру керектігін жеткізді.

Президенттің айтуынша, 2024 жылы елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Ендігі кезекте құрылыс сапасын одан әрі көтеру мақсатында жасанды интеллект технологияларын қолданып, нысандарды ақпараттық тұрғыдан модельдеу жұмыстары қолға алынбақ. Бұл үшін ел Үкіметі құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды және оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосатын болады.
— Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, бұл сала инфрақұрылымдық жобалармен, тұрғын үй құрылысының көлемімен және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуымен тығыз байланысты. Осы ретте, 2024 жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 6,2 трлн теңгеден асып, Қазақстан ТМД елдері арасында құрылыс қарқыны бойынша алғашқы үштікке енгенін атап өту керек. Қала құрылысы, инфрақұрылым, өндірістік нысандар және тұрғын үймен қамту негізгі бағыттар ретінде белгіленген.
Тиісінше, бүгінде ел аумағында жолдар, көпірлер, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, мектеп, аурухана, балабақша құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Ауыл – Ел бесігі», «Келешек мектептері», «Қуатты өңірлер» сияқты бағдарламалар серпін сыйлап келеді. Ал, 2024 жылы құрылыс саласына салынған инвестиция көлемі 2,4 трлн теңгеден асқан. Құрылыс материалдары және отандық өнім саласы да ерекше даму үстінде. Мәселен, Қазақстанда құрылыс материалдарының 70 пайызы отандық өндірушілерден алынады. Цемент, кірпіш, сэндвич-панель, арматура өндірісі жыл сайын ұлғайып, импортқа тәуелділік азаю үстінде.
Сондықтан, Қазақстанды құрылыс саласы тұрақты дамып келе жатқан маңызды сектор деуге негіз бар. Тиісінше, бұл сала елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықты баспанамен қамтуға және өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға тікелей әсер етіп жатыр. Мемлекеттік қолдау, цифрландыру және инвестициялық ахуалдың жақсаруы құрылыс саласының одан әрі өркендеуіне мүмкіндік беруде. Демек, Мемлекет басшысының бастамасын іске асыру – елімізді әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамытудың тиімді бір жолы деп айтуға болады.

Сайдирасулхан Ералиев,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Депутат: ЖИ-жаңа ұлттық идея!

Жасанды интеллект – жаһандық бәсекеге қабілетті ететін басты құрал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды. Тиісінше, елімізде қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болды. Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде таныту үшін жұмысты жаңа тәсілдермен жүргізу керек.
Мемлекет басшысының бұл бастамасы Жаңа Қазақстанды одан әрі дамытуға ықпал етері сөзсіз. Өйткені, жасанды интеллект – елдің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық тұрғыдан дамуына мол мүмкіндік беретін стратегиялық құрал. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ 2030 жылға дейін әлемдік жалпы ішкі өнімді 15 трлн долларға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Сондықтан Қазақстан да осы үрдіске ілесу керек. Сондай-ақ, бұл технология мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, қағазбастылықты, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы шығындарды азайтуға ықпал етіп, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қызметтер мен инфрақұрылымның сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, әлеуметтік саланы жетілдіру, экологиялық бақылауды күшейту, қауіпсіздік және құқықтық жүйені жетілдіру сынды бағыттарға серпін сыйлайды.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан Республикасы қазір жасанды интеллект саласын дамыту бойынша әлемдік деңгейдегі көшбасшы елдер қатарына кірмейді. Дегенмен мемлекет бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп, нақты стратегиялық қадамдар жасап жатыр. Мемлекет басшысының Жолдаудағы сөздері мен бастамасы соның бір дәлелі.
Тағы бір айта кетерлік жағдай – бүгінде Қазақстан жасанды интеллекттің әлемді индексінде 121 елдің ішінде 58-орында тұр. Бұл көрсеткіш елімізде ЖИ саласына деген қызығушылық артқанын және инфрақұрылымның біртіндеп дамып келе жатқанын аңғартады. Негізгі көрсеткіштер бойынша Қазақстан орташа деңгейде тұрғанымен, қолданбалы жобалар саны көбейіп келе жатыр екен. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге 2021 жылы Қазақстан Үкіметінің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ЖИ-ді дамыту бағыттарын белгілеуі, 2023 жылы «Жасанды интеллектті дамыту» тұжырымдамасының әзірленуі, мәліметтерді жинақтау, сақтау және өңдеу инфрақұрылымының жаңартылып жатқандығы оң әсерін тигізуде. Осы ретте білім беру және кадр даярлау, зерттеу, мемлекеттік басқару салаларына ЖИ енгізілсе, өзге де салаларда түрлі сынақтар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қала инфрақұрылымы және қаржы секторындағы қауіпсіздік бағыттарына ЖИ енгізуге басымдық берілген.
Себебі, сөз басында айтқанымыздай, жасанды интеллект – елді жаңа индустриялық деңгейге көтеретін, тиімді басқаруға жол ашатын, халықтың өмір сапасын арттыратын басты заманауи құралдардың бірі. Оны дұрыс бағытта дамыта алсақ, Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.

