«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: «Ustazga AI: ПЕДАГОГТЕРДІҢ ЖИ-САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

«AMANAT» партиясының бастамасымен еліміздің білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын меңгеруін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта партияның Шымкент қалалық филиалы мен «Daryn Ustaz» орталығы бірлесіп «Ustazga AI: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» атты арнайы курсты таныстыру және түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.

Жобаның негізгі мақсаты – мұғалімдерге арналған тегін онлайн курсты ұйымдастыру, білім беру саласында жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану жолдарын көрсету, сондай-ақ педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру.

Іс-шараға «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, «Daryn.Online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығының директоры Ерлан Абдиманапов, Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов, сондай-ақ қала мектептері мен колледждерінің директорлары қатысты.


Партия Хатшысы Шолпан Каринова жасанды интеллекттің заманауи білім беру үдерісіндегі маңызын атап өтті.

«Әлемнің барлық саласында жасанды интеллект белсенді түрде енгізіліп жатыр. Әсіресе, білім саласы бұл өзгерістерден тыс қалмауы тиіс. ЖИ мұғалімдердің уақытын үнемдеп қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасайды. Бүгінде ұстаздарға арналған қолжетімді платформалар әзірленді. Соларды игеру – бәсекеге қабілетті маман болудың алғышарты», – деді ол.

Курс нәтижесі бойынша 80 академиялық сағаттық ресми сертификат беріледі. Сертификат аттестацияда жарамды, сондай-ақ «ҰСТАЗ» Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасына енгізіледі.

Астана қаласынан келген сарапшылар жасанды интеллекттің мұғалім жұмысына қосатын тиімділігі туралы жан-жақты ақпарат берді. Олардың айтуынша, курсқа қатысушылар:

– Сабақ жоспарларын, тестілерді, талдауларды, БЖБ/ТЖБ сияқты құжаттарды жасанды интеллект көмегімен автоматтандыруды үйренеді;

– икемді оқу уақыты нәтижесінде жұмыспен қатар білім алуға мүмкіндікке ие болады;

– конкурсқа жоба жіберу арқылы үздік 400 педагог қатарынан таңдалып, Астанада өтетін ПедХакатонға жолдама алады;

– сондай-ақ Хакатон жеңімпазы атанған 20 педагог Оңтүстік Корея мемлекетінде өтетін тегін тағылымдамаға жолдама алады.

Спикерлердің айтуынша, жасанды интеллектті дұрыс қолдана білген мұғалім бір күндік жұмысты бірнеше есе жылдам орындай алады. Бұл педагогтердің өзінің кәсіби дамуына, шығармашылық ізденісіне және оқушымен жұмыс сапасын жақсартуға мол мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты Жолдауында жасанды интеллектті білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару саласына кеңінен енгізу қажеттігін атап өткен еді. Президент үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде белгіледі.

Осы тапсырмаға сәйкес «AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірлерінде педагогтерге арналған «Daryn.ai» платформасында оқыту курстарын іске қосты. Бұл – мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама.

Кездесуде партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев білім саласындағы цифрландыру процесіне партия тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Жасанды интеллект – жаңа дәуірдің талабы. Мұғалімнің бұл технологияны меңгеруі білім сапасын арттырады, оқыту үдерісін жеңілдетеді. Біз педагогтердің кәсіби дамуына әрдайым қолдау көрсетеміз. Өткізіліп жатқан курстар – ұстаздардың бәсекеге қабілетті болуына арналған нақты қадам», – деді Мұрат Жолдыхожаев.

Жиын соңында қатысушылар курс мазмұны, ЖИ құралдарын мектептер мен колледждер жұмысына енгізу тәсілдері туралы сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты. Педагогтер кездесудің практикалық тұрғыда өте пайдалы болғанын атап өтті.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да ұстаздардың кәсіби өсуіне және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған жобаларды жалғастырады.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*