Созақтағы қарқынды құрылыс жұмыстары басшылық бақылауында

Биыл, Созақ ауданында әлеуметтік бағыттар мен жол және инфрақұрылыммен қамту саласында қарқынды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тиісінше аталған нысандарға бақылау жүргізу жұмыстары да басты назарда. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жауаптылардың есепті баяндамаларынан бөлек, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстардың басына барып, құрылыс жұмыстарының сапалы, әрі өз мерзімінде орындалуына өз бақылауына алған. Бұл бағытта аудан басшылығы бюджеттің игерілуі мен индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы бойынша да нақты тапсырмалар беруде. Атап өткеніміздей, теріскейде биыл бірқатар маңызды насандарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Солардың бірі — «Шолаққорған-су» МКК мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу қазандығында жүріп жатқан орташа жөндеу жұмыстары. Бұл аудан тұрғындары үшін маңызды насандардың бірі болып есептеледі. Алдағы қыс мезгіліне дайындық барысын Мұхит Тұрысбеков бақылауға алды. Аудан басшысы сала мамандарына жылуға қатысты жұмыстарды сапалы атқаруды ескертті.

Сонымен қатар, кент ішінде жаңадан асфальт жабындысы төселіп жатқан көшелерді де аралады. Жолдың сапасымен танысты. Алдағы уақытта кент ішінде қосымша атқарылу керек жұмыстарды да саралап, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Айта кетсек, қазіргі таңда Таукент кентінде жалпы ұзындығы 10 шақырымға жуық 8 көшеге асфальт жабындысы төселуде.

Сонымен қатар, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Жеткіншек елді мекенінің ішкі көшелерін аралап, жаңадан төселіп жатқан жолдың сапасымен танысты. Қазіргі таңда онда 3,345 шақырымды құрайтын Ш. Айманов, Кенесары және Әл-Фараби көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, 5 шақырымды құрайтын атауы жоқ № 1-ші көшесі ағымдағы жөндеуден өтуде. Аудан басшысы аралау барысында салаға жауапты мамандарға жасалып жатқан жұмыстарға тиянақтылықпен қарап, бақылауда ұстауды ескертті.

Айта кетейік, биылғы жылы Жеткіншек елді мекенінен бөлек, аудан орталығының 5 шақырымға жуық ішкі көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, бірқатар көшелердің ажары арта түспек. Өткен жылы аудан бойынша 34,1 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт жабындысы төселген. 22,4 шақырымды құрайтын 18 көше «Ауыл-Ел бесігі» бағадарламасы аясында, 11,6 шақырымдық 11 көше жергілікті бюджеттен жүзеге асырылған. Бұл бағытта жұмыстар биылғы жылы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі 34 көшесіне асфальт жабындысы төселмек.

Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылының ішкі көшелерін аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауына алды. Аудан орталығында орнатылып жатқан көше жарықшамдары мен тазалығымен танысты.  Аралау барысында Шолаққорған ауылдық округінің әкімі Әділ Елібаев округте көше жарықшамдарын орнату жұмыстарының барысына тоқталып өтті. Биылғы жылы аудан орталығының өзінен 30-дан астам көше жарықшаммен қамтылмақ. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, келер жылы 100 пайызға жеткізу ісін қолға алуды тапсырды.

Сондай-ақ Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына салынып жатқан жолдың сапасымен танысты. Қазіргі уақытта «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейінгі 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымының жөндеу жұмыстары аяқталып, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жақын күндері аяқталады.

Созақ ауданында инвесторлар тарту және ел игілігіне қажетті нысандар мен тұрғын үйлерді салу жұмыстары да қарқын алған. Тиісінше, аталған жұмыстар сапалы және уақытында аяқталуы маңызды. Сондықтан, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығынан жеке инвесторлар арқылы салынып жатқан 2 пәтерлі 24 тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатқан аумаққа барып, жұмыс қарқынымен танысты. Құрылыстың сәулеті мен сапасына баса мән беріп, мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесті.

Бұл бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеп, жұмыс барысын бақылауда ұстауды тапсырды. Айта кетейік, қазіргі уақытта онда жаңадан қосылған 2 пәтерлі 6 тұрғын үйдің қабырғалары тұрғызылып, қалған 2 пәтерлі 18 тұрғын үйлердің ішкі және сыртқы жұмыстары қатар жүруде. Ішкі қабырғаларына түсқағаздар жабыстырылып, едендері төселуде. Бұған қоса үйлердің сыртқы фасады травертинмен әсемделіп, суыққа төзімділігіне баса мән берілуде.

Жаңа үйлерде су, жылу сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метр аумақты құрайды.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*