Нұржан Сейтжанов,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Ауыл шаруашылығын дамыту – елдің әл-ауқатын көтерудің бір жолы

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент өз сөзінде елді экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамытуға ықпал ететін көптеген бастаманы көтерді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын өркендету ісіне де кеңінен тоқталып, озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметке нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Президенттің айтуынша, мемлекет ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру үшін соңғы жылдары көптеген реформа жүргізді, жүргізіп те жатыр.

– Қомақты қаражат бөлініп жатыр, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Бірақ, агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын да айтты. Бұл жұмыстарға атсалысып жатқан отандық және шетелдік инвесторлар салған қаржы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Нәтижесінде, үш мыңнан астам жұмыс орны ашылып, өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданбақ.
– Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек. Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі. Бұл кәсіпорындар цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттырып жатыр. Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн, – деді Президент.
Дегенмен, Қазақстан ауыл шаруашылығы саласы бойынша Орталық Азияда жетекші елдердің бірі саналады. Бұл сала елдің экономикалық, әлеуметтік және азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды реформалар, бағдарламалар және инвестициялар іске асырылып жатыр.
Бүгінде еліміз дүниежүзіндегі ең ірі астық экспорттаушы 10 елдің қатарына кіреді. Бидай, ұн, майлы дақылдар мен ет өнімдерін әлемнің 70-тен астам еліне экспорттап жатыр. Ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстары цифрландыру мен автоматтандыру, мал шаруашылығы, суармалы егіншілік және экологиялық таза өнім бағыттарына негізделген. Жеке инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасалып, шетелдік инвесторларға да мүмкіндік берілуде. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары – егіншілік бойынша көш бастап тұрса, Түркістан, Алматы, Жамбыл өңірлері – көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдерімен танымал. Ал Батыс өңірлер – мал шаруашылығына бейімделген.
Мұның бәрі Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында айқын нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан, әлеуеті әлі де зор мемлекет екендігін аңғартады. Цифрландыру, аграрлық ғылымды дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану және инвестициялық климатты жақсарту – бұл саланы жаңа белеске шығарудың басты бағыттары.

Жәнібек Сүлейменов,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Бюджетті тиімді басқару – болашаққа деген сенімді инвестиция

Кез келген мемлекет тұрақты түрде дамуы үшін бюджет саласын тиімді жолдармен басқаруы қажет. Бұл Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың да негізгі бағыттарының бірі. Сәйкесінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында ел экономкасы үшін маңызды, пайдасы бар жобаларға басымдық берілуге тиіс екендігін нықтап айтты. Мемлекет басшысының сөзінің сүйенсек, бұл тұрғыда әсіресе инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолданған жөн.

— Жалпы, инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті. Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішінде болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады, — деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға қажетті болса сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторларды тарту керектігін жеткізді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керектігін айтты. Себебі, аталған банктер экономикаға несие бергеннен гөр,і қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді екен.
Президенттің айтуынша, Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет.
— Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет. Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын, — деді Мемлекет басшысы.
Жолдау барысында Президент өңір басшыларының қаржыны тиімсіз жобаларға жұмсайтынын айтып, сын тақты. Соның салдарынан әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға көшетін адамдардың саны көбейіп, әлеуметтік қолдау шараларына жұмсалатын қаражат көлемі бюджет кірісіне қарағанда әлдеқайда жылдам көбейіп жатқан көрінеді. Оған қоса, мектептер мен медициналық нысандардың жүктемесі артып, орын тапшылығы туындап жатыр екен.
Жалпы, бүгінде Қазақстанның бюджетіне салмақ салып отырған мәселелер бұдан да көп. Сондықтан бюджетті тиімді басқару – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі екендігін ұғынуымыз қажет. Сонда ғана еліміздегі экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік салаларды дамыту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, аймақтарды тең дәрежеде дамыту ұзақмерзімді даму стратегияларын жүзеге асыру сынды жұмыстардың жемісін көре аламыз.
Бюджетті тиімді басқару – Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды іс қана емес, жарқын болашаққа салынатын сенімді инвестиция болып саналады. Сол себепті, осы бағытта атқарылатын жұмыстарға келешегінен мол үміт күтетін елдің азаматтары ретінде баршамыз атсалысуымыз қажет.

