Португалия елінде, Сан-Жуан-да Мадейра қаласында 2025ж мамыр айының 24-26 күндері дзюдодан жастар арасында Европа Кубогы сарапқа салынды. Байрақты бәсекеге 20-дан астам мемлекеттен 454 жас татами шеберлері қатысқан болатын. Қазақстан құрама командасы сапында білікті басшы, самбодан спорт шебері Ордабаев Ғани Оңғарұлы басқарып отырған Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Батырғали Ернұр 60 кг салмақта өнер көрсетіп, күміс медальға қол жеткізді. Бұл салмақта 50 спортшы өнер көрсеткен. Яғни Европа кубогындағы жарыстың қаншалықты тартысты болғанын осыдан- ақ айқын аңғаруға болады. Деседе Төлеби ауданының спортшысы Батырғали Ернұр көптің ішінен топ жарып, жүлделі орынға қол жеткізіп отыр. Байрақты бәсекеде Батырғали Ернұр ақтық сайыста өзіміздің жерлесіміз Алматылық Қабдешов Бақдәулетке есе жіберіп алды. Түркияның Анталия қаласында 2025ж наурыз айының 07-10 күндері өткен Европа Кубогы үшін болған жарыста да, Төлебилік дзюдошы осы Қабдешов Бақдәулетке жол беріп ІІ орынды иемденген болатын. Естеріңізге сала кетейік, Ернұр бұған дейін, 2025ж сәуір айының 25-27 күндері Германияның Берлин қаласында дзюдодан жастар арасында Европа Кубогы үшін болған жарыста жүлделі ІІІ орынға ие болған еді.
« – Португалия елі, Сан-Жуан-да Мадейра қаласында өткен Европа Кубогына әлемнің жиырмадан астам мемлекетінен өте тәжірбиелі спортшылар барды. Төрт жүз елуге жуық татами шеберлері өз елдерінің намысы үшін тартысты. Олардың қатарында өзімде бармын. Қарсыластар оңай жігіттер емес. Дегенмен, жаттықтырушы ағайлардың арқасында жүлдеге қол жеткіздім деп ойлаймын. Дзюдо спорты қателікті кешірмейді. Жетістікке жету талай жылдық еңбекті талап етеді. Мен өзім бұл талапты, жауапкершілікті жақсы сезінемін. Алдағы арманым, Олимпиада ойындарына қатысып, қазақ елінің байрағын желбірету. Ол күндерге де жетерміз деген сенім мол» – дейді Европа кубогында 60 кг салмақта өнер көрсетіп, күміс медальға қол жеткізген Батырғали Ернұр.
Дүниежүзілік жарыстарда еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген Батырғали Ернұрды жаттықтырушылары, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мәди Нәбиев, Мақсат Абутер баптап жүр. Европа Кубогындағы байрақты бәсекедегі жетістіктері талай жылдық еңбектің жемісі деп айтуға болады. Ернұрдың мақсаты да алдағы уақытта биік тұғырлардан көрініп, елдің намысын қорғап, әлемге әйгілі спортшы болу. Бұл бағытта чемпиондар шығару үшін спортшының бапкерлері барынша еңбектеніп келеді.
« – Дзюдо спорты Олимпиада бағдарламасының бөлігі ретінде әлемде кең таралған спорт түрі болып табылады. Қазақстанда бұл спорт 60-жылдарынан бері дамып,спортшыларымыз халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Бұл спорт елімізде қарқынды дамып жатыр деуге болады. Мысалы 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарында қазақстандық Елбақ Тәштимиров 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстан үшін тарихи болды және дүние жүзіндегі көптеген дзюдо жанкүйерлерінің жүрегін жаулады.Қазақстандық дзюдошылар халықаралық жарыстардың тұрақты қатысушылары және өздерінің бәсекеге қабілеттілігін бірнеше рет дәлелдеген. Олардың көпшілігі әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында жүлделі орындарға ие болды. Олардың қатарында Жәнетт Ханботаева, Александр Якшабаев, Азамат Мурзабеков және басқалары бар. Міне осындай спортшылардың арасынан бізде өз шәкірттерімізді көргіміз келеді. Бұл бағыттағы жетістіктеріміз де жаман емес. Спортшыларымыз әлемдік бәсекелерде биік белестерден көрініп жүр.» – дейді, Батырғали Ернұрдың жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мәди Нәбиев.
Расында Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап халықаралық, құрлықаралық біріншіліктерге, әлем чемпионаттарына, Олимпиада және Азия ойындарына өзіміздің жеке құрамаларды шығаруға мүмкіндік алды. Отандық татами шеберлерінің алғашқы кездесулері көңілге қуаныш ұялататындай болды. 1993 жыл Макаода өткен Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте осы спорт түрінің негізін қалаушы жапондықтарға ғана есе жіберіп, екінші орынды иеленді. Қазақсанда жыл сайын дзюдоға деген қызығушылық артуда. Ересектер жастар және жасөспірімдер арасында ел біріншіліктері өтіп тұрады, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам спортшы қатысып, дзюдоға қызығушылық танытқандардың саны мен сапасының көтерілгенін көрсетеді.