Түркістанда 19 наурыз күні «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» тақырыбында туристік маусымы ашылмақ. Бұл шара өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында ұйымдастырылмақ. Бұл жайында Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов брифингте мәлімдеді.
«Биыл өңіріміз үшін тарихи оқиға орын алуда. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң қабылданды. Бұл құжат — қаланың халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналуына үлкен мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, өңірге келетін туристер санын арттырып, Түркістанның мәдени және рухани мұрасын кеңінен насихаттау көзделіп отыр» — деді спикер.
Туристік маусымның ашылу салтанатында «Jana lep» шығармашылық ұжымы, «Самғау» би ансамблі, ұлттық аспаптарда орындаушылар, DJ Shamil және өзге де өнерпаздар өнер көрсетеді. Сондай-ақ, от шоуы, сиқыршылар қойылымы, барабан шоуы және поэзия кештері өтеді. Іс-шара барысында 2,5 тонна наурыз көже дайындалып, Қазақстанның «Киннес» рекорды жаңартылмақ. Сонымен қатар, шаһарда 19 наурыз күні «Түркістан-түркі әлемінің рухани астанасы» республикалық туристік форумы өтеді. Жиынға Орталық Азия елдерінің туризм саласындағы бизнес өкілдері, қолөнершілер қатысуы жоспарланып отыр.