Мағауия Тұрысбеков,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты,
бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы.

Білім беру ұйымдарындағы тамақтанудың жаңа стандарты

 

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Садықбекұлы Нышановтың қатысуымен “Жаңа оқу жылынан бастап қолданысқа енгізілген білім беру ұйымдарындағы тамақтанудың жаңа стандарты” тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг барысында келесі маңызды ақпараттар айтылды:
• Мектеп асханаларында тұз мөлшері 5 есеге дейін азайтылады;
• Қантты сусындар мен майлы, қуырылған тағамдар мәзірден алынып тасталады;
• Балаларға арналған ас мәзіріне жаңа піскен көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерінің үлесі арттырылады;
• Тамақ дайындау әдістері — қайнатып пісіру, буға пісіру, бұқтыру тәсілдерімен шектеледі;
• Ас блогы жоқ шағын жинақталған мектептер мен буфеті жоқ білім беру ұйымдарында “Ланч-пакеттер” қолданылады.

Бұл жаңа стандарт балалар арасында семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардың алдын алуға бағытталған.

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аталған стандарт еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында толық қолданысқа енгізілді.

ДЕПУТАТТАР ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ ТУРИСТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары облыстық туризм басқармасына бағынысты бірқатар мекеменің және Төлеби ауданындағы туристік нысандардың қызметімен танысты. Халық қалаулыларына облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов аудандағы туризм бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа жобаларды да таныстырды.

Депутаттар ең алдымен «Paradise Villas» демалыс орнына барды. 2024 жылы басталған жоба биыл тамыз айында ашылған. Жоба құны 150 млн.теңге. Нысанда 2 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Аралауда уақытша комиссия төрағасы Алмас Алтайұлы, өңірдегі туристік нысандарға қолдау білдіру жұмыстарына назар аудару қажеттігін атап өтті. Ал, депутат Бахыт Мүсірәліұлы, туристік нысандардың жұмысы жандану үшін ең алдымен инфрақұрылым жүйелері талапқа сай болуы керек. Әсіресе туристер үшін жол құрылысы да өзекті екендігін айтты.

Сондай-ақ, халық қалаулылары «Сайрам-Өгем» Ұлттық табиғи паркі аумағында орналасқан «Vivood Tau» демалыс кешенінің қызметімен танысты. Жоба 2022 жылы жүзеге асырылған. Құны 200 млн теңге. Мұнда 3 глэмпинг, 17 вагон үйлер, 3 киіз үй туристерге қызмет көрсетеді. 2023 жылы мемлекеттік қолдау шарасына құжат тапсырып, комиссияның оң қорытындысын алған. Өткен жылы мемлекеттен 20 млн теңге қаржылай қолдау берілген.

Айта кетейік, облыстық мәслихаттың 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес алдағы кезекті сессияда облыстық туризм басқармасы басшысының есебі тыңдалады. Алдағы уақытта уақытша депутаттық комиссия өңірдегі өзге де туризм нысандарын аралап, қызметімен танысатын болады.

«ЦОН» мобильді қосымшасында «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» жаңа сервисі қолданысқа енгізілді

2025 жылдың 2 қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және сапасын арттыру мақсатында «ЦОН» мобильді қосымшасында көлік құралдарын тіркеу кезінде сатып алу-сату шартын рәсімдеуге арналған жаңа сервис іске қосылды.

Бұған дейін көлікті сату немесе сатып алу үшін азаматтар қызмет көрсету орталықтарында QR-код арқылы шартқа қол қоятын. Енді бұл үдеріс «ЦОН» мобильді қосымшасының «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі арқылы жүзеге асырылады. Шартқа қол қою үшін сатушы да, сатып алушы да электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланады. Осылайша, шартты мамандандырылған ХҚКО-ға бармай тұрып алдын ала рәсімдеуге болады. Бұл азаматтарға уақытты үнемдеуге және қызметті алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, құжатқа қол қойылғаннан кейін оны ХҚКО-ға ұсыну арқылы көлікті тіркеу рәсімі аяқталады.
Маңыздысы, жасалған шарттың деректері сервистің базасында тұрақты түрде сақталады.

