Сызған ауылдық округінде 1 миллиард теңгеге жуық жобалар іске асырылуда

Биыл Сызған және Басбұлақ елді мекендеріндегі су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, тұрғындар орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Қайнар елді мекенінде тұрғындардың сұранысына сәйкес ішкі көшелерге көше жарықшамдары орнатылды. Сонымен қатар, Сызған ауылындағы Қ. Рүстемов көшесі және Қозмолдақ елді мекеніндегі М. Берістемұлы мен Ж. Дәуітбайұлы көшелері де жарықтандырылды. Сызғаннан жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын Қариғаш, Мектеп және Тастақ көшелері орташа жөндеуден өтті. Ауыл тұрғындары үшін заман талабына сай жабдықталған шағын футбол алаңының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылысы келер жылы басталмақ.

Сонымен қатар, КХ-110 «Мардан-Қозмолдақ-Сызған» облыстық автомобиль жолының 0-13,3 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қайнар ауылының ішкі көшелеріндегі электр желілері жаңартылып, жақын арада жұмыстар толық аяқталады. Осылайша, ауылдық округте жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық жобалар іске асырылуда. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Сызған ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік жиында баяндап, атқарылған жұмыстарды кеңінен түсіндірді.

Жиын барысында тұрғындар алдыңғы кездесулерде айтылған өтініштердің аяқсыз қалмай, тиісті жұмыстардың жүргізілгеніне ризашылық білдірді. Аудан басшысына алғыстарын жеткізіп, бірнеше ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімі айтылған мәселелердің әрбірін назарға алып, заң шеңберінде жауаптар берді. Шешім табуға мүмкіндік беретін ұсыныстарды жауапты мамандармен бірлесе талқылап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев ақ батасын беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Есептік жиыннан соң аудан басшысы Қозмолдақ елді мекеніндегі «Балдаурен» бөбекжай-балабақшасында болып, жылу жүйесімен танысты. -«Біздің басты мақсатымыз – балаларымызға сапалы білім мен тәрбие беретін заманауи әрі жайлы орта қалыптастыру. Балабақшадағы мәселелерді шешу үшін бар мүмкіндікті қарастырамыз», – деген аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы балабақша меңгерушісі мен ондағы қызметкерлердің қажеттіліктерін тыңдап, шешуді қажет ететін мәселелер сараланды.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*