Түркістан: Ш.Ниязов атындағы мектеп ұжымы 90 жылдық мерейтойын тойлады

Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты Шарап Ниязов атындағы жалпы білім беретін мектебі 1934 жылы ашылған. Биылғы жылы аталған мектепке 90 жыл толып отыр. Осыған орай, қалалық білім бөлімі және мектеп ұжымының ұйымдастыруымен «Мектебім — мерейім» тақырыбында мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараға ардагер ұстаздар мен ата-аналар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерейлі күнде мектеп ұжымына құттықтау тілегін жеткізген Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Кәсіподақ кеңесінің төрайымы Гүлжан Әсілбаева, аталған білім ошағында басшылық жасаған Ергеш Төлегенұлы бастаған директорлар сөз сөйлеп, мектеп ұжымына табыс тіледі. Қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Маржан Қорғанбекова облыс орталығының бас ұстазы Оразкүл Шайхықызының арнайы алғыс хаты мен сый-сияпатын ұсынды.

Білім ұясында 916 оқушы білім алады. Оларға 120 мұғалім сабақ беруде. Мектепте 2 оқу ғимараты бар. Алғашқы 1 қабатты ғимарат 1972 жылы, 3 қабатты типтік мектеп 2013 жылы салынып, пайдалануға берілген.

2023-2024 оқу жылында мектепте көптеген өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, жаңа футбол, волейбол, баскетбол және жүгіру алаңдары салынды. Үлкен спорт зал ағымдағы жөндеуден өтті. Мектептің сыртқы қоршауы толық нормаға сай жасалынды. Мектеп ғимаратының қасбеті жаңаланды. Мектептің негізгі кіреберісіне заманауи бақылау пункті салынды. Қазіргі таңда кіші спортзал ағымдағы жөндеуден өтуде.

Мектеп директоры Айдар Болатұлының айтуынша, биылғы оқу жылында білім ошағында 9-сыныптың 9 оқушысы «Үздік аттестатқа», 11-сыныптардың 9-оқушысы «Алтын белгіге», 2 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
Мектеп мұғалімдерінің ішінде 28 мұғалім «Педагог-зерттеуші», 37 мұғалім «Педагог-сарапшы», 36 мұғалім «Педагог-модератор» санатына ие болса, 11 мұғалім магистр дәрежесіне ие. Мерекелік шарада мектеп оқушылары әннен шашу шашып, би билеп конақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*