Отырар ауданында тұрғындар арасында арасында діни жат ағымдардың алдын алу мақсатында кездесу өтіп, бет-жүзді жабатын киімге тыйым салуға қатысты заң нормасын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге Түркістан облысы Дін істері басқармасы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім басшысы Қайрат Салықбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Қанат Құдабаев, ауыл тұрғындары, мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Алдымен С.Әшіров, С.Ерубаев мектептері мен Отырар ауылдық клубында өткен кездесу, одан әрі С.Әлиев, Темір жалпы білім беретін мектептері мен Қоғам ауылдық мәдениет үйінде жалғасып, тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыру, интернет желілеріндегі күмәнді ақпараттардан бас тарту бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
« – Қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілер ақпарат алудың ең жылдам әрі қолжетімді құралына айналды. Алайда діни тақырыпта таралатын мәліметтердің барлығы бірдей шынайы әрі сенімді бола бермейді. Осы себепті діни сауаттылықты арттыру – қоғам қауіпсіздігі мен рухани тұрақтылықтың маңызды кепілі. Діни сауаттылық – адамның дін туралы дұрыс, терең әрі сындарлы білімге ие болуы. Діни білімі бар адам кез келген ақпаратты ақылмен саралап, шынайы діни құндылықтарды жалған түсініктерден ажырата алады. Ал діни білімнің таяздығы адамдарды теріс ағымдардың ықпалына түсіруі мүмкін. Интернет желілерінде кейбір топтар мен жеке тұлғалар дінді желеу етіп, радикалды немесе адасқан көзқарастарды насихаттайды. Олар көбіне эмоцияға әсер ететін бейнероликтер, қысқа уағыздар немесе дін атын жамылған жалған үгіттер арқылы жастарды өз ықпалына тартуға тырысады. Мұндай ақпараттар қоғам бірлігіне, ұлттық құндылықтарға және жеке адамның өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан интернеттегі діни мазмұндағы ақпаратты қабылдауда сақтық пен жауапкершілік қажет. Ақпараттың дереккөзіне назар аудару, оны ресми діни мекемелер мен білікті мамандардың пікірлерімен салыстыру – маңызды қадам. Күмәнді сайттардан, белгісіз уағызшылардан және радикалды көзқарасты насихаттайтын парақшалардан бас тарту қажет. Әрбір азамат интернет кеңістігіндегі ақпаратқа бей-жай қарамай, діни білімін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл – жеке қауіпсіздік пен қоғам тыныштығын сақтаудың маңызды шарты.» – деді Түркістан облысы Дін істері басқармасы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім басшысы Қайрат Салықбаев.
Сондай-ақ, кездесу барысында «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім басшысы Қайрат Салықбаев баяндама жасап қоғамда белең алып жатқан жат ағымдар туралы да ақпарат беріп, әлеуметтік желілердегі, күмәнді сайттардағы уағызшыларды тыңдамау, діни материалдарды таратудың жауапкершілігі, шет елде рұқсат етілмеген теологиялық оқу орындарында оқудың қауіптілігі туралы айтып түсіндірді. Сондай-ақ, Отырар аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Қанат Құдабаев та бет-жүзді жабатын киімге тыйым салуға қатысты заң нормасын түсіндіріп өтті.
« – Қазақстан Республикасында бет-жүзді толық жабатын киімге қатысты шектеулер қоғамдық қауіпсіздікті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында енгізілген. Бұл норма діни сенімге қарсы бағытталмаған және азаматтардың ар-ождан бостандығын шектеуді көздемейді. Еліміздің заңнамасына сәйкес, қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға мүмкіндік бермейтін киім киюге шектеу қойылады. Мұндай талаптың негізгі себебі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтарды сәйкестендіру мүмкіндігін сақтау.Заң нормасы дін ұстануға тыйым салмайды, азаматтардың діни сенім бостандығын шектемейді, тек бет-жүзді толық жабатын, тұлғаны тануға мүмкіндік бермейтін киім түрлеріне қатысты қолданылады. Бұл талап мемлекеттік қауіпсіздік, құқық қорғау, білім беру және өзге де қоғамдық салаларда ортақ тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін қажет. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде де осыған ұқсас шектеулер бар және олар қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Маңыздысы, дәстүрлі діннің талаптарында бет-жүзді толық жабу міндетті шарт болып саналмайды. Қазақстандағы дәстүрлі ислам түсінігінде адамның бет-жүзін ашық ұстауы қалыпты әрі қоғаммен үйлесімді өмір сүруге негізделген. Нақтырақ айтар болсақ, бет-жүзді жабатын киімге қатысты заң нормасы – қоғам қауіпсіздігін сақтау, азаматтардың өзара қарым-қатынасын жеңілдету және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арналған шара. Әрбір азамат заң талаптарын құрметтеп, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға үлес қосуы тиіс.» – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Қанат Құдабаев.
Жиында тұрғындар тарапынан да сұрақтар қойлып, өзара пікір алмасулар болды. Көпшілікке жат ағымдарды ұстанушылардың алғашқы белгілері, қандай уағызшыларды тыңдауға болатыны туралы айтылып, сұрақтарға мамандар тарапынан тұшымды әрі нақты жауаптар берілді. Ауыл тұрғындары да мұндай шаралардың ұрпақ болашағы үшін және елдің бірлігі мен бейбітшілігі үшін маңызды екенін атап өтті.
