Созақ ауданында 21 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылындағы жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан 2 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын бақылауға алды. Әрбір үйді жеке-жеке аралап, құрылыс сапасын тексерді. Оның сәулеті мен суыққа төзімділігіне айрықша назар аударды. Құрылысқа жауапты мамандарға нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктелді.

Қазіргі таңда 2 пәтерлі 21 тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталған. Қалған үш тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жақын арада тәмамдалып, жыл соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарлануда. Тұрғын үйлердің сыртқы фасадтары травертинмен безендіріліп, аулалары темір қоршаулармен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық жүргізіліп, қабырғалары түсқағаздармен безендірілуде. Едендері де төселіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. Әр үйдің жалпы алаңы – 71,1 шаршы метр. Айта кетейік, бұл жоба әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге және тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша тұрғын үй саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып айтар болсақ, аймақтағы  құрылыс жұмыстарының көлемі 158 млрд. теңгені құраған. Былтыр 410 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Яғни көрсеткіш 12%-ға артқан.  «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін жалпы аумағы 185 мың м2 құрайтын 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 3140 отбасы баспаналы болмақ. 5 жылда құрылыс көлемі 2,5 есеге өсіп, 351 млрд. теңгені құрап отыр.

Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 5 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.

Облыс орталығына айналған Түркістанда 5 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген. Түркістан облысында 5 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар.

Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылған. 8 айдың қорытындысымен облыс бойынша 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 62 (4202 пәтер, 251 533 мың шаршы метр) тұрғын үйдің тапсырыс берушісі – Облыстық құрылыс басқармасы. Биыл 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы 185 мың шаршы метрді құрайтын 3140 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1409 пәтер немесе 81188 мың шаршы метр үй пайдалануға қабылданды. Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерден келісімшартқа сәйкес 2,5 млн. теңге өндірілген.

Түркістан облысында 2023 жылғы мемлекеттік қолдау шаралары аясында баспана кезегінде тұрған 70 мыңға жуық азамат тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялауға, сондай-ақ 2 мыңдай жеңілдетілген зайым жылжымайтын мүлікті сатып алуына мүмкіндіктер қарастырылды. Сондай-ақ,  былтыр Түркістан облысында  73 үйдің іргесі тиісті жөндеуден өткізу бойынша қызметтер қарастырылған болатын. Қосымша 219 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртуға 7 өңірден жалпы сомасы 12,7 млрд теңгеге өтінімдер келіп түскен.

Мемлекет басшысы өткен жылы тұрғын үй мәселелерін шешуге арнайы тапсырмалар мен міндеттер жүктеген болатын. Яғни  2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілді. Бұл шамамен 143 мыңнан артық баспана. 2023 жылғы баспана құрылысына бағытталатын жалпы инвестиция мөлшері де ұлғайып (16,8%-ға), 2,9 трлн теңгеге жетті. Дегенмен  мемлекеттік инвестициялардың есебінен 10,5 мыңдай жеңілдетілген зайым беріліп, 17,3 мың пәтер салынды. Оның ішінде 7 мыңға жуық баспана жас мамандарға, сондай-ақ әлеуметтік осал топ санаты бойынша кезекте тұрғандар мен көп балалы отбасыларға берілді.

Тұрғын үй мәселесі  қазіргі уақытта ең өткір мәселелердің бірі болып саналады. Оны шешудің әр түрлі жолдары бар, атап айтқанда: сатып алу, банктердің ипотека бағдарламалары, қызметтік тұрғын үй  алу, соңыра сатып алумен жалға алынған пәтерді алу, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу немесе әкімдіктен азаматтардың жекелеген топтары үшін баспана алу.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылғы дейінгі жаңа  тұжырымдамасында отбасы институтын қолдау және сақтау мақсатында, «Бақытты отбасы» жеңілдетілген бағдарламасына қатысушылардың санаттары қайта қаралды. Атап айтқанда, толық емес отбасы санатты  «Бақытты отбасы» бағдарламасынан алынып тасталды.

«Бақытты отбасы»  бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап  «толық емес отбасы» санатты  бойынша кезекте тұрғандар саны 72-ға  пайызға артқан. Басқа санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін тең емес жағдай тудырады. Мемлекет  ең алдымен мүгедектігі бар азаматтарды үймен қамтуға қамқорлыққа алуда. Өйткені «толық емес отбасы», бала тәрбиелеп отырса да, жұмысқа қабілетті, жұмыс  істей алады, балаларының дені сау.

Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 68-бабына сәйкес, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар, олар  бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, толық емес отбасы  және т.б  азаматтар жатады. Сондықтан  «толық емес отбасы» санатын алып тастау тетігі азаматтарды жергілікті  атқарушы органнан кредиттік тұрғын үй сатып алу мүмкіндігінен айырмайды. Толық емес отбасы басқа да санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтармен қатар 5 пайыз мөлшерлемемен қолжетімді қарыздар ала алады.  Енді толық емес отбасы санаты «Шаңырақ 5-10-20» бағдарламасы бойынша ипотека ала алады. Шаңырақ бағдарламасы мен «Бақытты отбасы» бағдарламасының айырмашылығы сыйақы ставкасында ғана.

Жалпы Созақ ауданында орналасқан өндірістік кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер демеушілігі есебінен соңғы үш жылда 1,3 миллиард теңгеге бірқатар нысандар бой көтерген болатын. Олар Екі мешіт салып берген, сонымен қатар 6 балалар алаңшасын, 5 спорт алаңын салып, 12 көшені жарықтандырған және 15 нысанды абаттандыруға себеп болған. Айта кеткен жөн, Созақтықтар аз қамтылған және көп балалы отбасыларға жалпы саны 11 үй сыйлаған екен.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*