ТҮРКІСТАНДА 8 ОТБАСЫҒА БАСПАНА БЕРІЛДІ

Халықты баспанамен қамту маңызды мәселе. Түркістан облысында осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. ҚР Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында облыс орталығында әлеуметтік қолдауға мұқтаж 8 отбасыға демеушілердің қолдауымен жаңа баспананың кілті табысталды. Соның ішінде 4 отбасының баспанасына халық қалаулылары атсалысты. Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Мағауия Тұрысбеков пен Жомарт Абдибаев өз қаражаттары есебінен 4 мұқтаж отбасыға қуаныш сыйлады.

Үшқоңыр көшесінде орналасқан әсем де жайлы баспаналардың әрқайсысы 68 шаршы метрді құрайды. Үш бөлмелі баспаналар ас үй, жуынатын бөлмемен жабдықталған. Электр желісі, табиғи газ және ауыз сумен қамтылған.

Баспана кілтін табыстау сәтінде тұрғындар өз қуаныштарымен бөлісіп, демеушілерге алғыстарын жеткізді.Айта кетейік, бұл отбасылар облыс әкімінің жеке қабылдауында болып, баспана мәселесін көтеріп, көмек сұраған болатын. Өтініш қабылданды. Халық қалаулылары халық өтінішіне назар аударып, көмек қолын созды.
– Баспана мәселесі бүгінде өзекті. Үй кезегінде тұрған халық жыл сайын баспаналы болса деп тілеймін. Қолдан келсе мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді азаматтық парыз деп есептеймін. Мереке қарсаңында баспаналы болған отбасыларды қуаныштарымен құттықтаймын,-деді депутат М.Тұрысбеков!

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 23 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Жыл басынан бері 400-ден астам пәтер үлестірілді. Жыл соңына дейін тағы 500-ден аса пәтер беріледі деп жоспарлануда.

Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығымен құттықтаймын!

Бұл – елдіктің тұғырын, мемлекеттіліктің өзегін айқындаған Ата заңның мәнін сараптап, құндылықтарын дәріптейтін бірегей мереке.

Биыл осынау басты құжаттың қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Онда халқымыздың сан ғасырлық елдік дәстүрі мен арман-аңсары, заманауи әлемдік озық құқықтық нормалар нақты көрініс тапқан.

Осы жылдар ішінде Конституция Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесінің негізін қалап, институционалдық құрылымын орнықтырып, халқымыз бен берекелі қоғамның нық ұстанар негізгі қағидаттары мен қастерлі құндылықтарын белгіледі.

Соның арқасында еліміз іргелі мемлекетке айналып, жаһанда өзіндік елеулі орны бар орта державалардың қатарынан берік орын алды.

Конституция мемлекетіміздің игілігіне қызмет етіп, еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз ете берсін! Әрбір шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Құрметпен, Түркістан облыстық туризм басқарма басшысы Нұрдәулет МЕДЕУОВ!

Конституция күні құтты болсын!

Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің Конституция күні құтты болсын!
Еліміз өркендеп, даму жолында жарқырап келе жатқаны баршаға аян. Игіліктің ізгі жолында ел азаматтары айтулы істер атқарып келеді. Соның бірі – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Мырзахан Манапов. Халық қалаулысы барша қазақ елін мерекемен құттықтады.

– Құрметті отандастар!
Сіздерді Ата Заңымыз қабылданған күн – Конституция мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Конституция – халқымыздың тәуелсіздігінің айғағы, елдігіміздің берік тұғыры. Ол – әрбір азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі, ынтымағымыздың тірегі. Осындай салтанатты күні баршаңызға амандық, ырыс-береке, табыс тілеймін. Егемен еліміздің дамуы жолындағы еңбектеріміз жемісті, бастамаларымыз сәтті болсын! – деді депутат М.Манапов!

Қазақ елі алмағайып өтпелі кезеңдердің барлық қиындығын еңсеріп, биікке көтеріліп келеді. “Ұрпақтарымыздың ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын!” – деген халық қалаулысы ел болашағы үшін игі істердің қолдаушысы болып келеді. Өз сайлаушыларына қайырымдылық жасап, жастар мәселесінде белсенділік танытып жүрген депутат ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында еңбек етіп жүр.

Ұлттық бірлігіміздің негізін қалаған 30 тамыз – Конституция күні баршаңызға құтты болсын!

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version